Еліміздің оңтүстік бөлігінде орналасқан 4 аймақ – Шымкент қаласы мен Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан табиғи ошақтар болып саналады. Бұған аталған өңірлердің климаттық жағдайларының қолайлы болуы басты себеп.

Аймағымызда биыл 111 елді мекен қолайсыз деп танылды. 9-сәуірде басталған кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының бірінші кезеңі Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында аяқталды, әрі қарай облыстың қалған аудандарында жалғасуда. Кенеге қарсы залалсыздандыру шараларының сапасы мен тиімділігін бақылайтын арнайы жұмыс топтары құрылған. Құрамында жергілікті атқарушы орган өкілдері, зоолог-энтомологтар, эпидемиологтар бар.

Бұдан бөлек, а.ж. наурыз айынан бастап зоопаразитологиялық топпен кене жинау, зерттеу жұмыстары жүрізілуде. Бүгінге дейін 152 038 дана кене жиналды, 1723 сынама зерттеумен қамтылып, 6 сынамадан оң нәтиже анықталды.

Ағымдағы 2025 жыл басынан бері 303 адам кене шағу жағдайымен медициналық көмекке жүгінді. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына 2 күдікті жағдай анықталып, 1 дерек зертханалық жолмен нақтыланды.

Көктем келіп, күн жылына басталысымен кенелердің табиғатқа шығуы белсенді бола бастайды. Тұрғындар арасында, әсіресе, далалық аймақта жұмыс жасайтын, мал шаруашылығы, егін шаруашылығымен айналысатын адамдар үшін кене шағып, ауру жұқтырып алу қаупі арта түседі. Бұл ретте сақтық шараларының қатаң орындалуы аса маңызды.

Облыс тұрғындарын мал шаруашылығымен, ауыл шаруашылығымен айналысқанда арнайы жұмыс киімдерімен, қолғаптармен жұмыс жасауды, табиғат аясына демалысқа шыққанда кенелерден қорғайтын арнайы репеллентерді пайдалануға, мейлінше дененің барлық жерін жауып тұратын, ақ түсті киім киіп, кенелердің болмауына жиі тексеріп тұруды, сақтық шараларын жауапкершілікпен орындауды сұраймыз. Сондай-ақ ауру белгілері анықталған бойда жедел медициналық көмекке жүгінуге кеңес береміз. Себебі дер кезінде ем-шара қабылдаған кезде аса қауіпті аурудан толық сауығып шығуға болатындығын еске саламыз.

Әлия Әбдіқайымова
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!