Коллаж: Halyq Uni

Биыл Қазақстанда 5 мәйіт донорынан 19 орган транпслантталды. Алайда елімізде ағза донорлығын күткен 4 мыңнан астам науқас бар, деп хабарлайды Halyq Uni.

Елімізде мәйіт донорлығы 2012 жылдан дами бастаған. 2017 жылы Трансплантация бойынша республикалық  үйлестіру орталығы құрылды. Орталық директоры Айдар Ситқазиновтың айтуынша, 2015-2016 жылдары жыл сайын 80 трансплантация жасалған.

Ол кезде келісім презумпциясы болды. Яғни, адам тірі кезінде ағза мүшесін донорлыққа беру немесе бас тартуға келісім беретін. Сол кездегі заң бойынша марқұмның туыстарымен әңгіме жүргізілетін. 2020 жылы жаңа кодекс қабылданып, соған сәйкес донордың келісімі/бас тартуымен қатар туған-туыстарының келісімін сұрау міндетті. Содан бері міндетті түрде туыстарының келісімін сұраймыз. Егер келіссе, процесс басталады. Ал келіспеген жағдайда транслантация жасалмайды. Сондай-ақ адам тірі кезінде келісім бермесе, донорлық процестің болуы мүмкін емес, – деді ол.

Биыл 7 айда 5 мәйіт донорынан 19 орган трансплантталды. Орталық басшысы мұның барлығы донорлардың туыстарының келісімін алған соң ғана жасалғанын атап өтті.

«Ми өлімі диагнозы қойылған сәттен бастап, ағзаны алып реципиентке салғанға дейін орта есеппен бір тәулік уақыт кетеді. Өйткені донордан алынған әр органнан жарамдылық уақыты бар. Мысалы, жүрек 6 сағаттың ішінде салынуы керек. Бауырды 8 сағат сақтауға болады. Ағзалардың ішінде ең көп бүйрек жұмыс істей алады, 20 сағат термоконтейнерде белгілі температурада сақталады. Ағзаны термоконтейнерде неғұрлым көп сақтасақ, оны басқа адамға салған соң қабылданбауы мүмкін. Ота 4-6 сағат бойы жасалады. Қазір ота өңірлерде жасалып жатыр. Мысалы, Түркістандағы трансплантацияны жергілікті дәрігерлер жасады. Шымкентте жүрек орталығы бар, ол жерде де істеледі. Яғни ағзаны бір өңірден екіншісіне тасымалдау қажеттілігі азайды. Бізде донор жас болса, оның бір бүйрегі міндетті түрде балаға беріледі», – деп қосты Ситқазинов.

Қазір елімізде донорға мұқтаж 4112 науқас бар, оның 103-і бала.

«Тізімдегі науқастардың 3 700-ден астамы бүйрек күтіп отыр. Гемодиализ бүйрек функциясын ұстап, бүйрек істен шыққанда адам өмірін жалғастыруға көмектеседі. Орта есеппен өмірін 5-7 жылға ұзарта алады. Сондықтан бүйрекке мұқтаждар көп. Сондай-ақ 190 ден астам науқас бауыр, 140 науқас жүрекке мұқтаж. Алайда бұл органдарды алмастырып, өмірді ұзартатын аппарат жоқ», – деді дәрігер.

«Кезегін күткен 300 адам қайтыс болады»: Қазақстанда мәйіт донорлығы неге дамымай отыр?

ДОНОРЛЫҚ ТУРАЛЫ МИФТЕР

Елімізде донорлардың келісім презумпциясы мен бас тарту презумпциясы бар. Яғни, адам көзі тірісінде донор болуға келісім береді немесе донор болудан бас тартады. Бұл екі жағдайда да, донордың туыстарына хабар беріліп, олардың келісімі сұралады.

«Келісім берген адамың бәрі донор бола алмайды, ағза тек инсульт алған және миына зақым келіп, ми өлімі болған науқастардан ғана алынады. Қазір «реанимацияға түссе, органдарын алып қояды» деген миф бар. Бұл бар болғаны миф, шындыққа жанаспайды. Медициналық қоғамдастық органын алу үшін адамды өлтіруге жол бермейді. Тіпті, келісім берген адамның бәрі донор болуға жарамайды. Себебі олардың арасында қартайған адамдар болуы мүмкін, организм қартаяды, олар түрлі аурулармен ауырған болуы мүмкін. Органның жарайтын- жарамайтынын тексеруден соң ғана белгілі болады», – деп толықтырды сөзін ол.

Айдар Ситқазиновтың сөзінше, әлеуетті донордың туыстары келісім бермесе, ағза алынбайды. Мәселен, былтыр 49 әлеуетті донордың 40-ында туыстары бас тартса, биыл жарты жылда 37 әлеуетті донордың 35-інде туыстары келісімін бермеген.

