Нұр-Сұлтанда оқушылардың мектепке барып оқуы үшін вакциналау мәселесі қарастырылуда. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

«Біз дәрігерлермен кеңесетін боламыз. Мүмкін балаларды да вакциналаймыз. Әзірге бізде талап 18 жастан асқандар. Еуропа мен Израильде жасөспірімдерді вакциналап жатқанын көріп жүрміз. Бірақ  бірінші кезекте біз педагогтарды вакциналауымыз керек»,-деді Нұр-Сұлтан әкімі брифингте.

Көлгіновтің айтуынша, вакцинадан кейін мектептің барлық педагогикалық құрамы ашылуға дайын болады.

«Балалар мектепті сағынды, ата-аналар да. Онлайн оқыту классикалықтан өзгеше болды. Біз президенттің тапсырмасына сәйкес осыған дайындалып жатырмыз. Ең алдымен, бұл үшін не істеу керек: барлық педагогикалық құрам вакциналануы керек. Қазір педагогтардың 60 пайыздан астамы вакциналанды. Бұл жұмыс белсенді түрде жалғасуда. Медициналық қарсы көрсетілімдері бар мұғалімдер вакцинадан босатылды. Бұл біздің азаматтарымыздың денсаулығы мен өміріне қатысты мәселе», – деді әкім.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина 18 жастан бастап жүргізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, Қасым Жомарт Тоқаев жаңа оқу жылының басынан бастап мектептерді бұрынғы жұмыс режиміне қайтаруға дайындауды тапсырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!