Коллаж: Амангелді Қияс, EQ

Сақтансаң да сақтамайтын қалге жеттік пе? Ем алу үшін ел аралап кететін отандастарымыз көп. Ал осы тұста «МӘМС-тен мән кетті ме?» деген ой туады. Халық ең алдымен сақтандыру аясында қажет көмекті уақытында ала алмайтынына алаңдаулы.

Сөз басында сандарды сөйлетейік, биыл МӘМС үшін төлем сомасы жұмыс берушілердің аударымдары қызметкерлер жалақысының 3%-ын құрады. «Аударымдардың ең жоғары сомасы 25500 теңгеден аспайды» дейді. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын қызметкерлер мен жеке тұлғалардың жарналары 2024 жылы олардың табысының 2%-ын құрайды. Егер жалақы мөлшері 10 ЕТЖ жоғары болса, онда тек осы сомаға ғана салық салынады және жарнаның ең жоғары сомасы 17000 теңге болмақ. Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатындардың жарналары 5950 теңгені немесе 1,4 ЕТЖ-нің 5%-ын алады. Дербес төлеушілер үшін жарна сомасы 4250 теңге. Байқасаңыз төлем төлеудің түрі көп. Әйтеуір салықты қалай дегенмен де қазынаға құясыз. «Бірақ қайыры қаншалықты қайтып жатыр?» деген сұрақ көптің көкейінен кетер емес.

Ақшаң болса күтпейсің

Дегбірі қашып, дәрігерге апталап, тіпті айлап кіре алмай жүргенін айтып, шағымданатындар шаш етектен. Басқа-басқа, жаны қысылып, ем іздеп келген науқасқа «осынша уақыт күтіп, шыдай тұр» деу шыдамды тауысады. Алайда бір айта кететін дүние – тегін көмек алу үшін күту керек, бірақ ақысын төлесеңіз, дәл сол кезде, сол жерде қарала аласыз. Жалпы, бұл мәселе біраздан бері айтылып, көтеріліп жүр. Мәселен, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Үкіметке сауал жолдап, бірқатар ұсыныс айтып, көкейде жиналған көп мәселені көпшілікке жеткізді.

– Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу медициналық қызметтердің қол жетімділігі мен сапасын арттырып, денсаулық сақтаудың тұрақты қаржылық моделін құруы керек еді. Медициналық сақтандыру бірнеше жыл бойы жұмыс істегеніне қарамастан, медициналық көмектің сапасына қатысты мәселелер әлі де көп, – деген еді Асхат Аймағамбетов.

Оның сөзінше, мәселенің бір себебі жасанды түрде құрылған қаржыландыру жүйесіне байланысты.

– Егер азамат тегін тексерілгісі келсе, ол көбінесе бір ай, тіптен үш ай күтуге тура келеді, бірақ ақылы болса, қызметті бірден алуға болады. Бұл соның ішінде жасанды түрде құрылған қаржыландыру мәселесіне байланысты. Емханалар іс жүзінде ай сайын қызмет түрлері бойынша квота алып отырады. Мысалы, КТ 10, МРТ 5 және т.б. Егер өтініштер көп болса, олар келесі айларға жазылады, – деген еді халық қалаулысы.

Осыған байланысты ол көрсетілген қызметтер фактісі бойынша төлемге көше отырып, жоспарлы және ай сайынғы қаржыландырудан бас тартуды ұсынған болатын. Сондай-ақ МӘМС шеңберінде сақтандырылушыларға медициналық ұйымды еркін таңдау құқығын беруді қарастыру қажет екенін жеткізді. Оған қоса, ТМККК және СМС пакеттеріне кіретін медициналық қызмет түрлерін нақтылаған жөн екенін астын сызып тұрып айтты.

Мәселені шешуге көрсетілген қызмет бойынша қаржы бөлу туралы ұсыныс мүмкіндік беретін сияқты көрінеді. Әйтсе де қазір дәрігерге қаралмаған адамдарды «қаралды» деп, сыртынан тіркеп қою да жиілеп кетті. Жақында тура осы мәселені Қызылорда тұрғыны айтқан болатын. Оның сөзінше, Damumed оны тіркеп қойған. Осыдан кейін басқа да азаматтар осындай оқиғаға тап болғанын айтып жатты. Яғни, емделген науқастардың санын қолдан көбейту үшін осындай айла-амалдар ойлап табу негізгі себебі. Бұл қаржыландыру мәселесіндегі олқылықтарды су бетіне шығарады.

