Қоңыр салқын лебімен күз де келіп жетті. Таңертең күн ашық болса, кешке жаңбыр себелей салуы ықтимал. Бірде жылы, бірде салқын ауа-райының тұрғындар денсаулығына да әсер ететіні рас.
Несін жасырамыз, ел арасында «коронавирус қайта өршіп, карантин болуы ықтимал» деген әңгіме бар. Бұл ақпаратқа денсаулық сақтау саласының мамандары не дейді?
ЭПИДАХУАЛ ТҰРАҚТЫ
Сала мамандарының айтуынша, аймақта коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық ахуалы тұрақты. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова тұмау, жоғары тыныс алу жолдары инфекциялары, коронавирус инфекцияларының эпидемиологиялық ахуалына тоқталды.
– Аталған инфекциялар бойынша облыста эпидемиологиялық ахуал тұрақты деуге болады. Дегенмен қазір эпидмаусым. Сондықтан мұндай инфекциялық аурулар тұрғындар арасында тіркеледі.
Биыл 16 тамызда ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер міндетін атқарушының №7 Қаулысы қабылданды. Онда коронавируске қоса ЖРВИ, тұмау бойынша 2024-2025 жылдардағы эпидемиялық маусым кезеңінде профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізу көзделген. Осыған орай емдеу мекемелерінде алдын алу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Жыл басынан бері жедел респираторлы вирустық инфекциялардың 77 мыңнан астамы белгілі болса, оның ішінде тұмаудың 78 жағдайы лобороториялық түрде анықталған. Былтыр осы мерзімде тұмаудың 68 жағдайы тіркелген болатын.
Сонымен қатар қаңтар-мамыр аралығында аймақта 76 адамнан COVID-19 жұқтыру дерегі анықталса, мамыр айынан бастап тамызға дейін коронавируске шалдығудың бірде-бір дерегі жоқ. Тамыз айында 3 дерек тіркелді. Көрсеткіш өткен жылмен бірдей деуге болады, – деді де партамент басшысының орынбасары.
Ақпараттар легінен байқағанымыздай, өзге елдерде бұл аурулардың бас көтеруі байқалуда. Осыған орай елімізде де алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр.
Бүгінде коронавирустың белгілері туралы білмейтін адам кемде-кем десек болады. Дегенмен уикипедиялық мәліметке де назар салуды жөн көрдік.
Коронавирустық инфекция COVID-19 – SARS CoV2 (2019nCoV) коронавирусымен қоздырылатын ауыр респираторлық инфекция. Жіті респираторлық вирустық инфекцияның жеңіл де, ауыр түрде де өту қаупі бар. Оның ерекше асқынулары вирустық пневмония, жіті респираторлық дистресссиндромға, тіпті өлімге әкеп соқтыруы мүмкін. Аурудың ең көп тараған белгілеріне дене қызуы, шаршағыштық және құрғақ жөтел жатады.
Фейк ақпараттан абай болыңыз
Журналистермен жүздесуде сала маманы «Бүгінде көпшілік арасында вирусты қолдан таратып жатыр» деген алып-қашпа сөздің жалған екенін жеткізді.
Бұған дейін «Қазақпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі де ДСМ санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитеті ел ара сында тараған алыпқашпа сөзді жоққа шығарғанын хабарлаған болатын.
«Мессенжерлерде инфекциялық ауру ханалар COVID-19 жұқтырған пациенттерге толып кеткені жайлы хабар тарады. Комитеттің мәліметінше, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. 2024 жылдың басынан бері елде 1356 адам коронавирусқа шалдыққан. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттану 8 есе төмен» деп хабарланды.
Вакциналау нәтижесінде кейінгі жылдары коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі азайған. ДДСҰ-ның нұсқаулығы бойынша да екпе жұмыстарын жүргізудің маңызы жоғары. Бұған мына көрсеткіштер де дәлел болса керек. 2020 жылы аймақта коронавирус инфекциясының 3392 жағдайы тіркелген. 2021 жылы – 16042, 2022 жылы – 6515, 2023 жылы – 1682, ал биыл осы уақытқа дейін 79 жағдай анықталған. Байқағаныңыздай жыл сайын вирус жұқтыру саны төмендеген.
