фото: gov.kz
Қалада иесіз жүрген ит пен мысық санының көбеюі – құтыру ауруының таралу қаупін арттырады. Осындай жануарлар көктем айларында агрессивті болып, адамға шабуыл жасауы мүмкін. Құтырған жануар адамды тістеп, тырнап немесе сілекейі арқылы жұқтырады. Ауру қоздырғышы – РНҚ құрамды рабдовирус – орталық жүйке жүйесін зақымдап, көбіне өліммен аяқталады.
Құтыру қалай жұғады?
– Құтырған жануардың тістеуі, тырнауы немесе сілекейі арқылы;
– Жабайы аңдармен байланыста болған иттер мен мысықтар арқылы;
– Вирус жұққан жануармен тікелей жанасукезінде.
Құтырудың адамдағы белгілері:
• Ауру 1-3 күн ішінде үрей, қорқыныш, әлсіздік, бас ауруы, жоғары дене қызуымен басталады;
• Ұйқысыздық, түс көру, мазасыздық;
• Су мен жарықтан қорқу (гидрофобия, фотофобия), ауа қозғалысынан шошу(аэрофобия);
• Жұтыну қиындығы, сілекей ағу, қатты тершеңдік;
• Галлюцинациялар, сандырақтау;
• Ауру тыныс алу мен жүрек тоқтауымен аяқталуы мүмкін.
Алдын алу шаралары:
• Жарақат алған жағдайда дереу медициналық мекемеге жүгініп, құтыруға қарсы вакцина (антирабикалық егулер) алу қажет;
• Жараны сабынды сумен мұқият жуып, йодпенөңдеу ұсынылады;
• Вакцинация курсы толық аяқталуы тиіс, ал осы кезеңде ішімдік ішуден, ауыр дене еңбегінен және суықтаудан аулақ болу керек;
• Ит, мысық сияқты үй жануарларын ветеринариялық тексерістен өткізіп, уақтылы вакцинациялау – аурудың алдын алудың сенімді жолы.
Егер адамды тістеген жануар тірі болса – ол 10 күн бойы ветеринарлық бақылауда болуы тиіс. Солуақытта адамға 3 мәрте вакцина тағайындалады. Ал егер жануар жоғалса не өлсе – 5 мәрте вакцина салынады.
Балаларды үй жануарларынан аулақ ұстап, күдікті жағдайда дереу мамандарға хабарласыңыз. Ауру жануарды өлтірмей, байлап ұстаған жөн – бұл диагностика үшін маңызды.
Есіңізде болсын! Сіздің денсаулығыңыз – өз қолыңызда. Құтыруға қарсы екпе – тегін!
Гүлнәз КАДИРОВА,
Облыстық жұқпалы аурулар
ауруханасы балалар жұқпалы
аурулар – 2 бөлімінің аға мейіргері
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!