Фото: BAQ.KZ – архив

Қазақстанда мәйіт донорлығы мүшкіл халде екені соңғы уақытта жиі айтылып жүр. Оны “Қазақстандағы этикалық донорлық” семинарының кулуарында Қазақстанның бас хирургі Болатбек Баймаханов та растады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәйіт донорлығы Қазақстанда қазір өте төмен деңгейде, жоқ есебінде. Бүкіл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының былтырғы мәліметтері бойынша 0,1 пайыз. Бұл – өте төмен деңгей. 90 мемлекеттің ішінде ең соңғы жағында тұрмыз, – деді ол.

Осы мәселеде мамандар әрбір қазақстандықтың Электронды үкімет порталы арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беруі немесе одан бас тартуы маңызды екенін айтады.

Қазір Қазақстанда кәмілетке толған, еңбекке жарамды 11 миллион адамның ішінен мәйіт донорлығына келісім бергендер мен одан бас тартқандар саны – 97 мың. Оның ішінде келісім бергендері 6 мың ғана. Сондықтан біз халықты өз ойын білдіруге шақырамыз. Өте қарапайым процедура. Egov арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа өзінің келісімін береді немесе бас тартады, – дейді Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Айдар Сейтқазинов.

Ол осы қадам аталған мәселеге қатысты түсінік пайда болуына көмектесетінін жеткізді.

Мысалы, 2023 жылды алсақ, мидың өлуі деген диагноз қойылған 49 потенциалды донордың 40-ының туыстары бас тартты. Туыстардың қатысуы кодексте жазылған. Бұл жерде “Егер адам тірі кезінде мәйіт донорлығынан бас тартқан немесе оған келіскен болса, туыстардың келісімі қажет пе?” деген сұрақ туындайды. Бізде келісімнің де, келіспеудің де презумпциясы бар. Ал біз қосымша туыстарынан да сұраймыз, – деді Сейтқазинов.

Яғни ол донорлыққа қатысты заңда да қайшылықтар барын көрсетеді.

Айдар Сейтқазинов мәйіт донорлығы арқылы бір адамның ағзалары 7 адамның өмірін құтқара алатынын айтады.

Ағзалар бүйрек, бауыр, жүрек ауруларының жантәсілім сатысында тұрған науқастарға кетеді. Қазір тізімде 4800 науқас тұр. Оның 104-і – бала, – деді ол.

Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бас директоры Болатбек Баймаханов ағзаны транспланттау басқа ем болмаған кезде, емдейтін тәсілдердің бәрі қолданылып біткен кезде қолданылатынын айтты.

Бұл технология Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүние жүзінде қолданылып жатыр. Биыл 65 жыл болды. Біз енді жасап жатырмыз ғой. Жасағаннан кейін науқастар өмір сүріп жатыр. Қазір транспланттаудан кейін 10, 15, 20 жыл өмір сүріп жатыр. Бала босанып жатқандары да бар. Оның тиімділігі өте жоғары, – деді ол.

Болатбек Баймаханов адамдардың оны түсінуі маңызды екенін және мәйіт донорлығы қоғамның деңгейін көрсететінін алға тартты.

Оның қажеттігін адам түсінуі керек. Ол біздің қоғамның деңгейін көрсетеді. Иран сияқты Ислам мемлекеттерінде мәйіт донорлығы дамып жатыр, қазір алдынғы қатарда солар. Ол қоғамның сана-сезімін көрсетеді. Өзің қайтыс болғаннан кейін 7-8 адамға өмір сыйлап жатсаң, одан артық сауап бар ма? – деді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!