Келісімді тек жақын туыстарынан алады, оларға жұбайы-зайыбы, балалары, ата-анасы, ата-әжесі, немерелеріне дейін кіреді. Мысалы, жұбайы келісім беріп, ата-әжесі келіспеген кез болды. Әрине, туған-туыстарына айтып, рұқсатын алу керек. Бірақ донордың да еркіне құлақ асу қажет деп ойлаймын. Егер ол тірісінде «жоқ» десе, жоқ. «Иә» десе, оның шешімін құрметтеу керек. Мәселен, біз мирас қалдырсақ, ешкім оны дауламайды. Бұл жерде адам өз ағзасын қалдырды. Оны неге даулауымыз керек? Мысалы, көзі тірісінде өзі ештеңе айтпаса, маған туысымның ағзасы туралы бірдеңе деп айту қиын. Бұл туыстарын таңдаудың алдында қалдырады. Көпшіліктің «жоқ» деп жауап беретіні содан. Ол өз ағзасы туралы шешім қабылдауды артында қалған туысына қалдырды. Біздің менталитет пен діни сенімді ескерсек, «жоқ» деп айтатыны түсінікті. Қоғам бұған бәрібір келуі керек. Бәлкім тұтас денсаулық сақтау жүйесі реттелген кезде болатын шығар. Бірақ ол күнді күтіп отыра алмаймыз. Бізге даму керек. 4 мыңнан астам науқас тұр. Бір-екі жылда бұл статистика өзгереді, оған тірі донор болып ағзасын беріп жатқандар қосылады, – деді орталық басшысы.

eGov.kz порталында мәйіт донорлығына келісім беру немесе бас тарту туралы формасы бар. Ол электрондық үкімет порталында 2021 жылы іске қосылған. Оған дейін қазақстандықтар донорлыққа қатысты өз еркін емханаларда білдіріп келген. Бүгінге дейін бұл форманы толтырған 97 400 адам бас тартқан, 6 700 келісімін берген.

«Ешкім өлім туралы айтқысы келмейді. Осы мәселеге қатысты екі миф бар, біріншісі бұл туралы айтуға, ойлануға қорқады. Егер келісімін берсе, өзіне өлім шақырады деп қорқады. Екінші миф – егер келіссе немесе бас тартса, әлеуетті донорлардың тізіміне қосылып, ағзасын алып қояды деп қорқады. Біз ол форманы кімнің толтырғанын білмейміз, ондай ақпарат қолымызда жоқ. Сондай-ақ діни-наным сенімге байланысты бас тартатындар бар. Дін өкілдерімен кездесіп, бұны талқылаймыз. Жалпы дін оған қарсы емес. Мәселен, Испанияда католик шіркеуі мәйіттік донорлықтың дамуына бастамашы болды. Мұсылман елдерінен де мысал келтіруге болады. Иран мәйіт донорлығынан көшбасшы болып отыр», – деді Ситқазинов.

КӨЗ ҚАРАШЫҒЫН САЛУ ТОҚТАТЫЛҒАН

Орталық басшысы бір донордан 5 ағзаны – жүрек, бүйрек, өкпе, бауырды алып салуға болатынын айтады. 2020 жылға дейін көз қарашығын қоса алғанда 7 орган салынып келген. Қазір көз қарашығы да өзекті мәселе болып отыр.

Көз қарашығына қатысты мәселе 2017-2018 жылдары пайда болды. Оған дейін Көз аурулары қазақ ғылыми зерттеу институты айналысты. Біздің кодексте жекеменшік нысанындағы ұйымдар трансплантациямен айналысуға болмайды деп жазылған. 2018 бастап бұл институт көз трансплантациясын жасауды қойды. Сол уақыттан бері бұл науқастар қараусыз қалды немесе шетелге барып жасатты, – дейді ол.

Еске салсақ, 2023 жылы «Қазақстан халқына» қоры Америкадан көз қарашығын елге жеткізуге қаржы бөлді. Қордың мәліметінше, 1 500-астам науқас көз қарашығына мұқтаж. Америкалық жекеменшік компания қайырымдылық негізде 300 ағзаны тегін берген. Ұйым оны елге жеткізуді қаржыландырады.

«Қазір «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен елімізде көз қарашығы транспланттала бастады. Былтыр 98, биыл 70 консервіленген көз қарашығы салынды. Бізге бұл бағытты дамыту керек. Жекеменшік ұйымдар ол отаны жасай алмаса, онда офтальмологиялық клиникасы бар мемлекеттік ұйымдар жасау керек, ол үшін тиісті лицензия, қажетті құрал жабдықтарды алуға тиіс. Біздің орталық бұл мәселе туралы бастама көтеріп жүр», – деді ол.

ЕЛДЕГІ АҒЗА ТРАНСПЛАНТАЦИЯСЫНЫҢ 80% ТІРІ ДОНОРДАН АЛЫНЫП ОТЫР

Қазір елдегі ағза алмастыру отасының 80% астамы тірі донордан алынып жатыр. Заң тірі донорлықты тек туыстарына рұқсат етеді. Алайда жалған құжатпен жасауға тырысатындар бар. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл жыл басталғалы адам ағзасын сатуға қатысты 15 қылмыстық іс тіркеліп, оның ішінде 6 дерек бойынша қылмыс жасағандар жауапқа тартылды. Ал қалған 9 іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Қазақстанда жасамаса, шетелге барады. Біз ДДҰ принциптерін негізге аламыз, ағзаны сату сатып алуға тыйым салынады, ол гумандық әрекет болуы керек. Алайда әр елде қайтыс болғаннан кейін ағзасын берген донордың отбасына түрлі қолдау, көмек беру тәжірибесі бар. Мысалы, Америкада арзан несие, Испанияда «құрметті донор» атағы бар. Осыған орай біз де донорлардың туыстарына материалдық емес қолдау көрсету мәселесін көтере бастадық. Еңбек министрлігіне донордың жерлеуіне көмек көрсету туралы ұсыныс айттық. Дәл қазір донордың туыстарына ешқандай көмек, қолдау немесе қаржылай қолдау көрсетілмейді, – деді спикер.

Орталық басшысы орта есеппен жыл сайын кезегін күткендердің арасында 300 науқас қайтыс болатынын айтты. Бұл проблеманы мәйіт донорлығын дамыту арқылы ғана шешуге болады деген пікірде.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!