«Саулық – сақтықта».
Бірнеше
жыл бойы дүниежүзін
әуреге салған Covid-
19-дың қаупі әлі сейілген жоқ. Содан болар осы ұстаным әлі күнге маңызды. Одан бөлек қазір әлем жұрты коронавирустың жаңа штамы «Омикронмен» күресуде.
Мамандардың айтуынша, коронавирусқа қарағанда індеттің бұл түрі аса қауіпті болмағанмен көз ілеспес шапшаңдықпен таралуда. Жалпы әлсіздік, тамақтың ашуы, дене қызуының көтерілуі, дененің қақсап ауыруы мен құрғақ жөтел омикронның негізгі сипмтомдары, бірақ бұл вирус науқасты иіс пен дәм сезуден қалдырмайды. Бұл туралы дәрігер Арайлым Сайлыбай отандық басылымға берген сұхбатында келесідей ақпаратпен бөліскен:
‒ Омикрон штамының контагёзділігі жоғары. Контагёздік дегеніміз ‒ инфекцияның адамнан адамға жұғу қасиеті, яғни омикрон штамының дельта штамға қарағанда жұқпалылығы 7 есе жоғары. Инкубациялық кезеңі басқа штамдарға қарағанда аз уақытты құрайды, орта есеппен 2-5 күн аралығы, ‒ дейді дәрігер.
Осы кезге дейінгі белгілі болған ақпараттарға сүйенсек, вирустың жаңа түрінің шығу «тарихы» келесідей. Оңтүстік Африка республикасының Инновациялар және эпидемиямен күрес орталығының ғалымдары жеке зертханалармен бірлесе қараша айында алынған сынамадан SARS-CoV-2 жаңа нұсқасын анықтап, 24 қарашада ОАР үкіметі бұл туралы ресми түрде хабарлады. Жаңа штамның техникалық атауы – «B.1.1.529». Алғаш анықталған үлгілерді GISAID базасына жүктегенде ұқсас вирус Оңтүстік Африкадан келген Гонконгтегі науқастан табылған. Оның құрамында алпыстан астам мутация болған, оның 32-сі – S ақуызда орналасқан. Басқа нұсқаларға қарағанда мутация көп болған соң омикронның тез таралуынан қауіп жоғары. Себебі соның әсерінен оның жұқпалылығы мен антиденелерге қарсыласу қабілеті жоғары болуы мүмкін. Мамандардың мәліметінше, көбіне вирус 20-30 жас аралығындағы азаматтарға жұғады. Одан бөлек осы штаммен ауырып шыққан азаматтарға қайта жұғу қаупі бар.
Осындай сын сәтте халықтың дәрігер көмегіне жиі жүгінуі қалыпты жағдай. Ал дәрігерлердің басты айтар кеңесі, аурудың алдын алу үшін дұрыс тамақтану, жеке бас гигиенасын сақтау және екпе салдыру қажет. Мүмкіндігінше көпшілік орындарға бара бермеген дұрыс, әйтсе де қоғамдық ортада қызмет ететін мамандар барынша маскалық режимді сақтап, қолды жиі антисептикпен дезинфекциялағаны жөн. «Омикронның» белгілері тұмауға ұқсас, сондықтан бұл вирус кезінде де сұйықтықты жиі ішкен абзал. Егер науқастың температурасы жоғарылап, ауру белгілері білінсе алдымен қызуды түсіру қажет. Мұндай сәтте барынша адамдардан оқшауланып, мүмкіндік болса жатып демалғаны дұрыс дейді дәрігерлер.Бұрын коронавируспен ауырсаңыз, омикрон жұқпайды деген сөз емес. Сондықтан мамандар бойыңыздан ауру белгілері байқалса дереу дәрігерге қаралуды ескертеді.
Тағы бір ескеретін жайт, қазір вирустың өршуіне байланысты елде жедел жәрдем шақырушылар көбейген. Бұл туралы ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова келесідей мәлімдеме жасады.
‒ Бүгінде бізде 3 мыңға жуық мобильді топ бар. Омикронның таралуына байланысты алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының жүктемесі артты. Жағдайға сәйкес, олардың жұмыс жоспары қайта қаралып, колл-орталықтар тәулік бойы қызмет етуде. Алдағы уақытта жүктеме артатын болса, 1600 қосымша мобильді бригада резервте тұр, ‒ дейді ол.
Облыстағы ахуалға ойыссақ. Өңірде санитарлық эпидемиологиялық ахуал біршама тұрақталды десек те, өңір әлі де «қызыл аймақта». Сондықтан сақтық шараларына салғырт қарауға ерте.Індет таралғалы бері коронавирус инфекциясымен 23 019 науқас тіркелген. Облыс бойынша инфекциялық стационарда 368 науқас, реанимациялық төсек-орында 23 науқас ем қабылдауда. Бұл туралы облыстағы эпидемиологиялық жағдайды баяндаған баспасөз брифингінде айтылды.
‒ Өздеріңізге белгілі, індетті ауыздықтар бір ғана жол бар, ол – вакцинация. Қызылорда облысы бойынша вакцинациялау жұмыстары өткен жылдың ақпан айында басталды. Қазір облыс азаматтарын вакцинациялау жұмыстары жалғасын табуда.
Бүгінгі таңда аймақтағы КВИ-ға қарсы иммундау науқанына 106 екпе кабинеті, оның ішінде аудандарда 91 кабинет тартылған. Бұдан басқа шалғайдағы ауылдық аудандарда, ұйымдасқан ұжымдарда, адамдар көп жиналатын жерлер (ірі сауда ойын-сауық орталықтары, базарлар және басқалары) КВИ-ға қарсы вакцинациялау жүргізу үшін оқытылған медициналық персоналмен және арнайы тоңазытқыш жабдығымен жасақталған. Облыста вакцинацияның 1 компонентімен егілгендер саны – 419 057, халықтың қамтылуы 92,6 пайызды құрады. Екінші компонентпен – 397 170 адам (87,8 пайыз), “Пфайзер” вакцинасымен 22 333 адам қамтылды, ‒ деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Мырзагелдіұлы.
Айта кетейік, бүгінге дейін 39 537 адам ревакцинациядан өткен. Соның ішінде 1265 тұрғын «Пфайзер» вакцинасымен қайта егілген. Соңғы мәліметтерге қарағанда ДСМ бөлінісіне сәйкес, 8000 доза «Спутник лайт» вакцинасы жеткізілген. Қазір облыс бойынша 20 медициналық мекемеде (соның ішінде қала бойынша ‒ 11, аудан бойынша ‒ 9 медициналық мекеме) коронавирус инфекциясына қарсы егу жұмыстары сағат 09.00-18.00 аралығында үзіліссіз жүргізілуде.ҚР және аймақтың Бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы бойынша оқу форматында да өзгеріс бар. Енді вакцина қабылдаған студенттердің колледж қабырғасында отырып білім алуына рұқсат. 24 қаңтардан бастап аймағымыздағы 30 колледждегі 19 692 студент үшін академиялық күнтізбеге қарай екінші семестр басталды. Бұдан бөлек, аймақтағы 322 мектептің қалалық елді мекендерде орналасқан 50 мектебіндегі 3-11 сыныптардағы 55 365 оқушы немесе 31%-ы онлайн форматта, қалған 272 мектептегі 1-11 сыныптар аралығындағы 121 406 оқушы немесе 69%-ы оқуын дәстүрлі форматта оқып жатыр.
Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!