Жалпы адам баласы болған соң балтыр сыздап, бас ауырмай тұрмайды. Аурудың жеңіл-желпісіне бей-жай қарайтын біздің менталитеттің кейде (қазақылықпен «бір терлесем жазылармын» дейтін пәлсапа ғой) дерт жанына батқанда ғана дәрігер іздеп шарқ ұратыны. Ал дүниеге сәби әкелетін ананың жай-күйі тіптен бөлек. Құрсаққа бітісімен жауапты маманның қадағалауында болатын олардың бір сенері де – осы ақ халатты жандар. Оның ішінде «акушер» дейтін сала тізгінін ұстағандардың көмегіне көп жүгінеді.

Қазалылық Жадыра Сыдықованың дәрігерлік қызметі 15 жылға жуықтапты. Бекарыстан би ауылында туған ол 2005 жылы мектеп бітірген соң облыс орталығындағы жоғарғы медициналық колледжге грантпен оқуға түсіп, 2008 жылы “Акушер” мамандығын аяқтап шығады. Содан соң Қазалыға оралып, аудандық емханаға жұмысқа орналасады.
– Қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем Қарасай қырық жыл бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, күріш екті. Одан бөлек, домбырамен дәстүрлі ән, терме айтып, күй де шертетін. Ал анам үй шаруасында болды. Бірақ олар біздің жақсы оқып, адам болып қалыптасуымызға қазақы тәрбие беріп, дұрыс бағытта өсіргеніне алғыс айтамын. Мектепте де сабақты жақсы оқып, әсіресе, тіл-әдебиеті, шет тілі пәндерінен түрлі олимпиадалық жарыстарға қатысып жүрдік. Спорттық додалардан да қалмайтынмын. Ал колледжді тәмамдаған соң елге оралып, мамандығым бойынша қызметімді бастадым. Алғашқы жылдары аудандық емханадағы хирургия, стоматология бөлімдерінде мейірбике болсам, 2011 жылдан бастап аудандық аурухананың әйелдер емделетін бөліміне акушер болып орналастым, – дейді Жадыра.
Бүгінде Жадыра әр науқаспен жұмыс жасап, шұғыл жағдайларда уақытқа қарамай еңбек етіп жүр. Сондай-ақ оның адамдарды отаға дайындап, сондай іс-әрекет барысында жылы сөзді аямай, жас босанатын аналарға күш-жігер беріп, ынталандыратын естідік.
– 2014 жылы аурухананың «Перзентхана» бөлімінде жұмыс істедім. Сонда жаңа туған сәбиді қарау, аналардың өз бауыр еті баласына деген махаббатын көру – ерекше сезім. Жалпы, мектеп кезінен әдеттенгендікі шығар, жұмыс барысында әр түрлі шаралардан қалмай қатысамын. Әсіресе, спорттық додаларда. Бір жолы «Ұзақ өмір сүруің – өз қолыңда» спорттық сайысында екінші орын иемдендім. Біліктілікті арттыру мақсатында бірнеше курсты бітіріп, 2015 жыл ІІ-категориялы, ал үш жыл бұрын ең жоғары категориялы акушерка сертификатын алдым. Бұдан өзге ауданның бас дәрігері және аудандық әкімшілік тарапынан «Алғыс хат» пен «Құрмет грамотасымен» марапатталдық. Бастысы бұл емес, бізге ең керегі – ана мен балалардың саулығы, – дейді акушер.
Сондай-ақ кейіпкеріміздің былтыр ғана арнайы акушерлер арасындағы сайысқа қатысып, жүлделі екінші орын алғаны бар. Ал биыл Қазалы ауданаралық ауруханасында «Мейіргер ісінде білім, ғылым және практиканың үштұғырлығы» сайысында «Үздік аурухана акушеры» атанып, бірінші орынды иеленепті. Осыдан соң облыста өтетін сайысқа жолдама берілген. Енді Жадыра сәуір айының 24 күні өтетін аймақтық додада бақ сынамақ.
– Жадыраның бір қасиеті – ол ауруханада жатқан барлық әйелге бірдей, яғни, мейіріммен қарайды. Өзіне жүктелген тапсырманы асқан тиянақтылықпен атқаратыны тағы бар. Әрбір босанған ана мен іңгәлаған сәбидің саулығын шын жүректен тілеп, жылы сөзін де, дәрі-дәрмегін де уақытында ұсынып жүреді. Біз оған ризамыз. Отбасына амандық тілей отырып, өз мамандығына адал Жадыраның шығар биік белесі мұнан да көп деп ойлаймыз, – дейді емделушілер Айдана Тастыбай мен Жаннат Жалиева.
Бүгінде 4 ұл және бір қызғалдақтай ару тәрбиелеп отырған Жадыра Сыдықова әулетте үлгілі келін, ізетті ана. Қызмет пен отбасын қатар алып жүрген көпбалалы дәрігердің бұл ісі өзге замандастарына үлгі болары анық.
– 2009 жылы тұрмысқа шықтым. Қазір жолдасымыз екеуміз бес баланы тәрбиелеп отырмыз. Иә, мен бақытты анамын, бақытты жармын, бақытты келінмін. Бос уақытымды көбіне-көп балаларыма арнаймын. Сабағын оқытып, бірге қыдырып, қолымнан келгенше өзім көрген дұрыс тәрбиені бойларына сіңіріп келемін. Сабағы мен өзге де үйірме жұмыстарын қадағалап, келешекте дұрыс азамат болуына бағыт жасап жүрмін. Айтпақшы, біз биыл №14 «Сәуле» балабақшасында «Анасы мен қызы» сайысына қатысып, «Өнерлі ана, ару қыз» номинациясымен бірінші орынды жеңіп алғанымыз бар. Бар арманым – осы балаларымның дұрыс азамат болғаны, – деп ағынан жарылды Жадыра сөз соңында.
Бізде іштей тілектестік білдіріп, акушер ананың алдағы қадамына сәттілік тіледік.

Ержан ҚОЖАС,
Қазалы ауданы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!