2020 жыл. Сағат 00.00. Жылды алақайлап қарсы алған әлем жұрты 365 күнді алаңдап өткізетінін, әлбетте, білген жоқ. «Ухань қаласының Хуанань базарында тұрғындар түсініксіз пневмонияға шалдықты» деген жедел жаңалық дүниежүзінің түпкір-түпкіріне таралса да, адамзат баласы тықыр таянғанын сезіне қоймады. 22 қаңтар күні Қытайдың Ухань қаласы толықтай карантинге жабылды, артынша бұл тізімге  Хуанган, Эчжоу, Чиби және Чжицзян қалалары енді.

Сол күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше жағдай комитеті індетке қатысты отырыс ұйымдастырды. Ал 23 қаңтарда ДДҰ бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус коронавирустың өршуі жайлы бір тоқтамға келмегенін ескертіп, халықаралық деңгейде төтенше жағдай жарияланбайтынын айтты. Араға ай салмай-ақ ауа арқылы таралған  вирус Қытайды түгел қамтып,  Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Вьетнам, Сингапур, Непал, Франция, Австралия, Малайзия, Канада елдеріне жетіп үлгерді. Бірте-бірте коронавирус сөзі қорқынышты ұғымға айналып, дамыған елдердің өзі дағдарып қалды.  Сонда ғана ес жиған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 28 қаңтарда вирустың таралу қаупі өте жоғары деңгейде екенін мойындады.

Ұмтылыс

Адамзаттың коронавирус инфекциясымен күресіп жатқанына бір жылдан асты. Осы уақыт аралығында әлем бойынша Covid ауруымен тіркелгендер 67 миллионнан асты, 1,5 миллион адам қайтыс болды. Ал тіршілікті түбегейлі түрлендірген осы вирустың қайдан шыққаны әлі нақтыланбады.

Адамзат бұрын-соңды көрмеген қиындықтармен бетпе-бет келді. Мәселен, төтенше жағдай жарияланғаннан кейін шекарадан кіріп-шығу шектелді, бүкіл қоғамдық орын, мектептер жабылды. Қашықтан оқып, қашықтан жұмыс істеу режимі пайда болды. Қаншама кәсіпорын, қызмет көрсету салалары жұмысын тоқтатты. Осыдан-ақ елде жарияланған төтенше жағдай әр пендеге сынақ болып тигенін байқауға болады. Ел үкіметі вирусты қалай еңсереміз деп бас қатырса, халық «ертеңгі күніміз не болады?» деген үреймен күн кешті. Дегенмен әр нәрседен «қайыр» күткен халықпыз. Рас, пандемияның тұрғындар үшін пайдасы да болды. Қоғамда осы күнге дейін айтылмаған, айтылса да мән берілмей жүрген мәселелер бірінен соң бірі айқындалды. Көпшілік жұмыссыз қалдық десе, енді бірі үй жағдайында жұмыс істеуге мәжбүр болды. Бір отбасы азық-түлікті артығымен сақтап ертеңіне қамданса, енді бірі ұрыс-керіспен таң атырды. Бұған дәлел – елдегі төтенше жағдай кезінде отбасында орын алған ұрыс-керіс 25 пайызға артқан.

– Өмірде бұрын-соңды болмаған жағдай орын алды. Барлығымыз жұмыс деп күйбең тірліктен ары аса алмадық. Отбасы құндылығы, бала тәрбиесі жайына қалған еді. Осы тұста Алла Тағала әр отбасындағы қарым-қатынасты жақсартуды қалаған сияқты. Әр мәселеге екі жақты пікірмен қарау керек. Жақсы тұсы, балалар үйде білім алып, ата-ана тікелей бала тәрбиесіне жіті мән берді. Ал, өкінішке қарай, кейбір отбасында кикілжіңнің артқаны жасырын емес. «Төтенше жағдай бәле болды, күйеуім үйде байланып отыр. Үйде болмағаны жақсы еді» деп хабарласатын келіншектер жиіледі. Барынша түсіндірме жұмысын жүргізіп, аналарды сабырға шақырдық, – дейді психолог Назира Аймаханова.

