12 айға алдын-ала төлеу әдісін «сақтандырылған» мәртебесі бар, сондай-ақ жүйеге ешқашан төлем жасамаған немесе оны жүйесіз жасаған барлық дербес төлеуші пайдалана алады. Бұл қалай жұмыс істейді және төлеушілер қандай ерекшеліктерді білу керек? Бұл жөнінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Жақсылық Абдусаметов түсіндірді.

Төлем жасамас бұрын, мәртебеңізді және соңғы 12 айдағы төлемдердің болуын тексеріңіз. Мұны «Qoldau-24/7» мобильді қосымшасы, «Telegram»-дағы «SaqtandyruBot » арқылы немесе «eGov.kz» электрондық үкімет порталындағы жеке кабинет арқылы жасауға болады.

Үзінді көшірмеде сіз әр ай үшін төлемдерді жеке-жеке көресіз. Егер бірнеше төленбеген ай болса, сізге олар үшін әлдеқайда аз мөлшерде төлем жасап, мәртебені алу тиімді болады. Бірақ осыдан кейін мәртебеңізді жоғалтпау үшін ай сайын жарналарды төлеуді ұмытпаңыз.

Егер ешқандай төлем болмаған жағдайда, онда төлемді өткен жылға емес, алдағы 12 айға жасаған тиімді.

МӘМС жарналарын екінші деңгейдегі кез келген банктердің мобильді қосымшалары, жылдам төлем терминалдары және «Қазпошта » филиалдары арқылы төлеуге болады.

Дербес төлеушінің төлем тағайындау коды – 122.

Алдағы 1 жылға төлем жасағыңыз келсе, ағымдағы айдан бастап барлығы 12 айға жеке-жеке әр айды, жылын көрсетіп төлеу керек. Егер ағымдағы айдың аяқталуына шамалы күндер қалса немесе осы айда медициналық көмекке жүгінуді жоспарламасаңыз, төлемді келесі айдан бастап жасаған жөн. Сонда Сіз бір жыл бойы сақтандырылған боласыз.

Жүйе төлемдерді дұрыс есептеу үшін жарналар әр айға бөлек төленеді. Төлем кезінде ЖСН, төлем енгізілетін ай мен жылды дұрыс көрсету маңызды.

Сіз 12 айға бірден төлей алмайсыз, өйткені жүйе әр ай үшін төлемді бөлек оқиды. Қате жіберген кезде мәртебені жоғалтпау үшін осы кезең жарналарын қайтадан төлеуіңіз керек, ал қате төленген соманы қайтаруға болады. Қате төленген соманы қайтару «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өтініш берген жағдайда жүзеге асырылады.

Жарналарды 3 жұмыс күні ішінде төлегеннен кейін жүйеге төлемдердің түсуін және мәртебенің берілуін тексеру қажет.

Төлем ұзақ уақыт бойы жүйеге түспесе, төлем кезінде қате жіберілген болуы мүмкін. Ең алдымен, тексерулерге енгізілген деректердің дұрыстығын қайтадан тексеру қажет. Содан кейін банкке қоңырау шалып, төлемнің бар-жоғын біліңіз. Егер жоқ болса, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына қоңырау шалыңыз, өйткені МӘМС жүйесіне барлық төлемдер Ұлттық банктегі арнайы шотқа түседі, содан кейін халыққа медициналық көмек Қор арқылы бөлінеді.

Еске салайық, МӘМС жүйесіндегі мәртебені келесі жолдармен тексеруге болады:
• Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайты: «msqory. kz»
• «Telegram-бот» (https://t.me/ SaqtandyryBot)
• «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы
• Кейбір екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары
• «egov.kz» электронды үкімет сайтының «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі төлемдер мен жарналар туралы ақпарат беру мемлекеттік қызметі арқылы.

Айгүл АХАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!