Бүгінде МӘМС-тің көмегі мол. Әсіресе, медициналық көмектің сапасын арттыру, халыққа қызмет көрсету деңгейін көтеруде аталған жүйе нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Сондай-ақ азаматтар мен медициналық мекеме арасындағы қарым-қатынас, ашықтық саясатына да қосар үлесі бары жасырын емес. Соның бір мысалы – таңдау құқығы. Мәселен, 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін жыл сайынғы медициналық-санитарлық көмек ұйымын еркін таңдау науқаны өткізілуде.
Жуырда Әлеуметтік медициналық-сақтандыру қорының обӨлыстық филиалының ұйымдастыруымен №6 қалалық «Alexey Sultan Akhmet» емханасында баспасөз туры өтті. Баспасөз туры барысында емхана мамандары тұрғындардың сауалына жауап беріп, жүйе жұмысымен таныстырды. Мамандардың сөзінше, науқанға аймақтың 25 емханасы қатысуда. Оның 14-і мемлекеттік, 11-і жеке меншік мекеме.
– Емхана таңдауда басты ескеретін жайт, ол үйге жақыны жаяу жететін жерде орналасқаны жөн. Бұл учаскелік дәрігердің немесе мобильді бригаданың көмегі қажет болған жағдайда оның жедел жетуіне, сондай-ақ, отбасы мүшелерінің бір дәрігерге қаралуына мүмкіндік береді. БМСК ұйымына тіркелген пациент жергілікті дәрігердің қабылдауы, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, скринингтік тексерулер, диагностикалық зертханалық және апаттық зерттеулер сынды медициналық көмек пен емдеуге жатқызуға жолдама алады. Тұрғын МӘМС жүйесінде сақтандырылу мәртебесі болмаса да емханаға тіркелудің еркін таңдауын пайдаланғанымен, әрі қарай толыққанды жоспарлы медициналық көмек алу үшін сақтандырылуы тиіс, – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының бөлім басшысы Абылайхан Рахимов.
Тұрғындар да аталған ерекшелікті ескеретінін тілге тиек етіп, емхана таңдау қадамының тиімді тұсын атап өтті. Шара барысында денсаулық сақтау саласының ардагері Бекбосын Ботабаев емхана таңдаудың мән-маңызын айтып, тұрғындарды белсенді болуға шақырды.
– Емханаға тіркелудің екі жолы бар. Алғашқысы, электронды түрде egov.kz арқылы тіркеледі. Екіншісі, жеке куәлікпен емханаға келу арқылы жасалады. Қай қадамды таңдаса да сапалы қызмет алуға толық мүмкіндік жасалған, – деді дәрігер-статистик Әйгерім Ардаққызы.
Айта кетейік, бүгінге дейін 2 мыңнан астам адам таңдауын жасады. Олардың көпшілігі мемлекеттік емханаларда тіркелген. Өткен жылғы науқан кезінде БМСК ұйымдарына өңірдің 14 мыңнан астам тұрғыны тіркелген екен. Оның 12,5 мыңы мемлекеттік емханаларды тандаған. Қазіргі таңда тіркелуге болатын барлық емханалардың тізімі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорының сайтынан «Клиника таңдау» бөлімінде толық қамтылған.
Дос ТАБЫЛДЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!