Пандемиямен күрескен бір жылда біз не түсіндік?
Біріншіден, дәрігерлердің, мұғалімдердің қадірін білдік. Дәрігерлеріміз күні-түні еңбек етіп, өз өмірін қатерге тікті. Дәрігерлерімізге қанша алғыс айтсақ та жарасары анық. Екіншіден, ардақты мұғалімдердің бағасын білдік. Қоғамдағы ұстаздың орнын Covid түсіндірді. Онлайн оқу кезінде әрбір ата-ана баласына мұғалім болып көріп, бұл мамандықтың қандай қиын екенін білді. Экранның арғы бетінен оқушыға білім берген мұғалімнің осы бір жылдағы ерен еңбегін атап өтпеу мүмкін емес.
Бұл пандемия еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін өзіндік қиындықтарымен әсер етті. Балалар сабағына, үлкен кісілер денсаулығына бас ауыртып әлек. Интернеттің әлсіздігінен кейбір ауыл аймақтарда балалар сабақтарына қатыса алмай қиындық туды. Балалар сауаттылығы әлемдік рейтингісінде қазақстандық оқушылар 73-орынға тұрақтады. Оған не себеп? Кім кінәлі? Қазақстанда интернет бар, бірақ оның сапасы неге төмен? Қарапайып халықтың бас қатырған сұрағы осы болды.
Вирустан әр ел әртүрлі қорғанды. Көршілес шетелдер вакцина дайындауға бас қатырса, ал біздің елде дәрінің, масканың бағасы қымбаттады. Тіпті қымбат бағасына болса да сатып алуға дәрі таба алмағанымыз есімде.
Бір ғана вирус қазақты тойсыз, қуанышсыз қалдырады деп, бір ғана вирус төтенше жағдай кезінде 42 500 теңгеге қаратып қояды деп, бір ғана вирус бүкіл әлемді құлдыратады деп кім ойлаған?!
Диас ҚОЙШЫБАЙ,
Б.Момынбаев атындағы №278 IT мектеп-лицейдің
11 сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!