Қазақстандық аллерголог-иммунолог Рафаил Розенсон Денсаулық сақтау министрлігі өткізген онлайн дәрісте созылмалы ауыр сырқаты бар адамдарға вакцина салу мүмкіндіктері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Онкологиялық аурулары бар, иммундық тапшылық сезініп жүрген адамдар үшін вакцина қаншалықты жарамды? Екпе алғанмен иммунитет қалыптаспай қалуы мүмкін бе? Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған онлайн дәрісте аллерголог-иммунолог Рафаил Розенсон бұл сұрақтарға былай деп жауап берді:
«Өзім оқыған ақпараттарға сүйеніп жауап беріп көрейін. Бүкіл әлемде бір ғана принцип бар. Ауру асқынып тұрған кезде вакцина салу қажет емес. Мысалы ағзада ісік пайда бола қалды дейік, әрине, ондай ағзаға тірі вакцина салуға болмайды. Тірі вакцина ісік ағзасын жеңіп тұрған адамға кері әсер етуі мүмкін. Бірақ ісікті алғызып, белсенді ем алғаннан кейін міндетті түрде вакцина алу керек. Бұл – аталмыш адамды ажалдан құтқарудың бірден-бір амалы», – деді маман.
Сондай-ақ, ол аутоиммундық ауруларға да дәл осы қғаидат қолданылатынын атады.
«Ревмотоидті артриттің белсенді фазасында жүрген адамның ағзасында аутоиммундық процестер қатты жүреді. Бұл кезде вакцина алуға болмайды, әрине. Жақсылап емдеп, белсенді процестерді жойғаннан кейін екпе салуға болады. Подаграмен ауыратын науқастарға дәл осындай тәсіл қолданылады. Зәр қышқылының деңгейін ем арқылы төмендетіп, содан кейін барып вакцинамен қорғау керек. Ағзадағы сырқаттарды вакцина салмаудың сылтауы ретінде және кері көрсеткіштері ретінде қарамауымыз керек. Созылмалы аурдың болуы оны бақылауға алуға ғана негіз болуы керек», – деді сарапшы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!