Өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған құрылғылар кейде қауіп төндіруі мүмкін. Daily Mail мәліметінше, ұлыбританиялық аудиологтардың зерттеулері қарапайым құлаққаптардың танымалдығы есту қабілетінің нашарлауына ғана емес, сонымен қатар, ми қызметінің бұзылуына және Z ұрпағы арасында неврологиялық аурулар көбеюіне әкелгенін көрсеткен, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазір айналамызда дыбыс көп – көлік, метро шуылы, басқа да дыбыстар. Көп адам үшін шудан құтылудың шешімі – шуды басатын (noise canceling) құлаққаптар. Олар сүйікті музыка немесе подкаст тыңдауға мүмкіндік береді. Алайда сарапшылар мұндай тәсіл мидың жұмысына кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.

Ұлыбританиялық аудиология академиясының вице-президенті Клэр Бентонның айтуынша, үнемі сыртқы дыбыстарды бұғаттау миды табиғи жаттығудан айырады. Уақыт өте келе ми қажет дыбыстарды сүзгіден өткізу қабілетін «ұмытып», есту өңдеу бұзылысына әкеп соғуы мүмкін. Бұл жағдайда адам сөйлесуді қабылдауда қиындықтарға тап болады, әсіресе, шулы ортада.

Құлаққаптар кімдер үшін қауіпті?

Жасөспірімдер мен жастар үлкен қауіпке ұшырайды, себебі олардың миы әлі даму үстінде. Егер адам жас кезінен «акустикалық вакуумда» өмір сүруге дағдыланса, оның қоршаған ортаға бейімделу қабілеті төмендеуі мүмкін. Сондықтан мамандар тепе-теңдік сақтауды ұсынады: тыныштықтан ләззат алу керек, бірақ мидың табиғи ортадағы дыбыстармен жұмыс істеуіне мүмкіндік беру маңызды.

Қазір көптеген жасөспірім, студент шуды басатын құлаққаптарды тұрақты қолданады. Дәрігерлер бұл үрдіске алаңдаулы, өйткені есту қабілеті бұзылды деп шағымданатын жастардың саны артып барады, алайда медициналық тексеріс кезінде олардың құлақтарында ешқандай мәселе анықталмайды. Мәселе мида: оған дыбыстарды өңдеу қиынға соғады.

Құлаққаптарды ұзақ қолданудың салдары қандай?

Imperial College Healthcare NHS Trust ұйымының аудиология бойынша сарапшысы Рене Алмейда мидың әртүрлі дыбыстарды қабылдауы маңызды екенін айтады. Бұл оның маңызды ақпарат пен шуды ажырата білуіне көмектеседі. Егер адам үнемі жасанды дыбыстық оқшаулау жағдайында болса, бұл қабілет әлсірейді. Салдарынан:

  • Сөйлеуді қабылдау қиындайды,
  • Әңгімелесуде қиындықтар туындайды, т.с.с.

Бұрын мұндай бұзылыстар тек жарақаттар немесе аурулармен байланысты болса, қазір мамандар шуды басатын құлаққаптардың әсерін жиі айтады. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!