Kyzylorda-news.kz. Денсаулық сақтау министрлігі бетпердеге жүрген құрттар туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бірақ тиісті куәлігі бар медициналық маскаларды ғана сатып алуға кеңес беріп отыр, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде маскадағы «құртттар» туралы видеолар тарап жүр. Адамдар бетпердені ыстық судың буына қойып, қара талшықтардың қозғалғанын түсірген.

Біреулер оны «у» десе, енді біреулер «паразит» деп санайды. «Тамаққа әдейі жібереді» дейтіндер де бар. Содан «құрты» бар бетпердені тезірек құртуға тырысады.

Телеарна тілшілері де бетпердені ыстық будың үстіне қойып, эксперимент жасап көрген. Бірақ «құрттар» шықпады.  Ал осы видеодан кейін денсаулық сақтау министрлігі медициналық бетперделердің құжаттарын тексеруге кірісті. Әзірше, ешқандай заң бұзушылық анықталған жоқ. Дегенмен, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бетпердені сатып алғанда тиісті куәлікті талап етуге кеңес беріп отыр.

«Бүгінде медициналық маскалардың арасында қандай да бір құрт, я болмаса, «личинка» бар деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Біз азаматтардан медициналық маскаларды тиісті куәлігі бар болса ғана сатып алуды өтінеміз. Ал құрт немесе «личинкасы» бар маскалар кездессе, фармацевтикалық бақылау комитетіне хабарласуды өтінеміз. Бүгінде ондай арызбен хабарласқан азаматтар жоқ», – дейді комитеттің ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Ал халықтың көріп жүргені құрт емес. Бар болғаны материалдың ыстық бумен синтезделу нәтижесінде болатын процесс екен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!