Көз ілінгенше және ұйқыдан тұра салысымен іздейтініміз – телефон. Жұмысымыз да компьютермен тығыз байланысты. Одан қалды кешкілік бір мезгіл теледидарға үңілетініміз бар. Көз тынықпайды, ал сақтыққа мән беріп жатқанымыз бірен-саран. Оның неге әкеп соғатынын шамаламаймыз. Мамандардың дабыл қағуының кемі жоқ. Себеп біреу – көз ауруының дендеуі. Әсіресе, қазір балалар мен жасөспірімдер арасында ахуал өршіп тұр…
Бүгінде 40-45 жаста-ақ катаракта немесе глаукомасы бар науқастар саны аз емес. Миопия «жасарды». Бұрын ең ертесі 5-6 жаста басталатын миопия 3 жаста анықталатын жантүршігерлік мысалдар кездесуде. Бұл көру жүктемесінің күшеюінен дейді мамандар. Балаларды мектепке ерте дайындау, жалпы білім беру реформасы, яғни мектептердегі бағдарламалардың қиындауы да себеп. Ендеше, техника төрелік құрған әлемде көздің көру қабілетін қалай сақтауға болады және көз ауруының алдын алу үшін не істеу керек? Бұл сұрақтарға №3 қалалық емхананың окулист-офтальмологы Ақманат Бақдәулетова былай жауап берді.
«Қазір миопия түрі мен көздің қабынуы жастар арасында жиі кездесіп отыр. Бұл – көру қабілетінің төмендігі. Онлайн режиміндегі сабақ та оқушылар үшін кері әсер етті. Көбіне оқушылардың көру қабілетінің төмендегенін мектептердегі медициналық тексеру барысында анықтаймыз. Арнайы кеңес береміз, көзілдірік киюге шақырамыз. Оны пайдаланбаған жағдайда көру қабілеті одан әрі нашарлап кету қауіпі бар. Сонымен қатар жастар арасында созылмалы ауру көбейген. Артрит, ревматизм, «жасарып келе жатқан» қант диабеті көз ауруларының асқынуына алып келеді. Ал көз ауруы ағзадағы өзгерісті білдіреді, яғни иммунитет бұзылуы, қанға инфекцияның түсуі немесе ағзаның басқа мүшелеріндегі ауытқушылықтар көру қабілетін нашарлатады. Осының барлығын ескеру керек», – дейді дәрігер.
Сондай-ақ, «Кейінгі ұрпақтың лазерлік отаға тәуелді болып қалу қауіпі қаншалықты?» деген сауалға маманның пікірін білдік. Айтуынша, жастар қазір кітапханада емес, интернетте отырады. Процесс басталып кеткенде ғана көз қадірін түсінеді. Заманауи смартфон, гаджет өмірді жеңілдеткенмен, екінші жағынан зиян келтіруде. Сондықтан бала кезден көзді қорғау керек. Ата-аналар да уақыт тауып, үйде жарықтандырудың дұрыс болғанын, баланың дұрыс тамақтануын қадағалау қажет.
«Лазерлік түзету жайлы айтар болсақ, ол – көздің мүйізді, яғни, қасаң қабығы, шынайна қабатының ортаңғы бөлігіне әсер ететін отаның түрі. Көзілдірік тағу немесе жанаспалы линза салудың қарсы көрсетілімі болған жағдайда көзді осы жолмен түзетуге тура келеді. Ол үшін ағза мінсіз дайын болып, қажеттілік туындаса емдеуден өткен жөн. Косметологиялық ота болған күннің өзінде дәрігер алдымен тексерістен өткізеді. Бірақ лазермен жасалған отадан кейін қабыну процесі болмайды. Отаны 18-20 жастан бастап жасатқан дұрыс. Құны – 400-500 мың теңге көлемінде», – дейді маман.
Бұған қоса көз ауруының арасында тұқым қуалайтын түрлері бар. Олар туа біткен катаракта, тұқым қуалайтын немесе туа біткен миопия. Торлы қабаттың түрлі дегенеративті аурулары, торлы қабаттың ісігі, яғни ретинабластома да тұқым қуалайды. Ал ересектердің арасында кездесетін аурулардың бірі – глаукома. Көзінің қарауытып, көру өткірлігінің төмендеуі түрлі себептерге байланысты пайда болуы мүмкін. Катаракта, яғни көз бұршағының бұлыңғырлануы бұның бір себебі. Ересектерде катаракта жалпы жас ұлғаюына байланысты дамуы мүмкін. Сонымен қатар көздің қабыну ауруларында, миопияда, глаукомада, көздің жарақаттарында катаракта дамиды. Жалпы ағзаның соматикалық ауруларында да, мысалы қант диабеті сияқты және басқа соматикалық ауруларда да катаракта дамуы мүмкін. 40-тан асқан адамдар немесе тұқымында глаукома кездесетіндер офтальмолог қабылдауында жиі болғаны дұрыс. Тұрғындар арасында жиі байқалатын көз сырқаты – глау­команы зерт­теу және ем нәтижелерін салыстыру үшін көз іші қысымы жиі өлшену керек. Көру жүйкесінің дискін, көз түбін, көру кеңістігін де тексеру маңызды.
Бір сәтке көзіңізді жұмып, өмір бойы су қараңғыда өмір сүремін деп ойланып көріңізші. Шынында қорқынышты. Сондықтан кез келген жағдайда дәрігерге қаралыңыз! Біз жіктеген маман кеңесі де пайдаңызға жарайды деген үміт басым.
КӨЗ КҮТІМІНЕ АРНАЛҒАН КЕҢЕСТЕР

• Бөлмеге жарық біркелкі түсуі керек және жарықтың қапталдан түскені қолайлы. Сондай-ақ бөлменің төбесі қабырғасына қарағанда ашық болуы тиіс.

• Бала жазу жазып, кітап оқығанда үстелдің орналасуына мән беріңіз. Жарық баланың сол жағынан түскені дұрыс. Орындықтың биіктігі арқаға ыңғайлы, баланың бойына сәйкес болсын.

•Көру гигиенасын сақтау керек. Жазу жазып, кітап оқығанда фокустық қашықтық шамамен 30-35 сантиметрден кем болмауы тиіс.

• Компьютерде 1-2 сағаттан артық отырмауға тырысыңыз. Ал баланы жарты сағаттан артық отырғызбаңыз. Дұрысында экранның жоғарғы бөлігі көздің тұсынан төмен тұруы керек. Жұмыс арасында мүмкіндігінше 5-10 минут үзіліс жасаған жөн.

• Үзіліс кезінде көзді жоғары-төмен, оңға-солға айналдыра қозғалту, терезеге қарап, алысқа көз жіберу, одан соң жақынға көз салу секілді көз жаттығуларын жасаған дұрыс.

• Көру қабілетін сақтауда тағам өнімдерінің де маңызы зор. А, В тобы, Е, С дәрумендеріне бай тағамдарды көбірек тұтынған пайдалы.

Гүлжанат ҚАДЫРБЕКОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!