Фото: depositphotos.com

Елімізде бір жылда онкологияға шалдыққан қазақстандықтардың саны 41 мыңға өскен. Бұл туралы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы, онколог Диляра Қайдарова айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиевтың айтуынша, Қазақстанда онкология бойынша 222 мың адам есепте тұр.

«Былтырмен салыстырғанда өсім – 7,1 пайыз. Еркектерге қарағанда (44 пайыз) әйелдер жиі ауырады, яғни 55 пайызы. Алайда ер адамдар әйелдерге қарағанда жиі көз жұмады. Ауруға шалдыққан науқастардың 55,6 пайызы – еңбекке қабілетті адамдар», – деді министрдің орынбасары.

Онкологиялық аурулар көрсеткіші бойынша бірінші орында сүт безі обыры тұр. Одан кейін өкпе обыры, колоректальды обыр, асқазан обыры және жатыр мойны обырын көруге болады.

«Өлім-жітім көрсеткіші бойынша бірінші орынды өкпе обыры, одан әрі асқазан обыры, колоректальды обыр және сүт безі обыры тұр», – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Сондай-ақ, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы Диляра Қайдарова қазақстандықтардан қатерлі ісік жиі анықтала бастағанын растады.

«Қазақстанда онкологияға шалдыққандар саны өскені байқалады. Мысалы, 2023 жылы 41 мыңнан аса жаңа дерек тіркелді. Әрине, коронавирустан кейін тек Қазақстанда емес, әлемде онкологияға шалдыққан науқастар саны күрт өскені байқалып отыр.

Дүниежүзілік конгресте барлық онколог осы мәселені көтерді. 5 жылда Қазақстанда ауруды нөлдік және алғашқы кезеңде анықтау 5,5 пайызға өсіп, 35 пайыз болды. 5 жылда 218 мың адамның өмір сүру жасы 55 пайызға өсті. Олар (онкология бойынша) 5 жылдан аса есепте тұрған», – деді дәрігер.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!