ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 18 ақпандағы №11 Қаулысына сәйкес медициналық қызметкерлер, мүгедектігі бар адамдар және 50 жастан асқан азаматтарға «Pfizer» вакцинасын егуге рұқсат етілді. Бүгінде инфекциялық стационарда – 46 адам ем қабылдаса, 12 науқас жансақтау бөлімінде. Сондай-ақ, 123 891 облыс тұрғыны ревакцинациядан өтті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов хабарлады.
«Облыста соңғы тәулікте 3 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны белгілі болды. Бүгінде инфекциялық стационарда – 46 адам ем қабылдаса, 12 науқас жансақтау бөлімінде. Сондай-ақ, 123 мыңнан аса облыс тұрғыны ревакцинациядан өтті. Сонымен қатар, вакцинаның І компонентін алғандар 93,8 пайыз болса, ІІ компонентін 91,5 пайызы қабылдады. Ал «Pfizer» екпесімен 55 859 адам қамтылды. Оның 48 мыңнан астамы жасөспірімдер болса, 2 291 жүкті әйелдер қабылдаған. Тағы бір айта кететін жайт, вакцинаның үшінші дозасын алғандар арасында вирус жұқтырғандар жоқ. Қазіргі таңда облыста аурушаңдық деңгейі төмендеп келеді», – деді Жангелді Шайымбетов.
Жыл басынан бері оқшалану тәртібін бұзған «қызыл» мәртебедегі 162 тұрғын анықталды. Ал карантин тәртібін бұзған 25 адамға әкімшілік айыппұл салынды. Өңірдегі белсенді ошақтар саны – 70, ал ұйымдасқан ұжымдағы ошақтар саны – 16-ны құрайды.
«Екпемен қамтылғандардың басым көпшілігі облыс орталығының үлесінде. Аудандар бойынша жоғары көрсеткіш Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарына тиесілі. Сондай-ақ, 4 мыңға жуық нысан «Ashyk» жүйесіне қосылған. Басым көпшілігі қоғамдық тамақтану нысандарының үлесінде. Сонымен қатар, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 18 ақпандағы №10 Қаулысына сәйкес «Ashyk» жүйесі бойынша «көк» және «жасыл» мәртебедегі адамдарға ойын-сауық орталықтарына еш кедергісіз кіруге рұқсат берілді», – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!