Департамент басшысының орынбасары Әлия Әбдімүтәліпқызы 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап вакцинациялау басталғанын, соның нәтижесінде кейінгі жылдары ауру бәсеңдегенін атап өтті.
Айта кету керек, секвенирлеу нәтижесінде Қазақстанда кейінгі кезде тіркеліп жатқан короновирус инфекциясының омикрон штамының түрлі нұсқалары екені анықталды және көп жағдайда жеңіл түрде өтіп жатқаны байқалады.
Сала маманы №7 Қаулыға сәйкес емдеу мекемелерінде фильтр орнатылғанын, тұмаудың клиникалық белгілері байқалса үйге жедел-жәрдем шақыру қажеттігін, емханаға келген жағдайда басқа пациенттерге жұқтырмау үшін фильтрден өту қажеттігін айтты.
Тұмауға қарсы вакцинациялау 15 қыркүйекте басталады
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов эпидмаусымға ден саулық сақтау ұйымдары дайын екенін жеткізді.
ДДСҰ халықты тұмаудан қорғаудың жалғыз және тиімді әдісі ретінде тұмауға қарсы вакцинациялауды ұсынады. Осы мақсатта тұмаудың эпидахуалын тұрақтандыру және ауру деңгейін төмендету бағытында жыл сайын жергілікті бюджеттен тұмауға қарсы вакцина сатып алынады. Биыл 85004 доза вакцина әкелінбек. Тұмауға қарсы иммундауға Ресей елінде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы қолданылады. Бұл тұмаудың штамдарына қарсы тиімді қорғаныс қалыптастырады.
ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысымен бекітілген медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде міндетті профилактикалық екпелерді жүргізу қағидаларына сәйкес жыл сайын тұмауға қарсы вакцинациялау тиісті контингенттерге тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларда тегін жүргізіледі. Олар ең алдымен медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар және балалар үйі, сәбилер үйінің балалары, қарттар үйінің контингенті. Сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдері бойынша жүргізіледі.
Бұдан бөлек аталған контингентте қамтылмаған адамдар екпені ақылы түрде салдыруына болады. Бүгінгі күні екпені ақылы түрде алуға болатын емхана бекітілу үстінде, ол туралы қосымша хабарланатын болады.
ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің міндетін атқарушы №7 қаулысына сәйкес биыл тұмауға қарсы вакцинациялау 15 қыркүйектен басталады. Қаулыда медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлерінің бетперде кию режимін енгізу қарастырылған.
Коронавирусты қалай анықтауға болады?
Сипаттамасына қарасақ, тұмау мен коронавирус инфекциясымен аурудың алғашқы белгілері ұқсас. Баспасөз конференциясында денсаулық сақтау саласының өкілдерінен екі дертті бір-бірінен қалай ажыратуға болатынын нақтыладық. Олжас Ысқақовтың айтуынша, екі аурудың да алғашқы белгілерінде ерекшелік бола қоймайды. Екеуі де жоғары тыныс жолдарының инфекциясы болып саналады. Бірақ практика бойынша тұмауға қарағанда коронавируспен науқастанғандар ұзағырақ емделеді әрі асқыну белгілері көбірек кездеседі.
Ал коронавирусқа күдік болған жағдайда үйден емделмей, жедел түрде дәрігерге қаралып, қаладағы Ұлттық сараптама орталығының мекемесінде тест тапсыру қажет.
Вирустық инфекциялардан сақтану үшін не істеу керек? Оның жолы қарапайым. Күн тәртібін сақтап, ұйқы режимін дұрыстап, құнарлы тамақтануға көңіл бөлген жөн. Спорттық жаттығулар жасап, ең алдымен иммунитетті нығайту маңызды. Сонымен қатар ауырып қалған жағдайда көпшілік жиналатын орындарда маскалық режимді сақтау қажет.
Айдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!