«Pfizer»-дің ерекшелігі неде?
Қазір «Сақтық – саулықта», «Жақыныңа жанашыр бол!» деген ұран сөздерден көз сүрінеді. Ал статистиканы қарасаң, індетке қатысты сәт сайын өзгеріп тұрған саннан жаңыласың. Вирустың кең таралуына қауіпсіздік шараларының сақталмауы басты себеп болып отыр. Екпе алу маңызды. Тіпті, жасөспірімдер мен жүкті әйелдер де. Бұл ретте ұжымдық имунитет қалыптастыру мақсатында оларға АҚШ-та өндірілген «PFIZER» вакцинасын салу жоспарланды. №4 қалалық емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері Ұлжан Болатова бұған қатысты мынадай пікір білдірді.
«Бұған дейін вакцина қабылдаған адамдар, еріктілер қазір ортамызда. Кері әсері болды, денсаулығым сыр берді дегенді естімедім. Халық вакцинаның келген мезетінде қабылдап, қауіпті індетке қарсы иммунитетін қалыптастырып алғаны жөн. Өйткені, әлемді дүрбелеңге салған індетке қарсы тұруға иммунитет керек. Айналып келгенде, ортақ тәртіпке бағыну, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау маңызды. Бұл бізге жақсылық әкелмесе, жамандыққа жол ашпайтыны анық. Еркінсуге болмайды. Қазір әлемде вирустың мутацияланған жаңа түрлерінің де қауіптілігі жоғары. Дерттің алдын-алып, сақтанудың жалғыз жолы – вакцина қабылдау. Бүгінде жүкті әйелдер мен жасөспірімдерге де өздерінің келісімімен «Pfizer» вакцинасы салынуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған «Pfizer» вакцинасының ерекшелігі – оның құрамында вирус болмайды. Өңірде алғашқылардың бірі болып медициналық колледждің 70 шақты студенті екпе алуды бастады. Оларға вакцина ата-аналарының келісімімен салынған. Біздің емханада 6 жүкті әйел оны өз еркімен қабылдады. Айта кету керек, аталған вакцинаға қатысты белгілі шектеу бар. Оны 16-37 аптадағы жүкті әйелдер және босанғаннан кейін 72 күннен соң ала алады.
Бұдан бөлек, осы аптадан бастап елімізде ревакцинация басталды. Науқан екі кезеңнен тұрады. Вакцинаның екі дозасын да салдырғандар енді жаңа жылға дейін үшіншісін қабылдайды. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, мұғалімдер, медициналық-әлеуметтік мекемелер мен жабық балалар мекемелерінің мамандары, сондай-ақ күш құрылымдарының қызметкерлері бар. Осыған орай ҚР Бас санитар дәрігерінің міндетін атқарушы Айжан Есмағамбетованың қаулысы да жарияланды. Індетпен күреске бағытталған шараларға ерекше маңыз беру керек», – деді дәрігер.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!