Алматыда коронавирус жұқтырғандар бірден көбейіп кетті. Әдетте ондай жағдай жаңа штаммдар, мутацияға түскен штаммдар таралғанда болады, деді қаланың бас санитар дәрігері.

Коронавирустың төртінші толқыны басталуы мүмкін. Бұл туралы Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Құрметті алматылықтар, жағдай ушығып барады. Оны барлығыңыз байқап отырсыздар. Инфекцияны жұқтыру көрсеткіші өсіп жатыр. Бүгінде төртінші толқынның алдында тұрғанымызды мойындауымыз керек», – деді Бекшин өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, бұған дейін британдық «альфа» штаммы коронавирустың үшінші толқынына себеп болған. Осы жолы «дельта» штаммы төртінші толқынды туғызуы әбден мүмкін.

«Оны «үнді штаммы» деп атайды. Неге төртінші толқын деп отырмыз, себебі кеше ғана «жасыл» аймаққа шығып едік. Инфекцияны жұқтыру көрсеткіші 100-114 адамға дейін төмендеді. Алайда аяқ астынан бірден көбейіп кетті. Әдетте ондай жағдай жаңа штаммдар, мутацияға түскен штаммдар кіргенде болып жатады. Себебі адамға жұғу көрсеткіші жоғары. Үнді штаммы да сондай», – деп атап өтті Бекшин.

Осы орайда бас санитар қала тұрғындарын, әсіресе, кәсіпкерлерді қатаң карантиндік шараларға түсіністікпен қарауды сұрады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!