– Талдау қаржыландыруды жоспарлауда мәселе бар екенін көрсетеді. Мысалы, өзекті бағыттар бойынша қаржыландыру тапшылығының болуы көбінесе басқа бағыттар бойынша дамымаумен қатар жүреді, яғни саланы қаржыландыруға байланысты проблемалардың бір бөлігін ішкі ресурс есебінен шешуге болады, атап айтқанда оларды ұтымды және негізделген жоспарлау, – деп ұсыныс айтқан болатын Асхат Аймағамбетов.

Бұл сұрақ пен ұсынысқа Үкіметтің берген жауабында Қазақстанда медициналық көмектің көлемін алдын ала бөлу моделі тұтынудың болжамына негізделген және медициналық көмектің үздіксіз көрсетілуіне бағытталғаны айтылады. Бұл медициналық көмекті күту уақытын ұлғайтады екен. Сондай-ақ Үкімет қазір бюджет шектеулі екенін, медициналық қызметтерді айтарлықтай артық тұтыну байқалатынын тілге тиек етіпті.

– Осыған байланысты қазір денсаулық сақтау жүйесін толығымен цифрландыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Оның ішінде Е-Денсаулық бірыңғай ақпараттық- технологиялық платформасы аясында жоспарлау, сатып алу, мониторинг және медициналық көмекті төлеу процестерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін қаржыландыруды жетілдіреді, – деп жазылған Үкімет жауабында.

Оған қоса денсаулық сақтау ресурстарын тиімді бөлу және пайдалану мақсатында түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу үшін, 2024-2026 жылдарға арналған медициналық көмек көрсету кепілдіктерінің Үкімет бекітетін бағдарламасы шеңберінде КТМК және МӘМС қаражаты есебінен медициналық көмек түрлерін нақты ажырату бойынша жұмыс жүргізіліп жатқаны да сөз болған.

1 трлн 272 млрд теңге

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында медициналық ұйымдарды қаржыландыру барысы туралы есеп берілді. Бүгінде еліміз бойынша амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда жалпы 1 трлн 272 млрд теңге төленген. Қазір биыл көрсетілген медициналық қызметтерге төлемдер жүргізіліп жатыр.

Шіліңгір шілдедегі жағдай бойынша ӘМСҚ-ның Қызылорда облысы бойынша филиалы 112 медициналық ұйымға биылғы қаңтар-наурыз және ішінара сәуір айлары үшін актілерге 60,2 млрд теңге төлепті.

– Шілденің соңына дейін сәуір айына төлем жасауды аяқтап, мамыр айына актілерге төлем жасауға көшу жоспарлануда. Қаржыландыру кезеңдері қазақстандықтардың медициналық көмек алуына кедергі келтірмеді және кедергі етпеуі тиіс екенін атап өткім келеді, – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Индира Саркенова.

Сонымен бірге Қор медицина қауымдастығын шарт аясында бөлінген қаражатты ұтымды пайдаланып, сондай-ақ қазақстандықтарға медициналық көмек көрсетуден бас тартпауға шақырғанын да айта кетейік. Жалпы алғанда жағдай Қордың бақылауында және медициналық ұйымдарды үздіксіз қаржыландыру бойынша барлық қажетті шаралар қабылданыпты-мыс.

Қаржы қайда сақталады?

Жалпы осы кезге дейінгі ақпарат бойынша 741 млрд теңге МӘМС активі ұзақмерзімді мемлекеттің құнды қағаздарына, 108 млрд теңгесі облигацияларға, 171 млрд теңгесі Ұлттық Банктің қысқамерзімді депозиттеріне салынған. Қордың ресми түсініктемесінде халықтан түскен барлық жарна мен аударым Ұлттық Банктегі арнайы шотқа түсетіні, одан кейін халыққа көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеу үшін медицина ұйымдарына жіберілетіні айтылған. Яғни, халықтан түскен уақытша «бос тұрған», медициналық қызметтерге төленгеннен қалған артық қаражат, Ұлттық Банк бекіткен қаржы құралдарының тізіміне сәйкес бағалы қағаздар мен депозиттерге салынады.