Пандемия өршіген тұста отбасын сақтап қалуға деген ұмтылыс ‒ ең үлкен күресті қажет еткен мәселе болды…

Жанталас

Пандемия тұсында несиесін өтей алмай жүргендердің саны артты. Несие бюросының мәліметінше, елде кредит алуға қабілетті 9 миллион тұрғынның 7 миллион 200 мыңы банкке қарыздар. Оның жалпы сомасы 3,5 триллион теңгені құрайды. Осы тұста Үкімет екінші деңгейлі банктерге ел тұрғындарының несиесін 3 айға кейінге шегеруді тапсырды. Халықтың несие рақымшылығын жасауға қатысты ұсынысын Үкімет қолдамады. Өйткені елде жұмыс тоқтаса, кәсіпорыннан, жұмысшыдан түсетін табыс салығы да тоқтайды. Сол себепті Үкіметке түсетін табыс азаяды. Керісінше, жұмыссыз қалғандарға көмек қолын созу қажет болады. Мемлекет жұмыс орындарын сақтап қалуға күш салды. Несие рақымшылығын жасамағанның өзінде еліміздегі екінші деңгейлі 7 банк ел билігінен қолдау сұрады. «Азиякредит» банк жұмысын тоқтатты. Доллар бағамы елдің мұнай секторына тәуелді болғандықтан ай сайын құнсызданды. Теңге құнсызданды дегеннен бастап азық-түлік бағасы шарықтады.

Дүниежүзілік банк сарапшылары «2020 жыл – Қазақстан үшін соңғы жиырма жылдағы ең күрделі жыл» деп баға берді. Пандемия 2008 және 2015 жылдардағы дағдарыстан да ауыр тиді. Ел ішіндегі экономикалық белсенділік әлсіреп, былтырғы қаңтар-қыркүйек айларында ЖІӨ 2,8 пайызға төмендеген. Алдыңғы жылы ЖІӨ 4,1 пайызға жоғарылаған еді. Сарапшылар елдегі кедей саны 14-16 пайызға артты деп болжайды. Дегенмен пандемия оң әсер еткен секторлар да бар. “Бұған дейін дұрыс дамымай келе жатқан онлайн қызметтер ілгері басты, интернет жетпей жатқан ауылдарға интернет қолжетімді болды, осы мәселеде біраз жұмыс атқарылды. Яғни пандемия жалпы экономиканың цифрлануына ықпал етті. Transparency International ұйымының жемқорлық рейтингінде 180 елдің ішінде Қазақстан 124-орыннан 94-орынға шыққан. Яғни елде цифрландыру жүйесі нәтижесінде сыбайлас жемқорлық азайған.

Халықтың қарыздан қашып, қаржы көздерін іздеуі пандемия әсер еткен тағы бір жанталастың көрінісі еді…

Өмір үшін күрес

Осы уақытқа дейін халық әншілер мен футболистерді дәріптеп, жоғары қаламақы ұсынуға тырысты. Бірақ елдегі карантин жарияланған тұста әншілер емес,  медицина қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеді. Олар ауысымнан-ауысымға жанталасып, отбасына, туған-туыстарына уақыт бөле алмай, талай жанның өміріне араша түсіп, ерлік көрсетті.

«COVID-19» және вирустық пневмонияға қарсы күреске тартылған медицина қызметкерлеріне үстемақы ай сайын әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы төленді. Ал Үкімет коронавируспен күреске бір миллиард доллардан аса қаржы бөлді. Бірақ ақ халаттылардың еңбегі қаржымен бағаланбайтын, нағыз ерліктің көрінісі еді.

Арада өткен бір жылда ел арасындағы эпидемиологиялық ахуалдың ушыққанын көз көрді. Дәрігерлердің дамылсыз еңбегі, бетперде тапшылығы, жасанды оттегі аппаратының жоқтығы, жұмыссыздар санының көбеюі, жалпы жүйенің онлайн форматқа көшуі, ел экономикасының тұрақсыздығы сын сағатта халықтың сабырын тауысты. Осылайша вакцинасы жоқ вирус жас мемлекеттің олқы тұсы мен саладағы кемшіліктерін оп-оңай анықтап берді. Бүгінде бәрі оңалып кетті демегенмен, бастапқыдай емес, жағдай біршама қалыпқа түсті. Мамандардың сөзіне сүйенсек, дәріханада керекті дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, ауруханаларда да науқастар үшін орын дайын.

