Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қазақстанда 2020 жылдан бастап жұмыс істейді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасының орынбасары Ілияс Мұхамеджан Орталық коммуникациялар қызметіндегі дөңгелек үстелде жүйеге қатысты өзекті мәселелерді және адамдардың не себепті МӘМС жарналарын төлегісі келмейтіндерін айтып берді.

Қазақстанда әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бірінші кезекте азаматтардың әлеуметтік және экономикалық жағдайына қарамастан, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмектің жалпыға бірдей қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттілігінен туындады. Денсаулық сақтауды қаржыландырудың жаңа тетігін құру және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналар мен аударымдар аудару арқылы мемлекет, жұмыс берушілер және халық арасында қаржылық жүктемені әділ бөлу көзделді.
Бұл ретте мемлекет МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан әрбір азаматқа қолжетімді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етумен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарын, оның ішінде балалар, жүкті әйелдер, мүгедектігі бар адамдар, зейнеткерлер, жұмыссыздар және т. б. қорғауды өзіне қалдырды. Бүгінгі таңда мемлекеттік бюджеттен аударымдар 15 жеңілдік санатына кіретін 11,7 млн адамға жүргізіледі.
«Кез-келген жүйе секілді, МӘМС үздіксіз жетілдіріліп келеді және өзгеріп отыратын қажеттіліктерге бейімделуде. Біріншіден бұл халықтың медициналық көмекке деген барлық қажеттілігін толық қамтуға және жабуға мүмкіндік бермейтін төмен сақтандыру ставкалары. Бұл ретте, сақтандырылған азаматтарға, олардың төлеген жарналарының сомасына қарамастан МӘМС қызметтері шектеусіз көрсетілуі мүмкін. Мысалы, дербес төлеушілердің бір жылға төлеген жарнасы 42 мың теңгені құрайды, ал буынды ауыстыру операциясының құны 1,5 млрд теңгеден басталады», – деді Ілияс Мұхамеджан.
Бастапқыда МӘМС ставкалары: жұмыс берушілер үшін – 5%-ға дейін, қызметкерлер үшін – 2%-ға дейін, мемлекет үшін орташа жалақының 7%-на дейін, ЖК және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін ЕТЖ-дан 7%-ға дейін болуы тиіс еді. Ал қазір 3% жұмыс берушінің қаражатынан және 2% қызметкерлердің есебінен төленеді. Сонымен қатар, жарналар бойынша шектеу қойылды – жұмыс берушілер үшін 21 мың теңгеден және қызметкерлер үшін 14 мың теңгеден аспайды (10 ЕТЖ аспайды). ЖК табысына қарамастан (4900 теңге) 1,4 еселенген ЕТЖ-дан 5% төлейді. Дербес төлеушілер ЕТЖ-ның 5% төлейді, яғни 3500 теңге. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлейді. Демек, медициналық сақтандыру қорына оның тек 40%-ы ғана түседі, яғни облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың тұрғындарынан МӘМС үшін 1 380 теңге, ауыл тұрғындарынан 690 теңге түседі.
«Екіншіден – азаматтардың барлығы МӘМС жүйесімен қамтылмаған. Қазір 3 млн астам адам медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр. Бұның басты себептерінің бірі – ТМККК, ол медициналық көмек түрлерінің үлкен көлемін өзіне қалдырады және халықты МӘМС жарналарын төлеуге ынталандырмайды», – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдардың халықты МӘМС жүйесімен қамтуды қамтамасыз етуге қызығушылығы төмен. Осы бағытта Қор Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен «Отбасының цифрлық картасы» бағдарламасы аясында жұмыс атқаруда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!