Қызылорда облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының табиғи ошағында орналасқан. Жыл басынан Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен санитариялық-профилактикалық, дайындық шаралары белсенді түрде жүргізілуде. Облыс әкімдігінің 2026 жылғы 13 ақпандағы «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі іс шараларды бекіту туралы» №25 Қаулысы бекітілді. Қаулыға сәйкес облыста кенеге қарсы өңделуге тиісті 74 елді мекеннің тізімі есепке алынды. Қолайсыз елді мекендер облыстың барлық аудандары және Қызылорда қаласы бойынша анықталды. Атап айтқанда, Арал ауданында-20, Қазалы ауданында-7, Қармақшы ауданында-3, Жалағаш ауданында -3, Сырдария ауданында-5, Шиелі ауданында-15, Жанақорған ауданында-17, Қызылорда қаласында-4 елді мекен.
Көктемгі кенеге қарсы өңдеу жұмыстары 2026 жылдың 30 наурызынан оңтүстік аймақтар – Шиелі, Жанақорған аудандарынан бастап облыс көлемінде жүргізу жоспарланды. Өңдеу жұмыстары ауылшаруашылығы жануарлары, мал қоралары, суат-шаңлақтарға мердігерлер тарапынан жүргізілсе, елді мекен айналсындағы санитариялық қорғаныш аймағын құру жұмыстары «Ұлттық сараптама орталығының» Қызылорда облысы бойынша филиалы мамандарынан жасақталған арнайы бригадаларымен жүзеге асырылады.
Бүгінгі күні облыстағы көктемгі эпидемиологиялық маусым алдында аумақтың эндемиялығын зерделеу, қоздырғыштың айналымын бақылау мақсатында арнайы жылжымалы зоологиялық-паразитологиялық топ жасақталып, зертханалық зерттеуге кене жинауда. 2026 жылдың алғашқы 2 айында облыста жүргізіліп жатқан барлау жұмыстары барысында 825 кене жиналса, оның ішінде табиғаттан-615, жануарлардан-30, елді мекен аумағынан-180 жиналып, зерттелуде. 2026 жыл басынан бері облыста кене шағу жағдайымен 7 адам медициналық көмекке жүгініп, 14 күнге медициналық бақылауға алынды. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы тіркелген жоқ.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті эпидемиологиялық маусым алдында тұрғындарға ауа-райының жылынуына байланысты табиғатқа демалысқа шыққанда, егіндік, мал шаруашылығы, балық аулау т.б далалық жағдайда еңбекпен шұғылданғанда төмендегі кенеден сақтану шараларын ұсынады:
- табиғатқа шыққанда ауылшаруашылық малдарына, үй жануарларына (мал қырқымы, сиыр сауу, т.б.) күтім жасағанда мейлінше ақшыл түсті, жабық киім кию, шалбардың балағын етік ішіне немесе шұлық ішіне салып, жеңді түймелеп, кене кірмеу жағдайын жасау;
- мал қырқымы, мал сою кезінде қорғаныс киімдерімен жұмыс жасау, ұзын резеңке қолғап, алдына резеңке алжапқыш (кененің қаны киімге жұқпас үшін) және ұзын қоныш етік кию (кене балақтан кірмес үшін);
- кенелердің жабысуын болдырмауға арналған түрлі жақпа майлар, аэрозольдер түріндегі үркіткіш заттар (репелленттер) пайдалану;
- егер сіз КҚГҚ-нан қолайсыз елді мекен тұрғыны болсаңыз, жоспарлы кенеге қарсы өңдеу жұмыстарының сапалы жүргізілуіне атсалысып, жеке иелігіңіздегі мал қора, мал бастарының толық залалсыздандырудан өтуін қадағалау маңызды екенін ұмытпаңыз.
Г. Сыздыкова, Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!