Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатыспаған азаматтар да тегін медициналық көмек ала алады. Бұл – елдегі Мемлекеттік кепілдендірілген тегін медициналық көмек (МКТМК) пакеті арқылы жүзеге асады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы Finratings.kz жазды.
2025 жылы мемлекет осы мақсатқа 1,63 трлн теңге бөлді. Бұл қаражат МӘМС мәртебесі жоқ азаматтарға да базалық медициналық қызметтерді ақысыз түрде алуға мүмкіндік береді.
Көп тараған қате пікір: “МӘМС жоқ болса, дәрігер қабылдамайды”
Халық арасында кең тараған жаңсақ пікір – МӘМС-ке жарна төлемегендер ешқандай медициналық көмек ала алмайды. Алайда бұл дұрыс емес.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Индира Саркенова түсіндіргендей, әр азаматқа қолжетімді тегін қызметтердің нақты тізімі бар.
Тегін қызметтер ҚР азаматтары, қандастар, Қазақстанда тұрақты тұратын шетел азаматтарына қолжетімді.
МӘМС жоқ болса да, қандай қызметтер тегін?
- Жедел медициналық көмек: «103» нөміріне қоңырау шалып, жедел жәрдем немесе санитарлық авиация қызметін шақыру мүмкіндігі бар.
- Бастапқы медициналық-санитарлық көмек: учаскелік терапевт, педиатр қабылдауыж, жеңіл ауруларды бастапқы деңгейде диагностикалау мен емдеу.
- Профилактикалық шаралар: ересектер мен балаларға жоспарлы екпелер, кринингтер мен алдын алу тексерістері.
- Әлеуметтік мәні бар және созылмалы ауруларды емдеу: туберкулез, ВИЧ/ЖИТС, диабет, психикалық аурулар және басқа да аурулар тізімі бойынша бақылау мен емдеу.
- Шұғыл госпитализация: жағдайы күрт нашарлаған кезде ауруханаға жатқызу.
- Тегін дәрі-дәрмекпен қамту: белгілі бір диагноздар бойынша тегін препараттар.
Егер тегін қызмет көрсетуден бас тартса – не істеу керек?
1. Медициналық мекемедегі науқастарды қолдау қызметіне жүгініңіз.
Бұл қызмет әрбір емханада бар және мәселені жергілікті деңгейде шешуге көмектеседі.
2. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына шағым түсіріңіз.
Қорға ресми өтінішті онлайн немесе тікелей қабылдау бөліміне тапсыру арқылы жолдауға болады.
Қор өкілдері ескертеді:
«Әр азамат өзінің тегін алуға құқы бар медициналық қызметін білуі керек. Егер бұл құқық бұзылса – дереу хабарласу қажет».
Сонымен…
МӘМС-ке қатыспасаңыз да, мемлекет базалық медициналық көмектің тегін пакетін кепілдендіріп отыр. Бұл – кез келген азаматтың денсаулығы күтпеген жағдайларда қорғалғанын білдіреді. Ең бастысы – өз құқықтарыңызды біліңіз және қажет кезде талап етіңіз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!