Айналаны ақпарат қоршаған қоғамда бәрін үздіксіз қабылдай беретін көзге де жүктеме көбейді. Әсіресе онлайн оқу басталғалы бері оқушылардың бар уақыты компьютер мен мобильді құрылғының алдында өтіп жатыр. Жыл өткен сайын жанар өткірлігі кемитінін ескерсек, нұрдың ұясы саналатын көзді сыртқы факторлар әсерінен қалай қорғаған дұрыс? Осы сұрақ төңірегіндегі маңызды тақырыпты сала мамандарымен бірге талқыладық.Минус рефракция 40 жасқа дейін өсуі мүмкін.
Әдетте ата-аналар балада кездесетін көз ауруына ұялы телефон мен оқулықты себеп етіп, салдарын ұзақ уақытқа дейін түсінбей жүреді. Алайда мамандар көз ауруына мұнан өзге де бірнеше фактор әсер ететінін айтады. Мысалы, тұқым қуалаушылық, түрлі жарақат және соматикалық аурулардың салдарынан болатын көз аурулары, қант диабетінен кейінгі асқынулар, диабеттік ретинопатия, диабеттік ангиопатия да баланың көру қабілетін нашарлатады.‒ Бас ішілік қысымның жоғарылауынан пайда болатын асқыну, гипертензионды типтегі ангиопатия, көру жүйкесінің ісінуі көз түбіндегі өзгерістерге әкеледі. Бас ауруының көзге қалай әсер ететінін осыдан-ақ байқауға болады. Сонымен қатар зоб тәрізді эндокринді аурудың асқынуы, бүйрек аурулары да көзге кері ықпал етеді. Ал колобома, катаракта, микрофтальм балада туа бітті пайда болады. Шала туған нәрестелерде туа бітті миопия, гиперметропия, аралас астигматизм, глаукома жиі кездеседі.Көздің алыстан көрмеуі медицинада миопия деп аталады және бұл балалар арасында өте жиі кездеседі. Миопия балаға ата-анасынан тұқым қуалаушылық жолмен беріледі немесе баланың көзі соған бейім болып туылады. Уақыт өте келе көзге дұрыс күтім жасалмаса миопия дамиды және баланың жасы өскен сайын артып отырады. Мұндай минус рефракция 40 жасқа дейін өсуі мүмкін. Сондай-ақ көздің алыстан көрмеуі баланың иммундық жүйесіне және соматикалық денсаулық жағдайына да тікелей байланысты болады, ‒ дейді облыстық балалар ауруханасының дәрігері Айжан Бақбергенова.
Маманның айтуынша, бала дүниеге келген сәттен бастап 5-7 жасқа дейін +1,0, +2,0 диоптрии қалыпты болады. Кейін ол рефракция қалыпты сау адамның көз рефракциясына айналады немесе миопияға ұласады. Кейде гиперметропияға ауысуы не болмаса аралас +, ‒ рефракция бірге жүруі де мүмкін екен.‒ Өкінішке қарай, ата-аналар баласының көзі көрмейтінін немесе нашар көретінін кеш біліп жатады. Бала көзінің нашар көретінін айта алмайды, болмаса бір көзі нашар көрсе де, екінші көзі жақсы көрген соң мән бермей жүре береді. Мұның бәрі баланы балабақшаға немесе мектепке дайындау кезінде медициналық тексеру кезінде анықталады. Оны ата-анасы да сол кезде біліп жатады.Көздің алыстан немесе жақыннан көрмеуін көзілдіріксіз емдеу мүмкін деп айта алмаймын. Кейде көзәйнекті киіп жүрсе де, баланың жасы өскен сайын көз өлшемі мен рефракциясы ұлғаюы мүмкін. Мұндай жағдайда көзілдірікті үнемі тағу қажет. Себебі балаларға рефракциялық операция тек 18-20 жастан кейін жасалады. Сол үшін көзге арналған дәрумендерді жиі қолданып, көз күтіміне арналған жаттығулар жасаған дұрыс. Баланың телефон, планшет сынды техникаларды пайдалану уақытын қадағалап, 40 минут сайын жаттығу жасауды әдетке айналдыру керек, ‒ дейді офтальмолог маман.Айта кетейік, маманмен тілдесу барысында қала бойынша балалардың көз дәрігері саусақпен санарлық екенін байқадық. Бұл жайында Айжан Жұпарқызынан сұрағанымызда, себебін офтальмолог дәрігер болу өте қиын және жауапкершілігі жоғары мамандық деп түсіндірді.
Лазерлік операция 21 жастан бастап жасалады.
