Фото: Pixabay.com

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифинг барысында Қазақстанда әзірленген онкологияны емдеуге арналған препарат адамдарға клиникалық сынақ жүргізудің бірінші кезеңінен сәтті өткенін мәлімдеді. Енді қатерлі ісікке қарсы отандық дәрі-дәрмектерді клиникалық сынақтан өткізудің екінші кезеңі басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Зерттеуге онкологиямен ауыратын 15 науқас қатысты. Министрдің айтуынша, отандық дәрі бірінші сынақтан сәтті өтіп, жоғары тиімділік көрсетті. Саясат Нұрбек келер жылы дәрі-дәрмекті тіркеуге шығаруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

“1 шілдеден бастап тестілеудің екінші кезеңі басталды. Клиникалық сынаққа 3 мыңға жуық адам қатысады. Барлығы 5 мыңнан астам онкологиялық науқас сынаққа қатысуға ниет білдіріп, тіркелді. Қаражат Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның шешімімен қарастырылған. Зерттеу тобына екінші кезеңді жүргізуге шамамен 2 млрд теңге тамыз айында аударылады. Жыл соңына дейін біз барлық деректі өңдейміз”, – деді ол.

Екінші кезең түрлі қатерлі ісігі бар адамдарға дәрі-дәрмекті тексеріп көруді қамтиды. Сынақ Астана, Алматы және Павлодарда өткізіледі.

Онкологияның ең агрессивті түрлерінің бірі — тоқ ішек қатерлі ісігінің IV сатысы анықталған науқастар ерікті ретінде қатысқан клиникалық сынақтардың бірінші кезеңінің нәтижесі бойынша препарат тиімділігін көрсетті. Ісіктің қалыптасуы орта есеппен 30% азайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!