Қызылорда қаласындағы көпбейінді облыстық аурухана жанындағы кардиоорталық жаңа жасанды қан айналымы аппаратымен толықты. Алғашқы жасанды жүрек аппараты кардиоорталық ашылған 2009 жылы орнатылған болатын. Ол науқастарға біршама көмектесті. Бүгінде жарамдылық мерзімі шегіне жетті. Жаңа құрылғы арқылы бірнеше ота жасалды.
Жалағаш ауданының Таң ауылында тұратын 75 жастағы Құттыгүл Доспанова бес жыл бұрын инсульт алған. Жүрек сырқаты алғашқыда аса қатты мазалаған жоқ. Тек бір ай бұрын Құттыгүл әже өзін жайсыз сезінді. Тексеруден кейін облыстық кардиоорталық дәрігерлері пациентке жүректің ишемиялық ауруын емдеудің тиімді тәсілі ретінде аортокоронарлық шунттауды ұсынды. Аталған ота жұмыс істеп тұрған жүрекке жасалады. Ол жүректі қанмен қамтамасыз етудің жаңа жолдарын құрумен ерекшеленеді. Бұл пациентті стенакордиядан қүтқарып, жүрек ауруынан болатын кездейсоқ өлімнің алдын алады.
«Дәрігерлерге кәсіби медициналық көмек үшін алғыс білдіремін. Осы жасымда ота қалай өтетінін уайымдадым. Бірақ кардиохирургтерге сенім арттым. Қазір денсаулығым әлдеқайда жақсы, тыныс алуым дұрысталды. Облыс тұрғындарына, әсіресе, біздің дәрігерлерге мықты денсаулық тілеймін!» – дейді Құттыгүл Доспанова.
Жүрекке жасалатын қымбат ота қазақстандықтар үшін тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде қолжетімді. Мысалы, дәрігерлердің айтуынша, кардиостимулятордың имплантациялау ота 7 млн теңге тұрады. МӘМС жүйесі аясында ол тегін.
«Ауруханаға осымен екінші рет жасанды қан айналымы аппаратын сатып алдық. Бұл — ашық жүрекке ота жасау кезінде таптырмас көмекші. Еске салсам, біздің кардиохирургтер елімізде төртінші болып жүрек ритмінің бұзылуына байланысты радиожиілікті кривоабляция, жүрекалды дефибрилляция жасауға ден қойды», – дейді көпбейінді облыстық аурухананың кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Берік Дәуітбаев.
Жыл сайын кардиоорталықта 3,5 мыңдай пациент емделеді. Оның шамамен 2,5 мыңына коронография, 700-дейіне стент, 200 шақты адамға ашық жүрекке ота жасалады. Жалпы облыстық кардиоорталықта 13 жыл ішінде 40 мыңнан астам адам ем алған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!