Әлеуметтік медициналық сақтандыру 2020 жылы халыққа өзінің игілігін көрсететін денсаулық сақтау саласының маңызды реформасы болу керек еді. Дегенмен, 10 айдың қорытындысы бойынша сақтандыру жүйесінің кем-кетік тұстары жетіп артылады.
Әу бастан-ақ, реформаға қарсы болғандардың саны аз болған жоқ. Әлеуметтік жағдайы сын көтермейтін халық медициналық сақтандырудан не күткенін біле алар емес? Сақтандыруға дейін жеке клиникаларға жылына 600 млрд теңге қалтасынан қаржы жұмсап келген қазақстандықтар ендігі жерде өз қаржысын осы 11 айда үнемдей алды ма, бұл маңызды сұрақ.
Әрине ресми деректерге көз жүгіртетін болсақ, кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде биылғы жылдың өзінде Қызылорда облысына 44 901 081 теңге бөлінген. Одан бөлек, МӘМС шеңберінде жұмыс берушілер, кәсіпкерлер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша еңбек ететін жеке тұлғалар тарапынан аударымдар да бар. Жүйе іске қосылған аралықта Қызылорда облысының тұрғындары әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 13 млрд. теңге аударды, оның 10,7 млрд. теңгесі (82,3%) жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 2,3 млрд. теңге (17,7%) – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі. Айта кететін жағдай, облысқа қор тарапынан 2020 жылға қаралған қаржы 17 931 165 мың теңгені құраған, яғни облыс тұрғындары аударған жарнадан артық сомма. Бағамдасақ, қаражат түсіп жатыр. Олай болса, медициналық көмектің және медициналық қызметтің деңгейі, сапасы неге сын көтермей тұр?
Осы және өзге де медициналық сақтандыру жүйесі төңірегіндегі сауалдар «Шаңырақ» аналар мен ханымдар қоғамдық бірлестігі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҚЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалымен өткізген дөңгелек үстел аясында талқыланды. Шара «Қазақстандықтардың МӘМС-ке жұмсалатын шығынына талдау жасау арқылы бағдарламаны енгізудің тиімділігіне баға беру» жобасы шеңберінде өткізілді.
Дөңгелек үстел барысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҚЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бахыт Торғабайұлы бір жылға жуық уақыт аралығында қор тарапынан ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстардың үздіксіз жүргізілуіне қарамастан, көпшілік әлі де болса МӘМС жүйесінің артықшылықтарын түсіне алар емес дейді. Себебі, сақтандыру жүйесінің қалыпты жүргізілуі үшін тұрғындар мен қоса медициналық қызметкерлер де денсаулық сақтау сұрақтарына қатысты кеңестік психологиядан арылу керек деген көзқараста.
«Әрине, медициналық сақтандыру төңірегінде біздің өңірдің өзінде ғана түйіткілді бірнеше мәселе бар. Атап айтсақ, Байқоңыр қаласы тұрғындарына қарасты медициналық сақтандыру сұрақтары, халықтың әлеуметтік жағдайы мен қорға жарна аудару деңгейі төмен. Одан бөлек, емханаларда халықпен тікелей жұмыс істеп түсіндірме жұмыстарын жүргізетін әкімші, аудит қызметі, колл-орталық мамандарының коммуникативті дағдысының аздығы да бар. Бұл бағытта біліктілікті арттыру курстары үздіксіз жүргізілгенімен, халықтың жалпы денсаулық сақтау мәселесіне деген көзқарасын өзгертпей, жағдай өзгермейді» деп атап өтті қор филиалының басшысы.
Расымен, «Шаңырақ» аналар мен ханымдар қоғамдық бірлестігінің шара аясында жүргізген сауалнамасы барысында тұрғындардың басым бөлігі медициналық сақтандыру туралы хабардар болғанымен, жүйе шеңберінде көрсетілетін тегін медициналық көмек көлемінің артқанынан хабарсыз. Бахыт Торғабайұлының сөзінше, денсаулық сұрақтарында медициналық қызметкер ғана емес, пациент те өз білім деңгейін жоғарылатып отыру керек. МӘМС сұрақтары бойынша ақпараттық түсіндірме жұмыстары БАҚ-та, ресми сайтта жарияланғанымен оны оқып жатқан қалың оқырман жоқ. Арнайы колл-орталық, мобильді қосымша бар болғанымен жыл басынан бері түскен ресми арыз-шағым саны –149. Облыс көлемінде тұрғындар тарапынан сауал жоқ емес, бар. Бірақ коммуникация құралдарын халық пайдаланбайды дейді.
Олай болса, біз МӘМС шеңберінде қазақстандықтар ие болған бірнеше мүмкіндіктерді атап өтсек:
1. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде тегін берілетін дәрілердің тізімі артты. Толық тізбе (ҚР Денсаулық сақтау министрінің Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын, амбулаториялық деңгейде тегін және (немесе) жеңілдікпен берілетін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы №666 бұйрығы).
2. Жоғары технологиялық тегін көмек (жоғары технологиялық көмек – медицинадағы күрделі, бірегей технологиялардың көмегімен, біліктілігі жоғары мамандар тарапынан жасалатын қызмет түрлері. Оған: жүрекке жасалатын операциялар, жүрек, бауыр, бүйрек алмастыру, мидағы ісікті сылып алу, тұқым қуалайтын және жүйелік ауруларды, лейкоз, эндокриндік жүйедегі ақауларды емдеу, аса күрделі хирургиялық ота түрлері жатады), жоспарлы ем қажет болған жағдайда УДЗ, КТ, МРТ сынды қызметтерден бастап жоғарғы технологиялық көмек түрлеріне дейінгі аралықтағы қызмет түрлері;
3. Зертханалық диагностика (бұған дейін ақылы болып келген зертханалық диагностика қызметі) микроэлементтерді, ферменттерді, дәрілік заттарды биохимиялық зерттеу сынды 750 қызмет түрі;
4. Мамандандырылған, оның ішінде стационарлық медициналық көмек (үй ауруханасы, күндізгі стационар, тәулік бойы жұмыс істейтін аурухана);
5. Медициналық оңалту.
Айта кеткен жөн, тиісті орындар МӘМС есебінен тегін медициналық көмек көрсетуден бас тартқан жағдайда, азаматтар Qoldau мобильді қосымшасы арқылы тәулік бойы шағымдана алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры пациенттердің құқықтарын қорғаушы ретінде өтінішті қарап, қажетті шараларды қабылдайды.
Әйгерім ҚОЖАХМЕТ,
«Шаңырақ» аналар мен ханымдар қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!