Қазақстанда 2020 жылдан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) енгізіліп, жұмыс істеп келеді. Жүйенің негізгі мақсаты мен мәні – емдеу мекемелеріндегі медициналық қызметтің қолжетімділігін, тұрғындарға уақытылы сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету.
Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалының директоры Бақыт Исмаханбетовтен кездесуде тұрғындарға медициналық қызмет қаншалықты қолжетімді екенін білдік.
2022 жылы қызметті қолдануға облыс бойынша 89 млн теңге бөлінсе, оның ішінде ТМККК шеңберінде медициналық көмек көрсетуге – 52 млн, МӘМС жүйесіне 36 млн теңге қаржы қарастырылған. Шығындардың басым бөлігі стационарлық медициналық көмекке бағытталса, қалғаны консультативтік-диагностикалық көмек қызметтеріне ақы төлеуге жұмсалған.
– 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2023 жылдың 1 наурызына дейін облыс тұрғындары әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 47,8 млрд теңге аударды. 1 наурыздағы жағдай бойынша аймағымызда сақтандырылған халық үлесі 680 394 адамды немесе өңір халқының 84%-ін құрады. Ал сақтандырылмаған адамдар тобы 16%-ді көрсетіп отыр (126 196 адам). Қала мен аудандар бойынша сақтандырылмаған азаматтардың ең көп саны: Қызылорда қаласында – 77 616(61,5%), Байқоңыр қаласы бойынша – 12 731(10%), Қазалы ауданы бойынша – 10 961 адам(8,7%). Әрине, соңғы 1-2 жылдықпен салыстырсақ, сақтандырылмағандар саны азаюда.
Өткен жылы аймақта 45,1 млн теңгеге 17 кардиохирургиялық, 124,9 млн теңгеге 22 нейрохирургиялық, 394,7 млн теңгеге 48 урологиялық
және 6,2 млн теңгеге 3 травмотологиялық оталар жүргізілді. Медициналық қызмет түрлерінен бөлек қордың басты міндеттерінің бірі – пациент құқығын қорғау. Сондықтан халық медициналық көмек алу кезінде құқығы бұзылған жағдайда тікелей қорға жүгіне алады.
Бұл бағытта өткен жылы облыс тұрғындарынан 1 092 өтініш қабылданып, өңделді. Көбінесе азаматтар медициналық көмектің сапасыз көрсетілуіне шағымданып жатады. Екінші орында – медициналық көмек көрсетуден бас тарту мәселесі тұр. Сондай-ақ медициналық қызметтердің қолжетімсіздігіне, атап айтқанда, диагностикалық қызметті, жергілікті қызметті (ЖПД, дәрігер-терапевт, дәрігер-педиатр) қабылдауды ұзақ күту,
жедел медициналық жәрдем бригадасын ұзақ күту, этика мен деонтологияны бұзу, тіркеу-медициналық ұйымның ақпараттық жүйелеріндегі жалған мәліметтерге наразылық бар. Естеріңізге сала кетейік, әрбір шағым бойынша қордың сарапшылары жоспардан тыс мониторинг жүргізеді. Оның қорытындысына сай айыппұл салынып келеді.
Ал жыл басында Қор филиалы жалпы сомасы 101 429,6 млн теңгеге 108 медициналық қызмет көрсетушімен келісімшартқа отырған. Соның ішінде МӘМС жүйесіне 41 869,7 млн. теңге тиесілі. Алдағы уақытта жаңа бағыттар енгізіліп, жүйе бойынша өзгерістер жасалса, тұрғындар барлық ақпаратты ресми сайт пен БАҚ құралдары арқылы біліп отыруына мүмкіндік бар, – дейді филиал директоры.
Аделина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!