Қызылорда облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Биылғы 2026 жылға Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан қолайсыз аймақтар ретінде 74 елді мекен облыстың барлық аудандары және Қызылорда қаласы бойынша есепке алынды.

2026 жылдың 9 сәуірінен бастап мамыр-маусым айларында 2 кезеңмен облыс көлемінде кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүрзіледі. Ауылшаруашылығы жануарлары, мал қораларына, суат-шаңлақтарға залалсыздандыру препараттарымен өңдеу жеке кәсіпкерлер – мердігерлер арқылы жүргізілсе, елді мекен айналасында санитариялық қорғаныш аймағын құру «Ұлттық сараптама орталығының» Қызылорда облыстық филиалы мамандарымен жасалады.


Осы ретте тұрғындарға берілетін кеңес:
• өңдеу алдында қыстан жиналған қорадағы қи-көңді тазартып, арнайы белгіленген полигондарға елді мекеннен сыртқы аймаққа шығару қажет. Себебі аурудың табиғаттағы тасымалдаушысы болып табылатын иксодты кенелер қи-көңнің астында қорексіз жылдап тіршілік етіп, қауіп төндіреді. Механикалық тазарту жұмыстары жүргізілмеген аумақтарда зақымданған кенелерді жою мүмкіндігі төмендейді, сәйкесінше дәрілеу жұмыстарының тиімділігі әлсірей түседі.
• қолайсыз аймақ тұрғындары жауапкершілік танытып, залалсыздандыруды жүргізуші мердігерлермен қоралар мен малдардың түгел әрі сапалы дәріленуін қадағалау;
• Кенеге қарсы өңдеу кезеңінде ауылшаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкерлер, тұрғындар санитариялық-ветеринариялық қауіпсіздік шараларын сақтаған жөн.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!