МӘМС жүйесіндегі өзгеріс пен артықшылық көпшіліктің назарында екені анық. Әсіресе, балалар мен жүкті әйелдер, ҰОС ардагерлері мен атаулы әлеуметтік көмек алушыларға арналған қызмет түрі жыл санап құбылуда. Осы орайда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов аз-кем сұхбат құрып, саладағы жаңалықты білуге мүмкіндік туды.
– Бақыт, Торғайбайұлы, бүгінде МӘМС төлемін жеке кәсіпкерлер де төлейтінін білеміз. Бұл қалай жүзеге асады?

– «МӘМС туралы» Заңның 28-бабының 5-тармағына сәйкес ЖК, ШҚ иелері, жеке практикамен айналысатын азаматтар ай сайынғы төлем жасауға міндетті. Төлем мөлшері 2022 жылы 4 200 теңгені құрайды. Егер жеке кәсіпкер нөлдік декларацияны тапсырса, ол өзі үшін жарналарды төлеуге тиіс. Себебі мемлекеттік кіріс органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұр.
Сондай-ақ аталған заң аясында жеке кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер төлем жасамаған жағдайда айыппұл салынады. Егер жеке кәсіпкер, оның қызметкерлері зейнеткер, студент, мүгедек, көп балалы ана, тиісті марапаттары бар болса, өзі және жұмыскерлері үшін жарна төлемейді. Барлық басқа жағдайларда, тіпті ЖК басқа жеңілдік санатына кіретін болса да, жарналарды төлеу қажет. Тиісінше, егер жеке кәсіпкер салық есептілігін тоқтатқан болса, жұмыс істемесе, кіріс ала алмаса, сонымен бірге жеке тұлға бола тұра, үш жасқа толғанға дейін бала күту немесе бала күтімі бойынша демалыста болса, онда бұл адам міндетті медицина­лық сақтандыру жарнасын төлеуден босатылады.
– Емханаға барған азамат­тарды «сақтан­­­­­­дырыл­маған­сыз» деп қайтарып жіберетін жағдайлар кездеседі. Бұл қаншалықты заңды?
– Бүгінгі таңда аймақта 663 932 адам сақтандырылған болса, халықтың 17 проценті сақтандырылмаған мәртебеде қалып отыр. Бірақ өзінің мәртебесіне қарамастан, азаматтардың бұл санаты тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтерді ала алады. Осы орайда сақтандырылмаған азаматтар жүгіне алатын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне не кіреді деген сауал туындайтыны шындық. Оған жедел жәрдем қызметі, белгілі бір жағдайларда медициналық авиацияны тарта отырып көрсетілетін жедел медициналық көмек, медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметтері жатады.
– МӘМС жүйесінде жеңілдік қарастырылған санаттар туралы тарқатып өтсеңіз.
– 2020 жылдан бастап МӘМС жүйесіне 15 жеңілдетілген санат бойынша жарналар аудару бастады. Яғни, азаматтардың төлемін мемлекет төлейді. 15 жеңілдік санатындағы азаматтар «сақтандырылған» мәртебесіне қол жеткізіп, оларға МӘМС тізіміне кіретін барлық медициналық қызмет тегін көрсетілетін болады.
Мемлекет есебінен МӘМС үшін жарна төленетін жеңілдікке ие 15 санат қатарына кімдер кіретінін атап өтейін. Олардың қатарына 18 жасқа дейінгі балалар, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жұмыс істемейтін қандастар және қылмыстық-атқару жүйесі мен тергеу изоляторларындағы адамдар, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған азаматтар кіреді.
Оған қоса жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа толмаған бала тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемейтін тұлға, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты, сондай-ақ бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыстағы азаматтар да аталған санатқа ие. Сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесіне ие болады.
Сонымен қатар мүгедек баланы күтіп-бағатын, I топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін азаматтар, зейнетақы төлемдерін алушылар, ҰОС ардагерлері, және жұмыс істемейтін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар да жеңілдікке ие.
Жеңілдік санатының тізіміне орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алатын тұлғалар енеді. Бір ескерерлік жайт, Қазақстанда оқитын студенттер жеңілдетілген санатқа автоматты түрде қосылады.
Бұл жерде шетелдік оқу орындарында күндіз оқитын қазақстандық студенттер МӘМС жүйесінде «сақтандырылған» тұлғалардың автоматты түрдегі жеңілдік мәртебесін бірден ала алмайтынын ескеру керек. Олар egov.kz электронды үкімет порталындағы сервисті пайдалана отырып, жүйеде өз бетінше тіркелуі қажет. Студент әрбір семестр аяқталғаннан кейін сақтандырылу мәртебесін тексеруі және оқудың өзектілігін растауы қажет екенін есінде ұстағаны дұрыс. Өйткені дерекқордағы мәліметтер өзгеруі мүмкін.
