фото: ашық дереккөзден алынды
Дәрігерлер арасында «Дұрыс емес емделуші» деген түсінік бар.
Қазір әлем бойынша артық салмақтан зардап шегетіндер саны жылдан-жылға артып отырғаны белгілі. Мұны ғасыр дерті десек те болғандай. Сәйкесінше, жоғарыда өзіңіз айтып өткендей, артық майдан арылтатын отаға деген сұраныстың көбейгені ешкімге жасырын емес. Оның соңы қайғылы жағдайға алып келген бірді-екілі оқиғаларды да білеміз. Пластикалық отаның ең күрделі түрі саналатын осы ота адам денсаулығына қаншалықты қауіпті? Бұл сұраққа Aikyn.kz газетіне пластикалық хирург, PHD доктор Айна Досан жауап берді.
– Дәрігерлер арасында «Дұрыс емес емделуші» деген түсінік бар. Егер сондай ем алушыға тап болсаңыз, ол тәуекелі көп отаға жатады. Ол — өте ауыр салмақпен келген адам. Мұндай пациентке ота жасау зиян әрі өте қауіпті процедура. Оның кері әсері өте көп. Липосакциядан кейін пациенттің денесі кедір-бұдыр боп қалуы мүмкін. Яғни, дене бұрынғыдай біртегіс болмай қалады.
Одан бөлек, май «эмболиясы» деген болады. Ауыр салмақтағы адамға жасалған ота сондайға дейін алып келеді. Бұл дегеніміз не? Адамнан өте көп мөлшерде май алған кезде майдың біраз бөлігі ыдырап кетеді, ериді. Ал еріген майдың қанға еніп кету қаупі зор. Ол майдың эмульсия түрі. Май қышқылы дейміз. Мұндай жағдайда оның соңы өлімге алып келуі мүмкін.
Оны сізге қарапайым тілмен былай түсіндірсем болады. Сорпа қайнатқан кезде майдың біраз бөлігі етпен бірге қалады да, біраз бөлігі сорпаның бетіне шығып кетеді ғой. Бұл да сондай процесс. Майды сорған кезде еріген май қан тамырларының ішіне кіріп, оны бітеп тастайды. Бұл өте қауіпті. Майды өте көп мөлшерде алғанда оның арты қайғылы жағдайларға алып келетіні сондықтан. Ал егер бұл операцияны өзінің тиісті көрсеткіштерімен жасайтын болса, бұл қауіпсіз. Адам ағзасына айтарлықтай зияны да болмайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!