Қызылорда көп бейінді қалалық ауруханасында Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың мамандарының шеберлік сабағында жамбас буынының тозған эндопротездерін ауыстыру бойынша бірқатар бірлексен оталар жасалды.
Пациенттердің бірі, Арал қаласының 72 жастағы тұрғыны Орындық Өтембетоваға жамбас буынының имплантын ауыстыру отасы сәтті өтті.
– Екі жыл бұрын моншада тайып жығылып, жамбас сүйегімді сындырып алдым. Сол кезде эндопротездеу жасалған болатын. Биыл қайта ауырсыну пайда болып, жүре алмай қалдым. Имплантты ауыстырды. Осының бәрі МӘМС аясянда тегін, – дейді Орындық апа.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай оталардың құны имплантпен бірге шамамен 2,5 миллион теңгені құрайды. Дегенмен, сақтандырылған азаматтар үшін хирургиялық араласудан бастап медициналық оңалтуға дейінгі емдеудің барлық кезендері МӘМС жүйесімен толығымен қамтылған.
– Пациенттің импланты өз орнынан жылжып, соның салдарынан қабыну пайда болған. Тозған эндопротезді ауыстыру үшін ота жасадық. Мұндай оталар орта есеппен 3–5 сағатқа созылады. Бірнеше күннен кейін пациенттер өздігінен жүріп-тұра алады, – деді көп бейінді қалалық ауруханасының травматологы Қуаныш Кенжебеков.
– Бүгінде Қазақстанда эндопротездеу бағыты қарқынды дамып келеді, сондықтан шетелдік мамандарға жүгінудің қажеті жоқ. Біз МӘМС аясында заманауи, жоғары сапалы импланттарды қолданамыз. Бұл эндопротездерді ауыстыру оталарына да қатысты, – деп атап өтті Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың ортопед-остеоонкологы Саят Әлмежанов.


Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!