Дәрігер мамандығының өзге салаға қарағанда рөлі басым. Алдымен сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек. Ақ халатты абзал жан адам өмірінің арашасы екенін білуі әрі түйсінуі тағы бар.  Иә, дәрігер  халыққа қызмет етуге өмірін арнайтын абзал мамандық. Ауыртпалық жүгін қорықпай арқалаған  көпбейінді облыстық балалар ауруханасының неонатологы  Мереке Алтынбекова  5 жылдан бері науқастар жанына араша болуда. Күтімді қажет ететін нәрестерлерді айықтырып, ата-анасына аман-сау қауыштыратын тәжірибелі маманмен әңгімеліскен едік.

– Мереке, өкінішке қарай қазір белгілі бір ақаумен дүниеге келетін сәбилердің саны күрт көбейді. Статистиканың өзі мұны растап тұр. Мұның алдын алу үшін жүкті әйелдер қандай шаралар атқаруы тиіс?

– Жүкті әйел ең бірінші жергілікті емхана есебінде тіркелу қажет. Егер анасында қауіп тобы бар болса, қосымша бақылау есебінде тұрған жөн. Дені сау ұрпақ болуы үшін жүктілік мерзімінде дұрыс күтіну, рационалды құнарлы тамақтану, күйзеліске туспеу қажет.

– Түрлі аурумен немесе күтімді қажет ететін сәбилермен жұмыс істеу қаншалықты жауапкершілікті жүктейді?

– Дүниеге сәби келіп, халықтың саны көбейгені қуаныш. Бірақ өкінішке қарай нәрестелердің кейбірі ақаумен туылады. Мұндай жағдайда тек ата-аналарға ғана қиындық тумайды, біз үшін де үлкен жауапкершілік жүгі артылады. Сондықтан 24/7 режимі бойынша қызмет көрсетіп, артылған сенімді ақтауға тырысамыз.

– Науқастың диагнозын дөп басып анықтау медицина мамандары үшін маңызды рөл атқарады. Десек те кей сәтте қойылған диагноз дұрыс болмай, ауру асқынып жатады. Диагнозға байланысты күтпеген кезеңдер орын алды ма?

– Енді медицина болған соң түрлі жайттар орын алады. Бір нәрестенің өзінде қосымша көптеген диагноз кездесіп жатады. Бөлімшеге түскен әрбір науқасқа толыққанды зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Біздің деңгейден аса күрделі асқынулар шыққан жағдайда республика деңгейіндегі мамандармен кеңес жүргізіп, қосымша еміне нұсқаулар аламыз.

– Жаңа туған нәрестенің дені төспен емуге қабілетсіз болуда. Бұл мәселеден қалай айығуға болады?

– Мұндай мәселе сәбилердің арасында белең алды. Басым көпшілігі мерзімде туған нәрестелерде кездеседі. Себебі шала туған нәресте ағзасы толыққанды дамып үлгермейді. Бұндай нәрестелерде жұтыну рефлекстері өте төмен болғандықтан, асқазан зонды арқылы ана сүтін қажетті мөлшерде беріп, уақыт өте сору ему рефлекстері қалыптаса бастаған жағдайда ана омырауына беру жұмыстары жүргізіледі.

– Бүгінде жаңа туған сәбилер арасында қандай аурулар белең алды?

– Жаңа туылған нәрестелер  көптеген қосымша ақаумен туылып жатыр. Ол туа пайда болған ақаулар, яғни ондай аурулар ұрық болып қалыптасу кезеңінде пайда болады.

– Өткен жылы  “Сары уыз өзегі  толық облитерацияланбауы” диагнозы біздің өңірде алғаш рет тіркеліпті. Науқасты емдеп шығу қиынға соқпады ма?

– Жұмыс барысында бұл диагноз бірінші рет кездесті. Алғаш рет кездесуіне байланысты абдырап қалғанымыз жасырын емес. Сондықтан науқастың әрбір зерттеу жұмыстары тыңғылықты жүргізілді. Мықты мамандар Болат Маханбетияров, Серік Нүсіпқожаев, Мағжан Абытов, анестезиолог Әбілғазы Жұмасейтұлы, неонатолог-реаниматолог Ольга Хегай сынды дәрігерлермен бірге  барлығы сәтті өтті.

– Неонатологтар біздің өңірде жеткілікті деп ойлайсыз ба?

– Қазір еліміз бойынша медицина мамандарының жетіспеуі үлкен мәселенің біріне айналып отыр. Бұл халыққа көрсетілетін қызмет сапасына да әсер ететіні белгілі. Неонатолог маманы мерзімінен ерте, түрлі ақаумен туылған нәрестелермен айналысатын маман болғандықтан сұраныс жоғары. Біздің өңірде бұл маман жеткіліксіз деп ойлаймын, себебі медицинаны 9 жыл оқыған адам сол үлкен қалалардың бірінде қалғанды жөн санайды. Біздің өңірде де маман тарту, оны тұрақтандыру бағытында жұмыстар жасалып жатыр. Дегенмен де медицинаның жыл сайын дамып келе жатқан сала екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан да ондағы кадр даярлауға, аймақтардың дәрігерлермен қамтылуына облыс басшылығы жете мән беруі керек. Әйтпесе, маман тапшылығы үлкен мәселе болып қала береді.

– Маманның жұмыста жетілуі үшін шеберлік дәрістерінің рөлі басым. Осы салада қандай білікті дәрігерлерден кеңес аласыз?

– Әрине, алға жылжу үшін тәжірибемізді толықтырып жатамыз. Көпбейінді балалар ауруханасында білікті мамандар көп. Соның бірін айтайын, неонатальды хирургия және интенсивті терапия бөлімінің меңгерушісі, білікті неонатолог Ольга Хегайдың ақыл-кеңестерін жиі тыңдаймын.

– Жұмысыңыздың шырайлы сәтін қалай бағалайсыз?

– Жұмыс барысында түрлі жағдаймен бетпе-бет келуге тура келеді. Қиын сәттерде күрделі жағдайдан шыға білу – тапқырлықтың белгісі. Әйтпесе сенімсіздіктің кесірінен шалыс басуың бек мүмкін. Сол себепті сабырлы шешім қабылдай білудің маңызы зор. Әрине, еңбек жолында есте қаларлық сәттер көп. Алайда, мен үшін сәбилердің өмірін арашалап қалуға жанталасқан оқиға дер едім. Біздің жұмыс науқастың жанын қинаған азапты жеңуден тұрады. Бойыңдағы қайсар мінез – дәрігердің басты қаруы. Яғни алдында қандай қиын іс күтіп тұрса да, бәріне бірдей төтеп беруге дайын болуымыз керек. Сондай-ақ адам өмірінің арашашысы шешімді тез қабылдап, жауапкершіліктен жалтармауы керек. Өйткені қай жерің ауырса, жаның сол жерде. Ақ халатты абзал жандар да шаршайды. Бірақ артқан үмітті ақтап, науқас сәбилерді аман-есен ата анасына қауыштырған шаршауды басады.

Әңгімелескен

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!