– Бұл инвестициялық кіріс алуға мүмкіндік береді, яғни МӘМС-те жиналған актив сомасын арттырады, бұл кіріс тек медициналық қызметтерге ақы төлеуге жұмсалады және қорды ұстауға пайдаланылмайды. Сонымен қатар қор МӘМС қаражатын өз бетінше инвестицияламайды, – деп жазылған қор мәліметінде.

Сонымен қатар қор қаражатты тиімді сақтау механизмі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнаманы бекіткен кезде енгізілгенін және жүйенің активтерін көбейтуге мүмкіндік беретінін, бұл жыл сайын көрсетілетін медициналық қызмет көлемін ұлғайтуға және медициналық көмекті қолжетімді етуге мүмкіндік береді деп түсіндірді. Сонымен үнемі үздіксіз аудит жүргізілетіні туралы айтады.

Түсінуімізше 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда инвестициялық кіріс өсімі былтыр 1,6 есеге артқан. Бұл қаражат биыл жыл басында басқа да активтермен қатар медициналық ұйымдармен 2024 жылға жасасқан шарт бойынша 30 пайыз алдын ала төлемді төлеуге жұмсалыпты. Яғни қорға түсіп жатқан қаражат 2017 жылдан бері инвестицияланып келеді. Қор бұл түсімнің барлығы орнымен жұмсалып жатқанына сендіреді. Дегенмен медициналық сақтандыру жүйесі туралы жақсы пікір көп айтыла бермейтіні де өтірік емес. Халықтың жиналып қалған шағымын жақында Мәжіліс мінберінде бірқатар депутат көтергенін мұқым ел біліп отыр.

Тарифті «тура жолға» салу керек

Медициналық сақтандыру қорының соңғы деректері төленген, бірақ іс жүзінде көрсетілмеген қызметтердің, яғни «тіркемелердің» көп екені дәлелдейді.

– Қордың шамамен 10 пайызын тексерген кезде, 52 мың тіркемені анықтады. Егер 100 пайыз тексерілсе, нақты жағдай қандай болар еді? Бұл неге байланысты? Бірінші себеп – ауруханаларды көбірек науқас тіркеуге ынталандыратын қордың айыппұл жүйесі. Қаржыландыру моделін толығымен өзгерту керек, тіркеудің пайда механизмін алып тастау қажет. Екінші себеп – тарифтердегі ауытқулар. Медицина қызметкерлерінің жалақысы өскен кезде, медициналық қызмет тарифі де пропорционалды өскені байқалмады. Жалақы тарифтің көп бөлігін ұстап қалады және дәрі-дәрмектерге, медициналық мақсаттағы бұйымдарға, тексерулер мен талдауларға аз ақша қалады. Оның салдары медицина сапасына кері әсерін тигізеді және науқастар зардап шегеді. Бұл тарифтік жағдай медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегінің өсуіне әкелді. Тариф белгілеу мәселесін шұғыл қайта қарау қажет. Сонымен қатар медтарифтен коммуналдық қызметтерді алып тастау керек, өйткені өңірлерде инфрақұрылымдар әртүрлі, ауа райы жағдайлары да бірдей емес және коммуналдық қызметтердің құны бар, – дейді Асхат Аймағамбетов. Ол тариф белгілеу әдістемесін шұғыл қайта қарау қажет екенін жеткізген болатын.

Үкіметтің ресми мәліметіне көз жүгіртсек, 2022 жылдың қорытындысы бойынша жалпы құны 20,8 млрд теңге болатын 3 миллионнан астам заң бұзу анықталған, оның ішінде 403 миллион теңге осы жалған көрсеткіштерге қатысты.

