Мәжілісмендер «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Денсаулық сақтау министрі құжат шеңберінде медицина немесе фармацевтика қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық құқық бұзушылықтарды ізгілендіру (гуманизация) және Қылмыстық кодекстің 317-бабының санкциялық шараларын төмендету бойынша нормаларды ұсынды.

«2018 – 2020 жылдары жеке және заңды тұлғалардан 14 123 өтініш келіп түсті. Оның ішінде Қылмыстық кодекстің 317-бабы бойынша медицина қызметкерлеріне қатысты кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жыл сайын 300-ге жуық іс, жиі жағдайда өліммен аяқталу қаупі бар хирургиялық бейіндегі мамандарға (акушер-гинекологтар – 14 адам, хирургтар – 14, травматологтар – 8, анестезиологтар-6) іс қозғалады», – деді министр.

Ведомство басшысының сөзінше, заң жобасында науқасты дұрыс емдемеген дәрігердің жазасын жеңілдету көзделген.

«Құжатта айыппұл мөлшерін және денсаулығына орташа және ауыр абайсызда зиян келтіргені үшін қамауға алу мерзімін төмендету, пациенттің денсаулығына ауыр зиян келтіргенде немесе қайтыс болғанда «бас бостандығынан айыруды» жазаның мерзімін қайта қарап, «бас бостандығын шектеуге» ауыстыру ұсынылады. Бұдан бұрын Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қоғамдастықтың пікірін ескеріп, жазаны ізгілендіруге бірнеше рет әрекет жасаған болатын», – деді Ажар Ғиният.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!