12 мамыр – Халықаралық мейіргерлер күні. Атаулы мереке 1974 жылдың қаңтарында ICN-нің (Халықаралық медбикелер кеңесі) бастамасымен ресми түрде бекітілді. Мейірбикелер ісінің негізін қалаушы англиялық Флоренс Найтингейлдің туған күніне белгіленген бұл мейрам біздің елімізде тәуелсіздік алған жылдан бері тойланып келеді. Қазір ICN дүние жүзінде 130-дан астам мемлекеттегі, оның ішінде 27 миллионнан астам медбикені біріктіретін қауымдастық.
Медицина саласын медбикесіз елестету мүмкін емес. Біз әсте «бірінші байлық – денсаулық» екенін естен шығарып алып жатамыз. Ауырмайтын жол іздеудің орнына ауырып ем іздейтініміз тағы да рас. Дәл осы тұста әрбір пациентке жасалатын қандай да бір күтім мен қызмет түрлерінің 80%-ы медбикелер үлесінде. Олар дәрігердің барлық нұсқауын бұлжытпай орындап, әрбір науқастың сауығу процесінде маңызды рөл атқарады.
Қиындығы мен жауапкершілігі мол сала мамандарының мерекесіне орай «Достық үйінде» «Мәңгілік мейірім символы – мейіргер» атты салтанатты шара өтті. Ән мен күй де, мың бұралған би де құрметті маман иелеріне арналды. Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі «Қызылорда облыстық фтизиопульмонология орталығы» ШЖҚ КМК-ның мейіргері Мая Маханбетжановаға табысталса, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен «Қызылорда теміржол ауруханасы» ЖШС мейіргері Гүлнаш Жұбаниязова марапатталды. Сонымен қатар бірқатар мейіргерге облыс әкімі мен қала әкімінің, «Аманат» партиясы облыстық филиалының марапаттары табысталды.
– Мейірбике болу – мәртебелі әрі жауапты мамандық. Еліміздің денсаулық сақтау саласының дамуы әрбір ақ халатты жанның қосқан үлесіне, білімі мен тәжірибесіне байланысты. Ұлт саулығы мемлекеттің негізгі капиталы десек, сол баға жетпес қазынаны қызғыштай қорып жүрген мейіргерлер күнін салтанатты түрде өткізу дәстүрге айналып келеді. Жалпы облыста 20 мыңға жуық медицина қызметкері болса, соның 12 мыңы – орта буын әріптестеріміз, яғни, мейіргерлер. Республикалық статистика бойынша біздің облыс – аталған мамандармен толық қамтылған өңірдің бірі. Аймақта жылына 1000-ға жуық мейірбике даярланады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков.
Қазақстан Республикасының жедел медициналық жәрдем қауымдастығының «Үздік қызметкер» төсбелгісіне облыстық жедел жәрдем стансасының фельдшерлері Фарида Ильясова мен Бауыржан Әбенов лайық деп танылса, тағы да бірқатар медицина саласының маманы «Мейіргерлер ісі ассоциациясының» медалі және «SENIM » Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төсбелгісі және алғыс хаттарымен марапатталды.
Сонымен қатар шара барысында мейіргерлер күніне орай ұйымдастырылған облыстық «Үздік маман – 2024» кәсіби конкурсының жеңімпаздары анықталып, арнайы номинациялар табысталды. Адам жанының арашасы болған, антына адал ақ халатты абзал жандар барлық құрметке лайық.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!