Маусымның үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Осы атаулы күні ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленеді.
Осыған орай бүгін Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында медицина қызметкерлеріне арналған “Адам жанының шипагерлері” атты салтанатты шара өтті. Шара басында дәрігерлер қауымының сырқатқа ота жасау сәтінен бейнекөрініс көрсетіліп, арты сахналық қойылымға ұласты. Мұнан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сахна төріне көтеріліп, ақ халатты абзал жандарға жүрек жарды жылы лебізін жеткізді.
– Халық Сіздерді «адам жанының қорғаушысы» деп атайды. Үмiтке үмiт жалғап, деннің саулығын, ғұмырдың ұзақтығын сабақтастырып жататын да осы дәрігерлер қауымы. Науқастың дертіне дауа сыйлаушы, әрбір емделушінің жағдайын жасап, олардың тез жазылуына септесіп жүрген жандарға қандай құрмет көрсетілсе де артық емес. Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, төгілген тер, танытқан төзімдеріңіз үшін алғыс айтамын. Алдағы уақытта да халықтың ризашылығына бөленіп, ел өмірінің жақсаруына өз үлестеріңізді қоса берулеріңізге тілектеспін! Отбасыларыңызға, өздеріңізге амандық, саулық тілеймін!
Мемлекетіміздің медицина саласына адал қызмет етіп, абыройлы болыңыздар! Еліміздің бүгіні баянды, ертеңі нұрлы, келешегі келбетті болсын, – деді аудан басшысы.
Медицина қызметкерлері мерекесіне орай бірқатар сала мамандары марапат төрінен көрінді. Олардың қатарында ҚР денсаулық сақтау министрінің “Алғыс хаты”, облыс әкімінің “Алғыс хаты” және аудан әкімінің «Алғыс хатына» ие болғандар бар. Одан бөлек, бірқатары Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен “Senim” денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының “Құрмет грамотасы” және “Алғыс хатын” иеленді. Сонымен қатар, “Қазалы ауданының құрметті азаматы” атағын, ҚР халқының өмірі мен денсаулығын сақтауға сіңірген абыройлы еңбегі үшін “Алтын дәрігер” төсбелгісімен және Республикалық “EL QURMETY” қоғамдық қорының шешімімен медицина саласына қосқан еселі еңбегі үшін “Құрметті дәрігер” төсбелгісімен алғандар да болды. Мерекелік шарада өнерлі медицина саласының қызметкерлері әуелете ән шырқап, қонақтарды өнеріне тәнті етті.
Кеште медицина саласының ардагерлері де назардан тыс қалмай, сала ардагерлеріне арнайы сый-сияпаттар тапсырылды.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!