– Жалған көрсеткіштер мәселесі денсаулық сақтау жүйесін толық цифрландыру арқылы шешілетін болады, бұл 100 пайыз мониторинг жасауға мүмкіндік береді. Цифрландыру медициналық қызметтерді тұтынушылардың виртуалды шоттарындағы ақша қаражаттарының қозғалысын бақылау және дербес қаржылық есепке алу принципі негізінде жүзеге асырылады, – деп жауап берді Үкімет.

Сонымен қатар қазіргі тарифтер нақты шығындарға сәйкес келмейді, медициналық қызметтердің нарықтық бағасынан 3-4 есе төмен екені ресми ақпараттарда айтылып жүр.

– Жалақыны көтеруге бөлінген қаражат медициналық ұйымдардың шұғыл қажеттіліктерін жабуға бағытталады. Тарифтерді арттыру мәселелерін шешу барлық жалған көрсеткіштерді анықтау және емдеу клиникалық хаттамаларына ревизия жүргізу бойынша ауқымды жұмыстарды жүргізу нәтижелері бойынша жоспарлануда. Қазір тарифтерді қайта қарау ең қажетті қызмет түрлері бойынша жүзеге асырылуда. Коммуналдық қызметтерге тарифтер мәселесі медициналық және бизнес қоғамдастықпен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен жан- жақты талқылауды талап етеді, – деп жауап берді Үкімет.

Жаға ұстатқан жарна

Қордың 2020-2025 жылдардағы даму Стратегиясына қарасақ, мемлекет жарна төлеуден босатылған, саны шамамен 11 миллион болатын адам үшін немесе халықтың 59 пайызына жарна құяды. Яғни, халықтың жартысынан астамына сақтандыруды мемлекет төлейді. Дегенмен бұл бағытта да шешілмеген мәселе бар.

– МӘМС туралы заңның 26-бабын бұза отырып, азаматтардың жеңілдікті санаттары үшін төленетін мемлекеттің жарналары заңда көрсетілгендей қаржы жылының алдыңғы екі жылындағы орташа айлық жалақыға емес, орташа жалақыға негіздеп есептеледі. Бұл жүйеде тапшылық тудырып, жалпы медициналық қызметтердің сапасына кері әсер етеді. Кейбір есептерде біз экономика бойынша орташа айлық жалақыны есептейміз, ал денсаулық сақтауды қаржыландыруға келетін болсақ, біз орташа жалақыны есептейміз. Жеңілдетілген санаттар үшін мемлекет жарнасын есептеу әдістемесін шешуді ұсынамыз, – деді депутаттар.

Оған қоса жарна төлеу 1-2 айға кешіктірілсе, азамат сақтандырылмайтыны, көмек ала алмайтыны да үлкен мәселе болып тұр. Мысалы, жарнаны тұрақты төлейтін, бірақ ұзақ демалыста, шетелде 3 айдан астам уақыт болған азаматтар қарала алмайды. Сол үшін сақтандырылушының мәртебесін айқындаудағы мәселелерді шешу ұсынылды. Ал Үкімет жарна төлемеу қаржылық жағдайды қиындататынын, дегенмен кей ерекше жағдайлар үшін арнайы тетіктер әзірлемек жоспар барын жеткізді.

Түйін. Үкімет халықтың жарна төлеуге құлықсыз екені мәселенің бір себебі деп көрсеткен екен. Ал халық сапалы көмек ала алмайтындықтан жарна төлегісі келмейді. Тұйықталған шеңберді жазып, мәселенің шешімін табу оңайға соқпасы анық. Себебі оның астарында көлеңкелі нарық, жемқорлық, кадр тапшылығы және басқа да кешенді проблема жатыр.

Қыруар қаржы қорда не басқа жерде айналымда жүргенімен игерілер тұста иіліп ауырған қарт, үйінде жата алмаған сырқат анаға керегі анық. Бас ауырып, балтыр сыздаған тұста, жаны қысылған мезетте халыққа «МӘМС-те ақшам бар еді» дегізбей, «қорға ақша салған еді ғой» деп дәрігерлер өзі біліп, науқасты емдей кетсе іс оңайланар еді. Ауырмайық!

Айдар САЙЛАУОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!