Коронавирустан қазақстандық вакцинаны жасаушы ғалым, профессор Леспек Күтімбетов отандық вакцина әзірліктің қандай фазасында екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, ҚР БҒМ Ғылым комитеті Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты 5 вакцина дайындап жатыр. Олардың екеуі сынақтан өткізілуде.

«Бірінші вакцина – инактивтендірілген вакцина. Ол 2020 жылдың мамырында ДДСҰ-да тіркелген. Бұл вакцина клиникалық кезеңге дейінгі сынақтан өткен. Яғни, жанураларға тексерілді. Соңғы кезең – маймылдарға тексеріліп жатыр. Екінші вакцина – суббірліктік вакцина тамызда тіркелген. Бұл өнім де клиникалық кезеңге дейінгі сынақтан өтті. Екеуінің де нәтижесі жақсы, екеуі де қауіпсіз, тиімділігі жоғары», – деді профессор.

Оның ішінде «QazCovid-in» деп аталатын біреуі ерікті адамдарға сыналып үлгерген. Қазір сынақтың 2 фазасынан да өтті.

«Бірінші фазасында 18 бен 50 жас аралығындағы 44 адамға егілді. Екінші фазасы 30 қарашада аяқталды. Оны 50 жастан асқан 200 адамға салып көрдік. Клиникалық зерттеулер оң нәтиже көрсетіп отыр. Вакцина иммуногендік белсенділік тудырады. COVID-19-дан қорғайды», – деді профессор.

Леспек Күтімбетов шілде айында вакцинаны ойлап табуға атсалысқан бірнеше ғалым оны өз ағзаларына сынап көргенін айтты. Қазір олардың барлығы денсаулығына шағымданбайды. Коронавирус жұқтырғандармен бірге жүре береді.

«Клиникалық сынақтан өтіп жатқан еріктілердің қанын тексергенде қандағы антиденелердің титрі өте жоғары болған. Бұл, антиденелер вирусты бейтараптандырып ағзаға таралуының алдын алады. Бес ай өткеніне қарамастан, антиденелер ағзада әлі жоғары болып тұр. Бізге әлі де вирустан қауіп төніп тұрған жоқ. Иммунитет 6 айға дейін тұрақты болады деп жоспарлап отырмыз», – деді профессор Күтімбетов.

Оның айтуынша, желтоқсанның соңында «QazCovid-in» вакцинасының үшінші сынақ кезеңі басталады. Нәтижесі оң шыққан жағдайда, ҚР ДСМ мақұлдауынан соң, көпшілікке пайдалануға болады.

«Үшінші фазада бірнеше мыңдаған ерікті қатысады. Коронавируспен бір рет ауырып тұрғандар да қатысатын болады», – деді ол.

Профессордың айтуынша, қалған 3 вакцинаның екеуі – векторлық, үшіншісі – гендік инженерия ғылымының жемісі.

«Вирус штамдары алынды. Өндіріс негізі дайын. Тек өндіріс технологиясын стандартизациядан өткізіп, иммунобиологиялық қасиетін бағалау қалды. Бесінші вакцина – тірі вакцина. Келесі жылы қаңтардан бастап оның вакциналық қасиетін тексеретін боламыз. Иммуногендік қасиеті бойынша бұл вакциналар бірінен-бірі аса ерекшеленбейді. Тек дайындау технологиялары бойынша ғана өзгеше. Инактивтендірілген вакцина вирулентті вирустан жасалады. Біз оларды өлтіріп, иммуностимулятор препараттармен қалыпқа келтіреміз. Суббірліктік вакцина үшін вирустың тек сыртқы ақуыздары ғана алынып, басқа микроағзаға қондырылады. Содан өсіп шыққан биомассаға адъюванттар (иммуностимуляторлар) қосылып вакцина жасалады. Векторлық вакциналарға адъювант қосылмайды. Бұндай вакциналарды әлемнің көптеген елдері ойластыруда. Ал тірі вакцинаны Үндістан мен Қазақстан ғана қарастырып жатыр. Басқа елдер жайлы естігенім жоқ», – деді профессор. Леспек Күтімбетов қазақстандық вакцина иммуногендік қасиеті бойынша ресейлік «Спутник V»-дан күштірек болатынын жеткізді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!