Павлодар облысында субұрқақта шомылған үш жасар қызды ток соғып, жансақтау бөліміне түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметінің мәліметінше 3 маусым күні сағат 15:30 шамасында Ақсу қаласында Астана көшесіндегі Балалар шығармашылық сарайының жанында үш жасар қыз кәмелетке толмаған үлкен әпкесімен бірге субұрқаққа шомылған. Кейін бүлдіршінді ток соққан.
Үш минуттан оқиға орнына жедел жәрдем келген. Жағдайы ауыр бала Ақсу қалалық орталық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі baigenews.kz порталына қыздың жағдайы түскен кезде ауыр болғанын айтты.
«Куәгерлердің айтуынша, қыз субұрқақта шомылу кезінде ток соққан. Науқастың түскен кездегі жағдайы ауырболды. Сол себептен жансақтау бөліміне жатқызылды. Барлық қажетті емдеу-диагностикалық шаралар жүргізілді. Санитарлық авиация саласындағы аймақтық мамандар кеңес берді. 21 сағаттан соң есін жиып, жағдайы орташа ауыр қалыпқа келді. Бақылау мен емдеу жансақтау бөлімінде жалғасуда», – деді ведомство.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!