Амандықтың болғаны, денсаулықтың қалыпта болуы – көптің тілегі. Өйткені бас ауырып, балтыр сыздағаннан мазасы қашып, жаны жай таппайтындар көп. Кезекте қаздай тізіліп, тексерілуді тосатындары да содан. Сосын шипасын іздеп шарқ ұрып, ем алуда ерте қам жасауға бел буады. Мұны алғашқы белгілері тұмаумен тамырлас, дене қызуымен қабаттас тәжді вирустың кезінде көрдік. Қалтырау мен қызудан басталатын вирус сұлатып түсіргенде ештеңеге әл-дәрменің қалмай, сүлесоқ күйде бас көтере алмай қаласың.
2019 жылы наурыз айының бел ортасында тажал дерттің елге енгені белгілі болып, сақтық шараларын сақтау талап етілді. Қоғамдық көліктер қатынасы белгілі уақытқа дейін жүріп, маскалы режим орнап, жұртшылықтың жиі жиылып, бір ортада шоғырлануына тыйым салынды. Аурудан азат болу үшін екпеге егілу көп айтылып, сырттан вакцина сатып алу қарқыны үдей түсті. Ойда-жоқта ойсыратып, табан астынан тұрақтылықты бұзған тәжді вирустың есеңгіретіп жібергені рас. Той-томалақты қалт жібермейтін, арқа-жарқа әңгіме айтып бас қосатын бауырмал халық карантин қамағында қалды. Қысқасы, екі жыл уақытта ақпарат айдынында тәжді вирус туралы жаңалықтар легі толастаған жоқ.
Дәрігерлер екпеге алуды ескертіп дабыл қақса, біразы бұдан бас тартып, талай шу да көтерілді. Еңбектеген баладан, еңкейген қарттың өмірін жалмаған дерт жұрттың жағасынан алып, үрейді үдеттті. Көгілдір экранға көз салса да, телефонға телмірсе де, халықтың алдымен ашып қарайтыны статистика мен елдегі жағдай жайлы жаңалықтар болды. Себебі бәрінің қалауы – қалыпты өмірге қайта оралу мен вирустың толықтай жойылуы еді. «Басқа түссе баспақшыл» демекші, халық сын сағатта сынып кетпей, езілген еңсені қайта тіктеп, бұл сынақты да еңсеруге дайын болды. Маскалы режимнен мезі болса да, амандық үшін үнемі тағып, «ашық жүйесіне» де үйреністі. «Аурудың алдын алады» деп танылған вакциналарды алып, иммундық жүйені қалыптастыру үшін реті келгенде ревакцинациядан да өтті. Әйтеуір тәжді вирустың таптауынан шығу жолында қолдан келгенше тырысып бақты. Әлемді алаңдатқан, дүниежүзін дүрліктірген тажал дерттің дәурені де, салған сайраны да көп болғаны рас. «Енді жағдай реттелді-ау» дегенде қайта ушығып, «оңалды-ау» дегенде өрши түсетін. «Қызыл аймаққа» ілінбеуде індетпен арпалысты. Тәулік сайын жарияланатын мәліметтер, қабылданған қарарлар, бекітілген бұйрықтардың бірі кейде көңіл қуантса, кейде құлазытып жібергенін талай көрдік. Қамсыздықтың қауіптің қақпанына түсіріп, ойсыздықтың орға жығатынын бәрі біледі. Содан болар жұртшылық талапты жұмыла орындаса, ауруды ауыздықтаудың ауылы алыс емес екенін түсінді. Жылға жалғасқан тажал дертпен күресіп, тіршілік қайта жанданғандай болды.
Дегенмен шектеуді шетке ысырып, емін-еркін күн кешуді жалғастырған көптің көңілі тағы күдікке толды. Әлеуметтік парақшаларда жарияланған «ковид қайта таралуы мүмкін» деген ақпараттар сананы санға бөлгені анық. «Тұрақтылықтың тұрпаты енді байқалды ма?» дегенде қуанышқа су сепкендей сеңделген күй кешті-ау көбісі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мамыр айында бір тәулік ішінде коронавирус инфекциясы 63 адамнан анықталған. Ел өңірлерінде коронавирустан – 986 науқас амбулаториялық деңгейде, коронавирус пневмониясынан – 143 науқас стационарда ем қабылдауда. Ауруханадағы 3 адамның жағдайы ауыр. Әлбетте мұндай хабардан төбе шаш тік тұрып, қапаланбағанда қайтеді? Кеселдің кедергісін көргендер ендігі күреске төзім тілеп отыр. Қайткенмен де өмір мен өлім арасындағы арпалыс адам жанын жүдетіп жібермей ме?!
Bloomberg басылымының дерегіне сүйенсек, Қытайда коронавирус қайта өршуі мүмкін. Өткен айдың соңында жаңадан жұқтырғандар саны аптасына 45 млн-ға, ал бір айдан кейін тіпті 65 млн-ға жетуі ықтимал.
– Вирустың қайта өршуінің бірнеше себебі бар. Атап айтқанда, Қытайдың пандемияға қарсы COVID Zero саясатының тоқтауы, алдыңғы толқындардан кейінгі ұжымдық иммунитеттің әлсіреуі және Омикрон штамының тарауы індетті қайта өршітуі ғажап емес, – делінген.
Дертке дес бермеу үшін иммундық жүйенің мықты болғаны керек. «Қорыққанға қос көрінер» демекші, жөтел тиіп, бас ауырса тәжді вирусқа балап, алыстағы ауруды шақырудан абай болайық. Тек әркез дәрігерге қаралып, қажет ем қабылдаудың айыбы жоқ. Бұл тиісінше аурудың алдын алады. Тәжді вирус алаңсыз өмір мен тыныш тіршілікті тығырыққа тіремесе игі.
Нәзік Ахмет
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!