Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина саласының ардагері Асылбек Тоғызбаевты мерейтойымен құттықтады. Іс-шараға ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, Асылбек Тоқмырзаұлының әріптестері қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аймақ басшысы мерейтой иесінің халық денсаулығын сақтаудағы ерен еңбегін атап өтіп, ізгі тілегін жеткізді.
«Сырбойылықтар еңбекпен келген абыройдың қадірін біледі, қасиетін жоғары бағалайды. Бүгін саналы ғұмырын осы салаға арнаған, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Тоғызбаев Асылбек Тоқмырзаұлы мерейлі 75 жасқа толды. Халқымыз алғыс арқалаған, ілтипатқа бөленген өзіңіздей ел ағаларымен мақтанады. Сізге тілеулес азаматтардың, ақ-адал ниетті жерлестеріңіздің атынан бүгінгі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтап, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Іс-шарада мерейтой иесіне Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталып, жұбайы, медицина саласының ардагері Мейрамкүл Ерғалиқызына сый-құрмет көрсетілді.
Асылбек Тоқмырзаұлын Қызылорда облысының Құрметті азаматы Бақберген Досманбетов, сала ардагерлері Еркебай Аяпов, Абдулла Шүленбаев құттықтады.Асылбек Тоғызбаев 1949 жылы Тереңөзек ауданында дүниеге келген. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының «Емдеу ісі» факультетін бітірген. Студент кезінен орта буын қызметкер болып Ақтөбе балалар ауруханасының хирургия бөлімінде жұмыс істеген.
Дәрігерлік еңбек жолы 1973 жылы Қызылорда облыстық ауруханасының анестезиология-реаниматология бөлімінде басталған. Мұнда 1982 жылға дейін дәрігер, одан кейін қан құю бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті. 1982-1990 жылдары бас дәрігердің ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары болды. Ал, 1990-1994 жылдары Жаңақорған аудандық ауруханасының бас дәрігері, 1994-1997 жылдары облыстық аурухана бас дәрігерінің кеңес беру-диагностикалық орталығы жөніндегі орынбасары, 1997-2008 жылдары облыстық ЖИТС орталығының, 2008-2017 жылдары Қызылорда қалалық ауруханасының бас дәрігері қызметтерін атқарды.
Асылбек Тоқмырзаұлының денсаулық сақтау саласындағы еңбек өтілі жарты ғасырға жуықтайды. Ел мүддесі жолындағы ерен еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», Қызылорда қаласының Құрметті азаматы атанды, «Құрмет» орденімен марапатталды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!