Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев елімізде іске асып жатқан екі медициналық қызметтің біріктірілетіні туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшсі.

«Қазір міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) және кепілдендірілген тегін медициналық көмек жүйесін біріктіру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Жалпы, медициналық ұйымдарды қаржыландыру тәсілдерін медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп өзгертуді жоспарлап отырмыз. Бүгінде медициналық ұйымдар қызметті қормен жасалған келісімшарттар аясында ұсынады. Кейбір медициналық қызметтер бойынша қаржы жетіспеушілігінен, проблема туындап жатады»,– деді Бейбіт Есенбаев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, ендігі уақытта қаржы да бір ортадан бөлінеді.

«Осылайша медициналық ұйымдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) және кепілдендірілген тегін медициналық көмек жүйесі аясында қаржы алатын болады. Нәтижесінде медициналық қызметтер бойынша қаржы жетіспеушілік қаупі туындамайды», – дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай Денсаулық сақтау министрлігі отандық медицинада 3D принтерлерді тіркеп, қолдануды жоспарлап отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!