Сыр медицинасындағы жақсы жаңалықтың бірі Арал қаласында «Қамқорлық» оңалту орталығының ашылуы болды.

Жаңа орталық жыл сайын Арал қаласы мен жақын маңдағы ауылдық елді мекендерден 600-ге жуық баланы қабылдауға мүмкіндік береді, оларға 21 күндік тегін оңалту курсын ұсынады. Орталық Арал көпбейінді орталық аудандық аурухана базасында ашылды.

Медициналық нысанда қандай қызметтер көрсетіледі, қандай мамандармен қамтылған? Мұны білмек үшін бөлім меңгерушісі Мөлдір Жолмырзаеваға хабарластық.

– Жылдан жылға республикалық деңгейдегі оңалту орталықтарында ем алғысы келетін балалардың саны артып келеді. Осы тұрғыда «Қазақстан халқына» қорымен қаржыландырылатын мүгедек балаларға арналған оңалту орталықтарының санын көбейту шеңберінде Арал ауданында жылына 600 балаға арналған 20 төсек-орындық ауданаралық балаларды оңалту орталығы ашылды.

Орталықта 2-3 кезеңнен тұратын оңалту шаралары жүргізіледі. Қажетті мамандарды даярлау Астана қаласындағы Ұлттық балаларды оңалту орталығында, «Жаңақорған көпбейінді орталық аудандық ауруханасы» ШЖҚ МКК базасында «Қамқорлық» оңалту орталығында жүргізілді. Осы кезге дейін реабилитолог, дефектолог, логопед, эроготерапаевт, механотерапевт, психолог және 10 емдеу-шынықтыру нұсқаушысы кәсіби біліктілігін жетілдірді, – деді Мөлдір Жолмырзаева.

Бүгінде орталықта 17 қызметкер еңбек етеді. Мұнда әрбір балаға жеке тәсіл негізінде аурудың ерекшеліктерін ескере отырып, оңалтудың жеке бағдарламасы әзірленеді. Қалпына келтіру процесінде қозғалыс дағдыларын дамытуға арналған заманауи технологиялар мен арнайы техникалық құралдар, тренажерлар, медициналық аппараттар және аппараттық бағдарламалық кешендер пайдаланылады.

Көпті қуантқан "Қамқорлық" орталығы

«Қамқорлық» оңалту орталығында бірнеше бағыт бойынша медициналық оңалту шаралары жүргізіледі. Атап айтсақ, церебральды сал ауруы және тірек-қимыл аппараты бұзылыстары кезінде жүріп-тұру және қимыл-қозғалыс функцияларын қалпына келтіру, травматологиялық, неврологиялық, нейрохирургиялық және кардиохирургиялық аурулардан кейінгі оңалту терапиясы өткізіледі.

Сондай-ақ мұнда пациенттердің денсаулығын жақсартуға бағытталған арнайы бөлмелер жабдықталған.

Шунгит және тұзды бөлме – тыныс алу жолдарын жақсартуға және иммундық жүйені нығайтуға арналған.

Интерактивті және сенсорлық бөлме когнитивтік және эмоционалдық дамуға ықпал ету үшін арнайы жабдықталған.

Бальнеотерапия бөлмелерінде су арқылы емдеу қызметтері ұсынылады.

Емдік дене шынықтыру (ЛФК) бөлмелері физикалық белсенділікті қалпына келтіру және дамытуға арналған.

Эрготерапия бөлмесі күнделікті өмір дағдыларын дамыту мен қол маторикасын жақсартуға бағытталған.

Физиотерапия бөлмесі әртүрлі физиотерапиялық процедуралар өткізуге арналған.

Ал механотерапия бөлмесінде арнайы құралдар арқылы қимыл-қозғалыс белсенділігін қалпына келтіру жүргізіледі.

Логопед және дефектолог бөлмелерінде сөйлеу қабілетін дамыту және түзету бойынша мамандандырылған қызметтер көрсетіледі.

Айта кету керек, бұған дейін қордың қолдауымен Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылған еді.

Айдана ЖҰМАДИНОВА

Көпті қуантқан "Қамқорлық" орталығы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!