Тәуекел

Covid-19 таралған бір жылда вирусты вакцинаның ғана жеңетінін түсіндік. Әйтпесе иммунитеттің қауіпті вирусқа қарсы тұра алмасы белгілі еді. Осы ретте әлемнің дамыған мемлекеттерімен бірге Қазақстан да вакцина әзірлеуге тәуекел етті. Технология қауіпсіздігі 60 жыл бойы дәлелденген екпе көп ұзамай тұрғындар үшін қолжетімді бола бастады. 

QazVac – Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты әзірлеген коронавирусқа қарсы белсенділігі жойылған вакцина. Оның тиімділігі 90 пайыздан жоғары деп дәлелденген. Вакциналау 18 жастан асқан адамдарға ұсынылады. Ал осы жасқа дейінгі балалар үшін тиімділігі мен қауіпсіздігі әлі зерттелмеген. Бүгінде «QazVac» вакцинасын облысымыздың 100 мыңыншы тұрғыны салдырды.

– Бүгін коронавирусқа қарсы вакцина салдырдым. Денсаулығымда ешқандай қобалжу болған жоқ. Қатерлі індетті тоқтатудың жалғыз амалы – вакцина салдыру. Сондықтан барша жерлестерімді екпе егуде белсенділік танытуға шақырамын, – деді Гүлнар Құлжанова.

Өңірде бүгінде 800 мыңнан астам адам тұрады. Дәрігерлердің айтуынша, олардың 370 мыңнан астамы екпе қабылдауы тиіс. Ал №3 емханаға бүгінге дейін коронавирусқа қарсы 9649 доза вакцина келген. Оның 8583-і бірінші компонентте салынды. Ол 88,9 пайызын құрайды. Ал емханаға вакцинаның екінші компоненті бойынша 7945 доза әкелініп, 74,7 пайызы тұрғындарға салынды.

QazVac не үшін қауіпсіз? Вакцинаның әсеріне алаңдаған көпшіліктің бұл сұрағына Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья отандық басылымға берген сұхбатында келесідей жауап берді:

– Вакцинаның қауіпсіздігі оның технологиясына тікелей байланысты. Инактивтелген вакцина толық бүтін вирустан

тұрады. Бүтін вирус ақуыздардың толық жиынтығынан құралған. Ақуыздар спектрі неғұрлым толық болса, иммундық жауап соғұрлым жоғары болады. QazVac инактивтелген вакцинасы технологиясының қауіпсіздігі 60 жылдан бері дәлелденген. Инактивтелген вакцинаны соңғы 60 жылдан бері туған барлық адам дүниеге келгеннен кейінгі үшінші күні алып келеді. Өйткені балаларға арналған вакциналардың дерлігі осы технологиямен әзірленген. QazVac инактивтелген вакцинасында да вирус қана жаңа, ал қалғанының бәрі – (технология, жасалуы, сынақтан өткізілуі) қанша жылдық тарихы бар, уақытпен сыналған ескі жол, ‒ дейді ол.

Сондай-ақ отандық вакцинаны әзірлеуші ғалымдар тобының жетекшісі QazVac коронавирустың жаңа штамдарына қаншалықты қарсы тұра алатынына тоқталды:

– Африкалық, америкалық, британдық деп жүргендердің бәрі де жаңа штамм емес. Көбі (белгілі бір жағдай тұрғысынан) ыңғайлы болғандықтан солай айтатын шығар. Шын мәнінде, бұл – сол штамм. Рас, бір-екі бөлігі өзгеріске ұшыраған вирус. Алайда ғылым мұны жаңа штамға жатқызбайды. Сондықтан қазір әзірленіп жатқан вакциналардың бәрі (QazVac та) коронавирустың өңін өзгерткен түрлеріне қарсы тұра алады, ‒ дейді К.Закарья.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында отандық QazVaс вакцинасын шетелдерге экспорттауға және көлемін арттыруға дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты – COVID-19-ға қарсы бірден 5 түрлі вакцинаны әзірлеп жатқан әлемдегі жалғыз мекеме. Солардың қатарында тірі вакцина да бар.

P.S. Хаос… Пандемия құшағындағы әлемді сырттай суреттесек, нағыз хаос тіршілікті көруге болады. Бір қарасаң, болмашы ғана вирустың әсері көбелек эффектесіне де ұқсайды. Жаһанды өмір үшін күреске жұмылдырған оның салмағы миллиардтарды есеңгіретіп кетті. Біздегі басты жеңіс ‒ вакцина. Бірақ күрес әлі тоқтаған жоқ…

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!