№3 қалалық емхананың офтальмолог дәрігері Мәлике-Маран Исламбекқызының айтуынша, айналадағы ақпараттың 90 пайызы көз арқылы қабылданатын болған соң, көз бұлшықеттеріне көп күш түседі. Ағзадағы басқа бұлшықеттермен салыстырғанда бұл салмақ бірнеше есе көп, сондықтан көз ауруларына осы фактор едәуір әсер етеді. Ұзақ уақыт компьютер алдында жұмыс жасау, телефонға қарау көздің шаршауына себеп болатыны белгілі. Әсіресе ұзақ уақыт компьютер алдында жұмыс атқаратын адамдардың көзді сирек жұматыны анықталған. Бұл жағдай жас қабығының қызметін нашарлатып, қасаң қабықтың құрғауына әкеледі. Осыдан соң көз қызарып, жасаурап ауыра бастайды. Кеңседегі қызметкерлер үшін таныс әрі қалыпты осы жағдай бас ауруына да себеп болады екен. Сол үшін көз дәрігері қызмет барысында бөлменің жарық болуына мән беру керегін айтады.
‒ Кейбір адамдарда бас ауруымен бірге көз ауруы қатар жүруі мүмкін. Мұндай жағдайда сабыр сақтап, қорықпаған абзал. Себебі бас терісінің сезімталдығын қамтамасыз ететін үшкіл жүйке жоғары қабақтығы жас безін, қасаң қабақты, көздің шырышты қабатын, мұрын, маңдай қуысын және мидың кейбір қабығының сезімталдығына жауап береді. Осы үшкіл жүйке зақымдалған кезде мигрень, шүйде жүйкесінің неврологиясы, трохлеит, көз алмасының ауруы пайда болады. Сондықтан бас ауруы кезінде офтальматологтың пікірімен қоса невропотологтың кеңесіне де жүгінген дұрыс.Көз үшін қант диабеті, артериалды гипертензия ауруы аса қауіпті есептеледі. Негізі кез келген ауру көзге офтальмологиялық әсер береді. Тіпті суық тиюдің өзі көзге айтарлықтай зиян тигізеді. Тісте ұзақ уақыт қалыптасқан инфекция да көзге кері ықпал етуі мүмкін. Сондықтан стомотологқа да жиі қаралған жөн. Сондай-ақ күйзеліс, жүйкенің жұқаруы барлық ағзаға, соның ішінде көзге де кері әсер етеді. Мұндай сәтте көз алды тұманданып, жиі жыпылықтайды, тез шаршайды, көзге ұсақ дүние түскен тәрізді сезім пайда болады.
Тұқымқуалаушылық факторы да көзге елеулі ықпал етеді. Ата-әжесіндегі немесе ата-анасындағы көз ауруы балаға да берілуі мүмкін. Сондықтан миопия, глоукома, жақыннан көрмеушілік, астигматизм, кератоеонус, әртүрлі жүйелік және синдромды аурулардың тұқым қуалау факторын анықтау үшін жылына екі рет дәрігерге қаралу қажет. Әсіресе қырық жастан асқан соң көзішілік қысымды, тор қабатын жиі тексерткен дұрыс. Өте жоғары температура, ылғалды немесе құрғақ булау процесі де көздің қан айналымын өзгертіп, көз тамырларын кеңейтіп, қызартады. Сондықтан ыстық суға түсу глоукома, артер кинербензиясы бар адамдар үшін өте қауіпті, ‒ дейді М.Исламбекқызы.
Көз жанарын сақтау үшін компьютер экранынан 50-70 см арақашықтықты сақтап, жұмыс арасында көз жаттығуларын жасау қажет екенін көпшілік білгенмен, қаперге алмайтыны рас. Соның салдарынан көру қабілеті уақыт өткен сайын нашарлай түседі. Қазір бұл қиындықтан құтылу үшін көзге лазерлік коррекция жасатуға сұраныс артып келеді. Бұл технология елімізде алғаш рет 2005 жылы енгізілген.‒ Лазерлік коррекция ‒ алыстан көрмеушілік, астигматизм, жақыннан көрмеушілік кезінде жасалатын қауіпсіз ем түрі. Оны жасау кезінде қасаң қабықтың формасы өзгереді. Қасаң қабық көздегі қантамыры жоқ жарық сәулесінің 80 пайызын өткізетін физиологиялық ағза болып табылады. Науқас операция алдында міндетті түрде толық тексеруден өтеді.Лазерлік операциядан кейін көз толыққанды көру үшін минус рефракцияның өспеуіне сенімді болу керек. Ол үшін үнемі дәрігер қадағалау қажет. Айта кетейін, жасөсіпірімдерге және аяғы ауыр әйелдерге лазерлік коррекция жасалмайды. Көз өлшемі жиі өзгеретіндіктен, лазерлік операция тек 21 жастан асқан адамдарға қолданылады, ‒ дейді офтальмолог маман.
P.S. Атақты психолог Луиза Хей көз ауруының себебін келесідей түсіндіреді: егер ересек адамның көзі нашар көрсе, оның санасында бала күннен әлденені көруге деген қорқыныш қалыптасқан. Сондай-ақ психологияда адамның жиі қолданатын сөздері оның ішкі ағзасындағы аурудан хабар беретін көрінеді. Айталық, «көруге қорқынышты, көзге түрткісіз қараңғы» деген тіркесті көп қолданатын адамда көз ауру болуы ғажап емес дейді психолог мамандар. Осыдан қарап-ақ көз ауруының себебін жан-жақты қарастырған дұрыс тәрізді…
Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!