COVID-19 ахуалы қайта өршіді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, біздің елдегі қазіргі жағдай мәз емес.  13 шілде күнгі көрсеткіш бойынша елімізде 4375 адам коронавирус жұқтырған. Нұр-Сұлтан қаласында 1128, Алматыда 640, Шымкент қаласында 342, Қызылордада 70. Жаңадан дерттің 56 ошағы тіркелген.  14 жағдайда вирус қарым-қатынас арқылы тараған.

Дер кезінде емделіп жатқан­дар бар.  Дегенмен сақтық жасап, екпе салдыру­ға салғырт қарап жүргендер де жетерлік. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бас директоры Тедрос Гебрейесус бай елдерді вак­цинаны кедей елдермен бөлісуге шақырды: “Еуро­палық Одақ елдері вакцинацияны жеделдету үшін бәрін жасауы керек. 10 аптадан бері азайған өлім көрсеткіші қайта өсуде. Бізге әлемнің барлық қаласынан ауруханалардың қайтадан толып жатқаны туралы хабар түсуде. Вирустың Delta нұсқасы жұқтыру жағдайы мен өлім санының өршуіне әкелуде. Delta штамы қазіргі кезде әлемнің 104 елінде анықталған”, − деді ол.

Аймағымыздағы мамандар коронавирус ин­фек­ция­сын жеңу үшін вакциналаудың қажет еке­нін айтады.

 «Вакцина тиімділігі 50 пайыз болса да, адам өз өмірін сақтап қалудан бас тартпауы керек. Екпенің көмегімен ауыр асқынулардың, мүгедек­тікке ұшыраудың, тіпті өлімнің алдын алуға бола­ды. Халықты толық вакциналау нәтижесінде «ұжым­дық иммунитет» қалыптасады, ауруды тасы­малдау деңгейі төмендейді. Егер ұжымдық имму­нитет қалыптастыру үшін жаппай вакцина салдырсақ, әрқайсымыздың Covid-19 панде­миясын тоқтатуға үлес қосқанымыз болар еді. Сонымен қатар алдын алу шараларын да ұмыт­паған дұрыс: маска кию, арақашықтықты сақтау, адам көп жиналатын орындарға бармау немесе мүмкіндігінше шектеу, жеке гигиена шараларын, жөтел этикетін сақтау өте өзекті», − деді облыстық санитариялық-эпиде­миологиялық бақылау де­пар­таменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Бүгінгі күні облыста 3579 адам екпе салдырған. 795 мыңнан аса тұрғыны бар аймағымыз үшін бұл − аз көрсеткіш.

Гүлбану МАҚАЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!