Кезекті кейіпкеріміз Әйгерім Базарова бұл үдеден толықтай шыққан. Бүгінде ол облыстық психологиялық денсаулық орталығында көбімізге таңсық олигофренопедагог қызметін атқарады.
– Бүгінде 26 бала ем алуда. Басым көпшілігі ақыл-есі даму жағынан кейін қалған балғындар. Ем алушылармен жан-жақты жұмыс істейміз. Ең басты мақсат – оларға көмек көрсету. Бір айта кетерлігі, балалармен диагнозына және психикалық-психологиялық ерекшеліктеріне қарай жұмыс жүргізіледі. Алдағы уақытқа жоспар көп. Түрлі пайдалы шара ұйымдастыру ойымда бар, – дейді Әйгерім Базарова.
Жас маман ем алушыларға оқу мен жазуды үйретіп, логикалық есеп шығаруға машықтандырады. Сонымен қатар балалардың ойлау жүйесін дамытуға септігін тигізетін қызықты ойындар ұйымдастырады. Толығырақ тарқатсақ, олигофренопедагогикада келесідегідей зерттеу әдістері қолданылады. Бақылау, әңгімелеу, балалардың өнімділік қызметін зерттеу. Бақылаудың жазбалары жүргізіледі, алынған ақпараттар өңделеді. Ал әңгімелесу алдын-ала жоспарланған сұрақтар бойынша жүреді. Анкета бойынша жалпы ақпараттар жинақталады. Балалардың ойлау жүйесін дамытуда ойындар ұйымдастырудың көмегі көп. Олармен бірге пазл, қиынды суреттерді құрастыру, қоршаған ортамен таныстыру, заттардың сипаттамасын, ерекшеліктерін айту, салыстыру, топтау маңызды. Ұқсас, ұқсас емес деген дүниелерді ажыратуға басымдық берген жөн. Мектепте оқушыларға сабақ бергеннен бұл әлдеқайда қиын екені түсінікті. Балалардың арнайы мүмкіндіктерін, ерекшеліктерін ескере отырып, басқа мамандармен (психиатр, психолог, логопед, дефектолог) байланыс жасап, коррекциялық оқыту жұмыстарын ұйымдастыру назарда болуы тиіс.
– Біздегі балалардың көбісі оқу-жазуды біле бермейді. Бәрін жаңадан бастап үйретпеймін. Ем алуға келгендіктен қай нәрсеге икемі бар, соған көбірек мән береміз. Мәселен, біреуі есеп шығаруға, біреуі шығармашылықпен айналысуға икемді болады. Кейбірі оқуға, сурет салуға жақын. Сол ерекшелікке қарай жұмыс істеймін. Қалыпты балаларға қарағанда тез шаршап қалады, зейіні тез бөлініп кететін болған соң логопед, психолог секілді мамандармен байланысып жұмыс істейміз. Бұл балалар бізге дейін арнайы балабақшаларға, интернат мектептерге барған, кейбірі эксклюзивті білім бағдарламасын пайдаланып, мектептен бөлек уақытта баланы дамытатын орталықтарда білім алған. Ол орталықтарда олардың ақыл-ойын, танымын дамытатын, қоршаған ортаға бейімдейтін мамандар жұмыс істейді. Бізге түскен балалардың диагнозы, жас ерекшелігі әртүрлі болады. Сондықтан интернат, қосалқы мектептердегідей тұрақты арнайы бағдарлама болмайды. Интернаттарда олар 8.1 деген секілді мектеп бағдарламасымен оқиды. Жоғарыда айтып өткенімдей, әр бағытта әртүрлі. Балалардың жан-дүниесін түсінуге көп уақыт кететін шығар. Бірақ не нәрсеге қызығушылығы барын анықтау, соған бейімдеу білудің рөлі зор, – дейді Әйгерім.
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!