Фото: expert-clinic42.ru

Шиедей ерін, әжімсіз бет-әлпет, ұзын кірпік пен тырнақсыз жүрген қызды көру өте сирек кездесетін дүниеге айналып кетті. Барлығының есіл-дерті «ажарымды сұлу етемін» деген таптаурын пікірмен толып қалғандай көрінеді. Алайда пышақтың астына түсудің, ине мен түрлі препарат қабылдаудың адам ағзасына қалай қатер төндіретіні туралы айтатындар аз.

Пластикалық ота – қазір әлемдегі ең танымал сұлулыққа бағытталған хирургияның бағыты. Жылына 11 млн-нан астам отаның осы түрі жасалынады. Оның да түрлері көп. Атап айтсақ, блефаропластика, ринопластика, маммопластика, липофилинг және де басқалары. Мұрынға жасалынатын отаның құны 150 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін, ал артық салмақтан арылу үшін 1 млн-нан 3 млн теңгеге дейін қаражат қажет. Әлемде пластикалық операция жасайтын клиника көп. Соның ішінде Джонс Хопкинс емханасы, Грейт-Ормонд-стрит ауруханасы және Гарвард медициналық мектебі үштіктің көшін бастап тұр.

Биылғы жылдың тренді ретінде «табиғи сұлулық» пен бет-әлпетке жеңіл-желпі түзетулер жасау қарастырылуда. Жалпы көптеген қыз-келіншек көздеріне қабақ жасатып, бет пен маңдай, мойынның терісін тарту, жақ пен мұрынның мүсінін өзгерту деген сияқты қауіпті процесске келісім береді. Әлемде Оңтүстік Корея көш бастап тұр. Ал Қазақстанда ернін үлкейтуші қыздар жыл санап артып келеді. Инъекция арқылы жүретін бұл процессті араға уақыт салып қайта қайталап отыру қажет. Дегенмен көпшілігі өзі қалаған ерінді көре алмай, көріксіз нәтижеге ие болады.

– Менің ернімнің формасы өздігінше әдемі еді. Туған күніме орай өзіме шағын сыйлық жасайын деп шештім. Формасын аз-маз үлкейткім келіп, қаламыздағы косметологтарға жүгіндім. Процесс ұзақ емес, маған бағасы да ұнады. Арнайы ауруды сездірмейтін жақпамай жақса да, ернімнің қатты ауырғанын сездім. Бастапқы күндері бұрын ине салдырғандар секілді көгеріп, ісінді. Бірнеше күннен кейін көгергені қайтып, ісігі басылды. Алайда ерін жасатудың қажеті жоқ екенін кеш түсіндім. Себебі жасандының аты жасанды, табиғи сұлулықтың орнын баса алмайды. Шамалы уақыттан соң инъекция тарап кетеді, сондықтан албырт шешім қабылдап, өз сұлулығыңызға қиянат жасамаңыз, – деп өкінішін білдірді Айсұлу Әбілқай.

Дегенмен бұл барлығының пікірі осындай дегенді білдірмейді. Қалаған нәтижені көргендер қайта жасатудан еш қашпайды. Бұған тәуелді болып, ажарын басқа да әдістермен «әдемілеуші» қыздар жеткілікті.

– Ерекше ерін жасатқаныма біраз уақыт болды. Өзім қалаған нәтижені ала алдым. Бұл заман талабына сай және қауіпті деп айта алмаймын. Өз ісінің маманы болған, жақсы косметологтарға жүгінсек қатерлі болмайды деп ойлаймын. Көпшіліктің пікірі маған қарсы болса да, мен өзімді жақсы сезінемін. Алдағы уақытта тағы да түзетулер жасатамын деген ойым бар, – деп пікірлер легін жалғастырды Алуа Оразғали.

Пластикалық ота қауіпті деп атауға себеп көп. Ең сорақысы, сұлу боламын деп ота үстелінде жан тәсілім еткен қыздар бар. Ғаламтор кеңістігінде зардап шеккендердің қорқынышты фотолары мен жантүршігерлік диагноздары туралы мақала мен пост жеткілікті. Көптеген ауру осы ота кесірінен асқынуы мүмкін екендігін ешкім ескермейді. Мәселен, невроз, ішкі қабынулар, инфекция, көздің көру қабілеті, басқа да психологиялық және физикалық дерттерді деніңізге жиып алуыңыз мүмкін. Сапасыз отадан кейін байырғы қалпыңызға оралу мүлде мүмкін болмайды. Бұрын ота жасатып, кейін зардабын шеккендердің бүгінде беті қисық, ота орнында тыртық, ал жүректерінде қаяу бар.

Әлемнің сұлулық аренасында жұлдыз болып жанған кейбір хас сұлулар бүгінде пластикалық отаның кесірінен халық көзіне көрінуге ұялатын халге жетті. Мәселен, «супермодель» терминін енгізген Дженис Дикинсонның қазіргі келбеті түбегейлі өзгерген. Табиғи сұлулығынан жұғым да қалмаған Дженис әжімдермен күресемін деп отаның көмегіне жүгінген. Келесі кейіпкеріміз «арыстан әйел» атанған Джоселин Вильденштейн. Ерекше сұлулық символы болған Джоселин пластикалық отаның барлық түрін қолданып көрген. Жұбайының көңілінен шыққысы келген швейцарлық ару қанша талпынса да, ақыр соңы жалғыз қалды. Жасаған операциялары оны танымал қылғанымен, халық пластикалық оталардың ең сәтсіз мысалы ретінде ғана біледі. Жас Джоселин өте көрікті әйел болған. Бірақ енді ол жасаған олқылықтың орнын ештеңе толтыра алмайтынын есте сақтаған абзал.

XXI ғасырдағы өте өзекті мәселелердің бірі – дене бітімі. Салауатты өмір салтын ұстанушылар көп болғанымен, физикалық белсенділіктің күшіне сенбейтіндер жетерлік. Арықтауға арналған коктейль, препарат көп. Оны дәрігердің нұсқауынсыз қабылдап, расымен артық салмақтан арылып жатқан жандар бар. Өкінішке қарай, құрамы тексерістен өтпеген кейбір дәрілер кері әсер етіп, арықтаудың бұл тәсілі де өлімге әкелген жағдайлар аз емес. Бұрын тек бетке жасалатын операция қазір дененің де сұлбасын келтіруге қауқарлы бола бастаған. Яғни, артық салмақпен күресіп жүрген жандар ұзақ уақыт бойы спортпен шұғылданып салмақ тастағанша, аз уақыт ішінде арықтаудың жолын іздейді. Дене бітімінің формасын өзгертемін деушілер арнайы операцияның көмегіне жүгініп жатады. Алайда отаның орнында ұсқынсыз тыртық қалып, кейін жасыру мүмкін болмайтынын ескермейді.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!