2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолданысқа енгені білгілі. Биыл осы бағыт бойынша «МӘМС» жүйесіне тұрғындарды қамтуға арналған Жол картасы аясында көптеген жұмыс атқарылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Үкіметтің кеңейтілген отырысында МӘМС жүйесінің тиімді болмағанын және нәтиженің жоқтығына тоқталған еді. Аталған мәселеге орай, жуырда облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен арнайы жиын өтті.
МӘМС жүйесінің толыққанды жүзеге асуына кедергі келтірген үлкен мәселе − өңірдегі сақтандырылмаған азаматтардың үлес салмағының жоғары болуы. Республика бойынша 15 млн астам тұрғын, яғни 82 процент азамат cақтандырылған. Ал аймақтағы көрсеткіш – 83 процент.
– МӘМС жүйесі бойынша бекітілген Жол картасында көрсетілген тапсырмаларды толық орындау, жергілікті атқарушы органдармен сақтандырылмаған азаматтарды МӘМС жүйесіне тарту мақсатында арнайы топтар құрып, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарына тың серпін беру қажет деп есептейміз.
Облыстағы кәсіпкерлік субъектілерге МӘМС жарналарының төлеу міндеттілігі туралы жазбаша ескертуге, оның ішінде табысын 0 деп көрсететін кәсіпкерлерге қатысты түсіндірме жұмысын жасауға қатысты ұсыныс жасалды. Әсіресе, қала, аудан, ауыл әкімдіктер соңғы 12 айда МӘМС жарналарын төлемегендер мен басқа да жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуды үйлестіру қажет, − деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов.
Қала мен аудандардағы сақтандырылмаған тұрғындардың әлеуметтік портретіне көз салсақ, басым дені соңғы 1 жылда аударымдар мен жарналарды төлемегендер (66,8%), құқықтық келісім шарт негізде жеке тәжірибемен айналасатындар(15,8%) және жалдамалы жұмыскерлер (7,5%) екеніне көз жеткіземіз. Міне, осыдан шығатын қорытынды, төлем жасамаған және басқа да санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту мәслесі туындауда. Сонымен қатар филиал директоры БЖТ төлеу туралы түсіндірме жүргізу ісін де тілге тиек етті.
Жиында аталған мәселеге қатысты өзекті мәселелер айтылып, ұсыныстар ортаға салынды.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!