Фото: freepik.com

Адамның психологиялық жағдайы, ашу мен стресс ауру туғызады дегенге сенесіз бе? Медицина мен психологияда байланыс бар ма?

«Уақытында айтылмаған сөздер, іштей уайымдау бір дертке апаруы мүмкін» дейді мамандар. Мұны ғылымда психосоматика саласы зерттейді. Гректің жан мен дене сөздерінен құралған психосоматика ұғымы түпсанадағы процестердің ағзаға әсер етуін білдіреді.

Уикипедиялық мәліметтерге қарасақ, психологиялық факторлардың денсаулыққа әсері туралы идея ежелден айтылып келеді. Бұл тақырып бойынша ой-пікірлер Гиппократ пен Аристотель еңбектерінде де кездеседі.

Аристотель еңбектерінде де кездеседі. Ал ортағасырлық мұсылман дәрігері Әбу Зайд әл-Балхи аурудың дамуындағы биологиялық және психологиялық факторлардың өзара әрекеттесу теориясын жасады.

Қазіргі медицина көптеген ауруды ерте анықтауға, емдеуге қауқарлы. Дегенмен жылдар бойы мазалаған дерт неден пайда болады?

Мамандардың айтуынша, салқын тигізу, инфекция, тұқымқуалаушылық секілді себептерден бөлек дерттің психологиялық салдары болуы мүмкін. Ал өзіміз қазақтың «жаны саудың – тәні сау» деген мақалының астарына үңіліп көрдік пе?

Айналамызға байқап қарасақ, үнемі көңілді жүретін, позитивті ойланатын, мақсаты көп адамдар анау-мынау ауруды елемейтін сияқты көрінеді. Ал осы саланы зерттеп жүрген мамандар не дейді?

Психосоматолог Рамадан Рахматулланың жазбаларына зер салсақ, бірқатар дерттің психологиялық себептерін атапты. Соның ішінде тамақ ауруларының психологиялық салдарына назар аудардық.

– Тамақ жүрек пен басты байланыстырады. Қазақ «Әлгі сөз тамағымда тұрып қалды», «тамағын қырнап бастады» дегенді бекер айтпаған. Белгілі бір адамға ішіндегісін, ренішін айтпай, өзінде ұстап қалған адамда тамағы ауыра бастайды. Әсіресе, эмпат, сезімтал адамдардың тамағы жиі ауырады. Себебі өзгені ренжітіп алмайын деп айтарын өзінде сақтайды. Ал ол сөз тамақта тұрып, жайсыздық тудырады. Адам өзіне көп жұмысты алып, шаршай бастағанда ауру пайда болады. Ми ол жұмыстың көптігін көріп, қаша бастайды. «Мынаны істеу керек, ананы істеу керек, әлі мыналар бар» деген ойлардан ағза шаршап, ауру белгісін береді. «Барлық аурулар стресстен» дегенді бәріміз естідік. Бірақ қайсымыз онымен жұмыс істедік? Психосоматика ғылымы дәл осы сөзге негізделеді. Себебі біздің ішкі ойларымыз, күйзеліс, уайым, реніш сыртқа сигнал арқылы ауру болып шығады, – дейді Рамадан Рахматулла.

 Көп адамның «басым ауырып кетті» дегенін байқаймыз. Тіпті көбі өзімен бірге үнемі парацетамол, цитрамон секілді таблеткаларды ала жүреді. Психосоматолог Мәди Өмірғазиев оның психологиялық бірнеше себебін жазыпты.

– Алғашқы себеп – перфекционизм болу мүмкін. «Қандай жағдай болса да, істеген ісімді барлығынан жақсы жасауым керек» деу, өзіңді тым жоғары бағалау және сол әрекеттеріңе аса қатты мән бергенде іштей эмоционалды толқулар болады. Мұндай кісілер елден мадақмақтау күтеді және сол қалағанын алмағанда жиі кінәлі сезім болады. Бұл әрекеттер стресске, қатты шаршауға алып келеді. Осындай жағдайда сізді бас ауруыңыз ғана тоқтата алады.

Екінші, «Маған осы керек! Осының барлығын істемесем болмайды!», «мен міндеттімін» деген сеніміңіз өмірден ләззат пен қуаныш алуға кедергі болады. Осы міндеттермен шектелгеніңіз басыңыздың ауруына әкеледі.

Үшінші себеп – эмоцияларыңызды жасыру, басу. Жағымсыз эмоцияны уақытында шығара алмасақ, айта алмасақ, сезімімізді басып тастасақ, жүрегіміздің түбіне орнығады. Ерте ме, кеш пе, бұл эмоцияңыз еске түсіп, басыңызды ауыртады.

Төртінші себеп – күн сайын қаламайтын істі жасауға өзіңізді мәжбүрлеу. Шынайы қалауларыңызды басып, ыңғайлы уақыт күту басыңыздың қатты ауруына әкеледі, мигреньге ауысып кетуі де мүмкін.

 Бесіншісі, қателік жасаудан қашу және қоғамның, айналадағы адамдардың, үнемі ата-ананың үмітін ақтауға ұмтылу. Қателік жасаудан қашатын адам да, біреудің үмітін ақтаумен өмір сүретін адам да өзіне тыным бермей, әр қадамына талдау жасап әлек болады. Бұл да бас ауруына себеп, – деді ол.

Мұның барлығы мамандардың пікірі. Келісу, келіспеу өз еркіңізде.

Алладан жақсылық күту, өзіңізді тыңдау, жаман ойдан аулақ болу, ренішіңіз болса, ол адамға көркем түрде жеткізу күйзеліс пен дерттің алдын алатын секілді. Сіз қалай ойлайсыз?

Айдана НАЗАШ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!