Егер кімде-кім осы 15 санаттың біріне кірсе, бірақ «сақтандырылмаған» болсаңыз, растайтын құжаттар тізімін жинап, Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыруы шарт. Ақпарат мемлекеттік органдарға жолданып, тиісті шаралардан соң «сақтандырылған» мәртебесі беріледі және аталған санаттағы азаматтар үшін мемлекет жарна төлейді.
– МӘМС тарапынан тіс дәрігеріне қаралуға бола ма?
– МӘМС жүйесінде жоспарлы стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі. Олар мұндай қызметтерді жоспарлы түрде ала алады. Яғни, анестезия, пломба салу, терапиялық қабылдау, пульпитті, периодонтитті емдеу, гипоплазия, флюороз кезінде тістің анатомиялық формасын толық функционалды қалпына келтіру секілді қажеттілікте қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ тісті жұлудың хирургиялық әдістері, еріннің, тілдің френальды болігіне платикалық хирургия, жақ рентгені және анестезия кезінде де пайдалануға болады.
Жоғарыда тоқталып өткен азаматтарға шұғыл жағдайларда хирургиялық қабылдау, тұрақты тісті жұлу, абсцесті ашу, одонтогенді кистаны кетіру, альвеолитті емдеу, луночка жүйкесінің невритін емдеу, ауыз қуысының жұмсақ тіндерін кесу, жақ-бет аймағының жарасын бастапқы хирургиялық өңдеу сияқты қызметтер көрсетіледі. Сондай-ақ жақ-бет аймағының туа біткен патологиясы бар балалар мемлекеттік тапсырыс есебінен ортодонтиялық көмек ала алады.
Науқас стоматологиялық клиниканы таңдауға ерікті. Тек медициналық ұйым МӘМСҚ дерекқорында болуы тиіс. Елімізде МӘМС бойынша стоматология қызметтерін 600-ден астам медициналық ұйым көрсетеді, олардың 40-ы Қызылорда облысында орналасқан.
– МӘМС арқылы тегін дәрі-дәрмек алуға болады. Оны кімдер алады, тізімде қандай дәрілер бар, белгілі бір диагноз көрсетілген бе?
– Денсаулық сақтау саласындағы нормативтік құқықтық актілер азаматтардың белгілі бір аурулар болған кезде ТМККК және МӘМС қаражаты есебінен амбулаториялық деңгейде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды алуына мүмкіндік береді. ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № 75 бұйрығымен бекітілген Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу ересектер мен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған тегін дәрі-дәрмектер тізімін айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, амбулаториялық тізбеге қосымша инфекциялық және паразиттік, ас қорыту аурулары, эндокриндік бұзылулар, жүйке жүйесінің, көру мүшелерінің қабыну және қабыну емес аурулары және қан айналымы жүйесінің аурулары мен тыныс алу органдарының аурулары секілді нозологиялар енгізілді.
Бүгінгі күні амбулаториялық деңгейде ТМККК шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 347 атауы бойынша 49 нозология, МӘМС жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 265 атауы бойынша 79 нозология қамтамасыз етіледі. Дәрі-дәрмек алу үшін науқас өзінің жергілікті дәрігеріне жүгінуі тиіс. Жергілікті дәрігер науқастың жағдайын бағалайды және қажет болған жағдайда дәрілік заттарды алуға рецепт жазады. Науқас жеке басты куәландыратын құжат және рецептпен емхананың дәріханасына хабарласуы керек.
Естеріңізге сала кетейік, жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде барлық дәрілік заттар тегін беріледі.
– Әрние, МӘМС-тің көмегі көп-ақ. Алайда аталған қордың көмегін алу кейде ұзақ уақытты талап етіп жатады. Мұндай жағдайда не істеуге болады?
– Ондай жағдайда жергілікті дәрігер басқа медициналық ұйымның маманының кеңесіне жолдама беруі тиіс. Ол қажетті медициналық қызметті көрсете алады. Сондай-ақ, науқас өзіне керекті медициналық қызметі бар медициналық ұйымды өз бетінше табуға құқылы. Ол үшін Қордың fms.kz ресми сайтына өтіп, «Медициналық қызметтерді сатып алу» бөлімінде «Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқоры» тізбесін қарау жеткілікті. Онда «Консультациялық-диагностикалық қызметтерді жеткізушілері» тізбесінде медициналық ұйымның бар-жоғын тексеру қажет. Егер қалаған медициналық ұйым Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеткізушілері арасында болса, онда осы клиникаға жергілікті дәрігерден жолдама сұраңыз. Егер тағы басқа сұрақ туындаса, емханадағы науастарға қолдау көрсету қызметіне хабарласуға болады. Егер ол жерде де лайықты көмек көрсетілмесе, онда өзіңізге ыңғайлы байланыс арнасы арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтініш жібере аласыз. Бізде fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot каналы үздіксіз қызмет көрсетуде. Дәл осы құралдар сақтанды­рылу мәртебесін тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, медицина­лық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеріп, жүргізілген төлемдер туралы ҚР электрондық үкіметінің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медицина­лық қызметтер туралы және МӘМС-ға аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы біле аласыз.
– Әңгіме­ңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!