Барлық ана жаңа туған нәрестенің сарғаюы туралы естіген болар. Ол қандағы билирубин деңгейінің жоғарылауынан туындайды. Статистикаға сәйкес, билирубин жаңа туған нәрестелердің 50 пайызында шамадан тыс артуы мүмкін (шала туған нәрестелерде сәйкесінше бұл көрсеткіш тіпті жоғары болмақ. 80 пайызға дейін сарғаюдан зардап шегеді).

Билирубин дегеніміз не?

Бұл қызыл қан жасушаларының (оттегін тасымалдауға жауапты қан жасушалары) ыдырауы нәтижесінде пайда болатын өт пигменті. Жаңа туған нәрестеде қызыл қан жасушалары ыдырай бастайды. Алайда бауыр әлі толықтай жетілмеген, тиісінше ыдыраған өнімдерді өңдеу үшін ферменттер жеткіліксіз көлемде болады. Сондықтан жаңа туған нәрестелерде билирубин деңгейінің жоғарылауы жиі байқалады. Бұл физиологиялық тұрғыдан болуы мүмкін, тиісінше билирубин деңгейі айтарлықтай артпаған болса, сарғаю өздігінен кетеді. Бірақ кейбір жағдайларда патологиялық сарғаю кездесіп жатады. Сәйкесінше бұл міндетті түрде емдеуді қажет етеді.

Билирубинді тексеру үшін қандай сынақтардан өту керек

– Қандағы билирубин деңгейін анықтаудың ең бір тура әрі нақты әдісі – биохимиялық қан сараптамасы. Егер дәрігер балада патологиялық сарғаюдың дамуына күдіктенсе,міндетті түрде бұл тексерісті тағайындайды.Сондай-ақ, тері арқылы қандағы билирубиннің мөлшерін анықтайтын арнайы аппарат та бар.Бұл сынақ ең жылдамы, бірақ дәлдік мөлшері нақты емес болғандықтан, көмекші сынама түрі ретінде қолданылады.

Қалыпты физиологиялық сарғаюды патологиялық жағдайдан ажыратып алу үшін, дәрігер қандағы жалпы билирубин деңгейінің көрсеткішімен қоса,басқа факторларды да ескеруі керек.Сондықтан жаңа туған нәрестеге дәрігер тарапынан қосымша сынақтар тағайындалуы мүмкін.Мысалы, гемоглобин мен қызыл қан жасушаларының деңгейін тексереді. Физиологиялық сарғаю кезінде бұл мөлшер қалыпты болып қалады. Қандағы тікелей және жанама билирубиннің деңгейі де ескеріледі. Физиологиялық сарғаюда тікелей билирубин 20 пайыздан аз болады.

Жаңа туылған нәрестелердегі билирубиннің нормасы

Қандағы билирубин деңгейінің жоғарылауы алғашқы 3-4 күннің ішінде-ақ барлық жаңа туған нәрестелерде байқалады.

Егер жаңа туған нәрестенің қанындағы билирубиннің нормасы туралы айтатын болсақ,  онда төмендегідей көрсеткіштерді басшылыққа алу керек.

Баланың жасы Қандағы билирубин деңгейі (мкмоль/л)

Бірінші тәулікте 85-ке дейін

36 сағатта 150-ге дейін

48 сағатта 180-ге дейін

3-5 күннен кейін   256-ға дейін

6-7 күннен соң 145-ке дейін

Екі аптадан кейін 20,5-ке дейін

Жаңа туылған нәрестелерде билирубин деңгейінің жоғарылауы

Жоғарыда атап өткеніміздей, жаңа туған нәрестенің жағдайы қалыпты деңгейде болса, және басқа да денсаулығына қатысты алаңдататын белгілер болмаса,билирубин деңгейінің 256 мкмоль / л дейін жоғарылауы қауіпті емес. Егер бұл мөлшерден асып кететін болса, патологиялық сарғаюдың дамуына нұсқайды және қауіпті.

Нақты қандай қауіп бар?

– Қандағы билирубин деңгейінің тым жоғары көтерілуі («патологиялық» сарғаюмен) мидың зақымдануына әкелуі мүмкін.Сонымен қатар, баланың шала туылу, ми гипоксиясы, анемия, жатырішілік инфекция, кейбір антибиотиктерді қабылдау және т.б. сияқты жағдайлар билирубин энцефалопатиясының даму қаупін өз кезегінде арттыра түседі.

Қалай қалыпқа келтіруге болады?

Физиологиялық сарғаю кезінде билирубин қатты жоғарыламайды, бала өзін қалыпты сезінеді, оны түсіру үшін қандай да бір шара қолданудың қажеті жоқ. Билирубин ақырындап өзі түседі, бұл шамамаен баланың бір айлық кезінің аяқталуына қарай болады. 

“Билирубинді төмендетудің заманауи әдісі – бұл фототерапия. Оның ұзақтығы мен қарқындылығы баланың туу кезіндегі дене салмағына, сондай-ақ билирубин көрсеткіштерінен қаншалықты жоғары болуына байланысты.

            Ана мен бала орталығының неонатолог-дәрігерлері:

Мақашева Г.Б.

                                                                                                                    Ибраева Э.Ж.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!