фото: baq.kz
Павлодар облысында пластикалық хирургияның блеферопластика және абдоминопластика қызметтеріне деген сұраныс артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Хирургия саласында 15 жылдық тәжірибесі бар дәрігер Леонид Глуховтың айтуынша, аймақта адам беті, қарны, сүт бездеріне жасалатын операциялар саны ұлғая түскен.
Әйелдер арасында ең танымал хурургиялық әрекеттердің қатарында блеферопластика, мамопластика, абдоминопластика бағыттары бар. Біз әріптестерімізбен бірге сәуір айынан бері 30-ға жуық ота жасап үлгердік. Заманауи технологиялар мен әдістерді қолданамыз. Қызмет көрсетуде тұтынушылар тапшылығы бойынша қиындық жоқ. Көбінесе ақылы операциялар жасаймыз. Мәселен, жоғарғы және төменгі қабақтың артық терісін жоюға бағытталған блеферопластика 300 мың теңге тұрады, – дейді Леонид Глухов.
Айта кетейік, онкологиялық отадан соң сүт безін қалыпқа келтіру операциялары жасалады. Бұл қызмет мемлекеттік-әлеуметтік медициналық жүйесі шеңберінде тегін көрсетіледі. Хирургтердің көмегіне қатерлі ісіктен соң сауыққан науқастар жүгіне алады.
Пластикалық хирургия қарыштап дамып жатыр. Қызметтерімізді қажет ететін тұтынушылар тобы пайда болды деуге болады, – дейді пластикалық хирург.
Медицинаның ішкі нарығындағы сұраныс пайда болғандықтан, пластикалық операция жасалатын клиникалар саны да артқан. Бір жылдың ішінде Павлодардағы осындай мекемелердің саны бір клиникамен толықты. Кәсіпкер дәрігерлердің бастамасы мемлекеттік қолдауға да ие. Бұл өңірде медициналық туризмнің дамуына сеп. Жергілікті пластикалық хирургтердің қызметі Қазақстанның ғана емес, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада, Ресей азаматтарына да ұсынылған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!